BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Бас сақинасы туралы не білеміз?

Фото: Medbooking

Бас сақинасы әлемдегі бес әйелдің біреуінде кездеседі және мүгедектік көрсеткіші бойынша екінші орын алады. Дегенмен, бас сақинасы туралы зерттеулер толық қаржыландырылмай келеді, ал кейбір мамандар оны неврологияның маңызды саласы ретінде қарастырудан бас тартып отыр, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.

Бас сақинасы – жай ғана бас ауруы емес. Бас ауырса, парацетамол немесе басқа да дәрілермен басу мүмкіндігі бар. Ал бас сақинасы агрессиялы түрде кездеседі және адамның мазасын қашырады. Гормон мен мидың аномальді белсенділігінен басқа мұның нақты себептерін немесе тұрақты ем түрін айту қиын.

Тағы бір айта кетерлігі, бұл ауру түрі көбіне әйел адамдарда кездеседі. Бас сақинасы әрбір бес әйелдің біреуінде және он бес еркектің біреуінде бар.

Бас сақинасының себептері әлі белгісіз. 2018 жылы сәуір айында Аризона университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде бас сақинасы эстроген деңгейінің артып, NHE1 натрий көлемінің төмендеуінен болады деген болжам жасалды. NHE1 деңгейінің қалыпта болмауы ауруды өршітеді.

«Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып әйелдердің бас сақинасына жиірек шалдығуының себебі жыныстық гормондардың NHE1 экспрессиясына әсерінен болуы мүмкін деп ойлаймыз», - дейді ғалым Эмили Галлоуэй.

Дегенмен, мәселе зерттеу жүргізу мен қаржыландыруға келіп тірелгенде, бас сақинасының басқа ауру түрлеріне қарағанда дұрыс зерттелмегенін байқау қиын емес. Еуропадағы барлық неврологиялық ауруды қаржыландыру көрсеткішінің қатарында бас сақинасы ең төменгі орында тұр. Халқының 15%−ына жуығында бас сақинасы кездесетін АҚШ−та бұл ауруға 2017 жылы 30 миллион доллар бөлінген. Салыстыру үшін айта кетсек, АҚШ астмаға 286 миллион доллар, диабетке 1,1 млрд доллар қаржы жұмсаған. Әрине, астма мен диабет адам өмірі үшін қауіпті ауру екенін де ескеру керек. Дегенмен, біріншісіне бас сақинасынан он үш есе, екіншісіне елу есе көп қаржы бөліп отырғанына мән бермеуге болмас.

Көп жағдайда зерттеудің пайда болуына денсаулық сақтау саласындағы басқа да зерттеу жұмыстарының тенденциясы әсер етеді. Тіпті, бас сақинасына әйелдердің көп шалдығатыны белгілі болса да, бүгінге дейін көп зерттеулер ерлерге немесе жануарлардың еркегіне жасалған.

Әйелдердің арасында бас сақинасының жиі кездесетінін дәрігерлер де біле тұра, бұған назар аудара бермейді. Сондай−ақ бұл бас сақинасы мен психикалық аурулардың гендерлік ассоциациялары мен тарихи қалыптасқан жағдайға байланысты болуы да мүмкін.

Тарихқа көз жүгіртсек

Бас сақинасы – адамзат тарихындағы ең ерте анықталған аурулардың бірі. Б.з.д 1200 жылдардан бастап ежелгі Мысыр жазбаларында бас сақинасына ұқсас ауру туралы жазбалар кездеседі. Ал Гиппократ бас ауруы кезінде көздің көруі нашарлап, жүрек айнитыны туралы жазған. Дегенмен, бас сақинасын ең алғаш болып ежелгі грек дәрігері Аретей Каппадокии ашқан деп айтылып жүр. Ол екінші ғасырда бас сақинасы туралы нақты сипаттама қалдырған. Мигрень термині латын тіліндегі «гемикрания» сөзінен аударғанда бас сүйектің жартысы деген мағына береді.

Ежелде бас сақинасының себептері мен оны емдеу жолдары наным−сенімдермен байланыстырылып келді. Тіпті, кейбір медицина мамандары бас сақинасын емдеу үшін бас сүйекті тесу туралы да ұсыныстар айтқан. Сол арқылы адам жауыз рухтан тазарады деген сенім болған.

Бас сақинасымен әйелдердің көп ауыратыны ең алғаш 19 ғасырда анықталған. Дәрігерлер бұл ауруды «төменгі тап өкілдеріне» тән әрі балалы аналарда жиі кездеседі деп есептеген. Оның себебін күнделікті ауыр тіршілік, аз ұйқы, бала емізу мен дұрыс тамақтанбаумен байланыстырған. Сонымен қатар бас сақинасының белгісі бар әйелдер неврозы басталған, ашушаң адамдар ретінде қабылданған.

«Кейін көп уақыт бойы бас сақинасы ақылды ерлер мен жоғары таптағы әйелдерге тән ауру саналды. Мұндай тәрбие алған адамдардың жүйке жүйесі нәзік болады деп есептелген. Әйелдердің интеллектуалды жұмысқа бейімі төмен болғандықтан, бас сақинасына жиі шалдығады деген де болжамдар болды», - дейді Рутгерс университетінің әлеуметтанушысы Джоанна Кемпнер.

Бас ауруы медицинасының атасы саналатын америкалық невролог Гарольд Г. Вольф бас сақинасының әйелдер мен ер адамдардағы көрсеткіштерінің айырмашылығы не себепті айтарлықтай көп екенін анықтауға тырысқан. Оның айтуынша, ерлердің амбициясы басым және олар табысты келеді, ал әйелдер өздерінің табиғатын қабылдай алмағандықтан бас сақинасымен жиі ауырады.

Кемпнердің айтуынша, 20-ғасырдың соңында бас сақинасы ашушаң үй шаруасындағы әйел сөзінің синониміне айналған.

Бас ауруы мен психиканың байланысы бар ма?

Бас ауруының өршуі мен психикалық денсаулықтың арасында байланыс бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Көптеген зерттеулерде де бас сақинасы психикалық өзгерістерге байланысты екені айтылған. 2016 жылы жүргізілген зерттеуге сенсек, бас сақинасы бар адамдарда мазасыздық 2,5 есе жиі болады. Сонымен қатар депрессиясы бар адамдарда бас сақинасы үш есе жиі кездеседі. Тағы бір зерттеуде бас сақинасы бар әрбір алты адамның біреуі өз−өзіне қол жұмсауды қалыпты жағдай деп қабылдайтыны айтылған.

«Дегенмен, бас сақинасының себебі психикалық ауытқуларға байланысты деп айтудың қаншалықты дұрыс екенін білмейміз. Себебі бас сақинасы басқа да аурулармен қатар келуі немесе керісінше, басқа ауруларды тудыруы мүмкін», - дейді Бас сақинасын зерттеу орталығының директоры, профессор Мессуд Ашина.

Оның айтуынша, бас сақинасы нашар психикалық денсаулыққа әкелуі мүмкін.

«Бас сақинасы қашан ұстап қалатынын білмейтін адамның үнемі үрейленіп жүруі қалыпты жағдай. Әсіресе, бұл жұмыста және отбасылық өмірде қиындық тудыратын болса, жағдай тіпті түсінікті», - дейді Торонто университетінің Өмірлік курс және қарттық институтының директоры Эсме Фуллер Томсон.

Ол бас сақинасы мен өз-өзіне қол жұмсаудың байланысын зерттеген ғалым. Оның айтуынша, депрессия бас сақинасы адамдардың өзін әлсіз әрі қорғаусыз сезінуінен де пайда болуы мүмкін.

Бас сақинасының өте жиі кездесетініне қарамастан, оның аз зарттелгені таңғалдырады. «Қоғамда да, неврологияда да көпшілігі бас сақинасын зияны жоқ ауру деп есептейді. Әрине, бұл қатерлі ісік емес, Паркинсон ауруы емес. Бірақ оның қоғамға және адамға әсерін байқасаңыз, бас сақинасының өте үлкен проблема екенін білер едіңіз», - дейді Ашина.

Аризонадағы неврология емханасындағы профессордың көмекшісі Амаал Старлингтің айтуынша, кейбір мамандар бас сақинасын неврологияға жатқызады. Дегенмен, олар бұл аурудың тәжірибесін заңдастырып, қаржыландыруды арттырудың қажеттілік екенін дәлелдей алмай келеді.

Бас сақинасының емі бар ма?

Сарапшылар бас сақинасымен ауыратын емделушілердің артып жатқаны мамандардың осы саланы жетік білу қажеттілігін тудыратынын айтып отыр.

Мамандардың айтуынша, бас сақинасына қарсы Erenumab атты инъекция бар. Ол айына бір рет салынады және мидағы рецепторларды блоктайды.

«Бұл басқа ауруға емес, дәл бас сақинасының еміне арналған. Бүгінде оның бас сақинасы бар емделушілерге оң әсер етіп жатқанын байқап отырмыз», - дейді Старлинг.

Бұдан басқа бұл ауруды емдеудің түрлі заманауи жолдары бар. Мысалы, электрлі, магнитті процедуралар, миға магнит импульсін жіберу, т.б. Дегенмен, емшараға қарамастан кейде бас сақинасы ұстап қалса, оның белгілерін жүрек талмасынан ажырату қиын. Яғни, бас сақинасын емдеуді басқа органдарға зиян тигізбейтіндей етіп жүргізудің қажеттілігі бары байқалады.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер