BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Эйнштейннің жолсапар күнделіктерінен оның нәсілшілдігі байқалды – Washington Post

Жақында Альберт Эйнштейннің 1922-1923 жылдар аралығында Азия мен Таяу Шығыстағы тәжірибесінен сыр шертетін жолсапар күнделіктері жарияланды. Онда ғалымның ксенофобиялық және нәсілшіл көзқарастары анық байқалады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Washington Post басылымына сілтеме жасап.

Princeton University Press баспасы жариялаған күнделіктерді Калифорния технологиялық институтының «Эйнштейн құжаттары» жобасы директорының орынбасары Зеев Розенкранц редакциялаған. Бұл жинақтарда Эйнштейннің Испаниядан Таяу Шығысқа, кейін Шри-Ланка арқылы Қытай, Жапонияға барған кездегі жазбалары қамтылған.

Альберт Эйнштейн Америкадағы нәсілшілдікті сынағаны тарихта белгілі болғанымен, оның күнделіктеріндегі жазбалар ғалымның басқа қырын көрсетіп тұрғандай.

1946 жылы Эйнштейн АҚШ-тағы колледждердің біріндегі қара нәсілділердің алдында олардың көрген қысымын айыптаған болатын.

«Америкада халық ақ және қара болып бөлінеді. Бұл сіздердің кінәларыңыз емес. Бұл - ақтардың ауруы. Мен бұл туралы үндемей қалмаймын», деген еді ол Пенсильваниядағы Линкольн Университетінде.

Германияда антисемитизмнің куәсі болған еврей ғалымның Америкадағы қара нәсілділерге жаны ашыды. Ол Нью-Йоркте қара нәсілділер көп шоғырланған көшелерді аралап, балаларға тәттілер таратып жүрген еді. Сол кезде оның Америкадағы азаматтық құқықтар қозғалысына тығыз араласқаны соншалықты, ФБР оны бақылауға алып, ғалымға қатысты 1500 беттен тұратын құжаттарды жинаған. Бірақ Эйнштейннің халық білмеген жаңа қыры енді ашылғандай.

Альберт Эйнштейннің күнделіктерінде Нобель сыйлығының лауреаты жеке қалғанда қытай мен үндістер сияқты басқа нәсіл өкілдерін адамгершіліктен тыс образда бейнелегені байқалады.

«Эйнштейннің өзі көрген адамдар туралы ойы мен жазғандары оның азаматтық құқықты қорғаушы бейнесі мен «гуманизмінің» артында нәсілшіл көзқарастың жатқанын көрсетті», деді Зеев Розенкранц.

«Баспаға жариялаған мәлімделерінде, көпшілік алдында сөз сөйлегенде ол азаматтық құқық туралы, әлеуметтік мәселелер туралы айтады. Бірақ ол өзі сол айтқандарына сенді дей алмаймын. Себебі Эйнштейннің ешқашан жариялағысы келмеген сөздерінде халық алдындағы образына қарама-қарсы бейне байқалады», деді ол. Редактордың айтуынша, Эйнштейннің бұл жазбалары оның қарапайым адам екенін көрсетті. «Мен оның атынан кешірім сұрамаймын. Оны ақтамаймын. Мұндай мәлімдемелер де адамды таңғалдыратынын біліп тұрмын. Бірақ бұл жағдай әр адамда өзінің ешкімге көрсетпейтін бейнесі, белгісіз қыры болатынын көрсетті», деді ол.

Альберт Эйнштейн өзінің күнделіктерінде кейде толық жазба қалдырса, кейде қысқа сөйлемдермен шектеліп отырған. «Күн шығып тұр. Мұхит тыныш. Жел жоқ», деп жазған ол 1922 жылдың 12 қазанында. Сол күні кешке «Күн батқанда ерекше күлгін түсті бұлттар пайда болды, жел қатты соқты», деп жазған. Сондай-ақ ол жазбаларында өзі кездестірген адамдарды «кейде юморлық, кейде тым дөрекі сөздермен» сипаттаған. Эйнштейн жапондар туралы жазғандарында олардың ұлттық абыройы жоқ екенін айтқан. Ал қытайлар туралы жазғандары бұлардан да дөрекі. «Қытайларда логикалық ойлау жүйесі жоқ және математикалық қабілеттері мүлдем дамымаған. Олар еңбекқор, бірақ лас және топас», деген Эйнштейн. Сонымен қатар оның жазғандарынан Эйнштейннің шетелдіктерді қауіп ретінде қабылдағанын байқауға болады.

Альберт Эйнштейн Шри-Ланкада көшедегі кедейлер туралы жазған және оларды қатты сынаған. «Эйнштейн кедейлерді сынап жазған. Олардың сасық екенін айтқан», дейді Зеев Розенкранц.

1932 жылы Альберт Эйнштейн әйелімен Германияны тастап, Америка Құрама Штаттарына барды. Келесі айда Адольф Гитлер Германия үкіметін басып алғандықтан, бұлар елге қайта алмады. Ол АҚШ-та қалып, азаматтық құқықтарды қорғау қозғалыстарына араласты. «Эйнштейннің нәсілшіл көзқарастары өзгерген-өзгермегенін айту қиын. Бірақ бұл жағдай оның адам ретінде күрделі бейнесін көрсетті», дейді Розенкранц. Оның айтуынша, кез келген адамда ешкімге көрсетпейтін, құпияда ұстайтын бет-бейнесі мен ойлары болады және бұл жағдайда да Эйнштейн адамның осындай қырын еске салғандай болды.

Ағылшын тілінен аударған

Алтынай Қуанышбек

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер