BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Атамбаев ашық кетті. Не ойлағаны бар?

Фото: КирТАГ

Кешеден бері әлеуметтік желіде қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың сөзі талқыланып жатыр. Көрші елдің биліктен кеткелі отырған басшысы Қазақстанға ауыр айыптар таққан болатын.

Қырғызстанда өткелі жатқан президент сайлауына қазақтар айтарлықтай қызығушылық танытпай келген. Алмазбек Атамбаевтың соңғы мәлімдемесін түсіну ондағы ахуалдан аз да болса хабардар болуды қажет етеді. Осы мақсатпен қырғыз сайттарына шолу жасаған кезде назар аударған мына бір детальды айта кетсек. 24.kg атты сайттың жаңалықтар лентасына Атамбаевтың Қазақстанға қатысты сөздері бөлек-бөлек бірнеше ақпаратпен берілген. Ал соңғы хабар президенттің Ресей басшысын құттықтауы туралы. «Звонок другу. Алмазбек Атамбаев поздравил Владимир Путина с днем рождения» деп аталады. Қырғыз билігінің мақсатына сәйкес қырғыздар өзіне кімді дос, кімді дұшпан көруі тиіс екені осыдан анық байқалатындай.

Қазіргі болжам бойынша, Қырғызстанның келесі президенті болуы мүмкін негізгі екі кандидат бар. Олар - 59 жастағы Сооронбай Жээнбеков және 47 жастағы Омурбек Бабанов. Екеуі де әр жылдары премьер-министр қызметінде болған. Сооранбай Жээнбековті қазіргі президент Алмазбек Атамбаев қолдап отыр. Ал Омурбек Бабанов - оппозициялық кандидат.

Лас әдістер

Орталық Азия аймағына маманданған Ц-1 порталының 10 күн бұрынғы материалындағы мәліметке сенсек, сайлау науқаны басталған кезде Жээнбековтің рейтингі 5 пайыз болған, біртіндеп ол 30%-ға көтерілген. Ал Бабановты сайлаушылардың 60%-ы қолдағалы отырған көрінеді.

Қырғыз баспасөзінде Омурбек Бабановқа жасалып жатқан қысым туралы материалдар көп кездеседі. Ош қаласында Бабановты жақтаушы бірнеше адам таяқ жеген. Оның ішінде сайлауалды штабының басшысы бар. Тағы бір қызметкердің баласын ұрлап кетіп, Бабановты жақтамайтын болып уәде берген соң ғана босатқан. Билікті тартып алуды жоспарлады деп ұсталған депутат Канатбек Исаев сайлауда Бабановты қолдаған. Кабай Карабеков есімді журналист Жээнбеков туралы мақаласы үшін сотқа тартылды.

Ц-1 порталында қырғыз ақпарат құралдарының Омурбек Бабановты қаралап жатқаны айтылады. «Бабанов Қырғызстанды қазақ олигархтарына сатып жібермек», «Бабанов бәрін сатып ала алмайды», «Омурбек Бабанов – нағыз алаяқ» сияқты тақырыптардан көз сүрінеді делінген онда. Оппозициялық бағыттағы «Сентябрь», «7 канал», «ОшТВ» сияқты телеарналар жабылған немесе Атамбаевтың айналасындағы адамдардың меншігіне өткен.

Жээнбековті жақтаушылар ұлтаралық араздықты қоздырып, Бабановты қырғыз халқының мүддесіне қарсы саясаткер ретінде көрсету әдісін қолданып жатқаны туралы деректер де жеткілікті. Соның ішінде өзбек мәселесін ойынға қосу пиғылы анық байқалады. Бабанов этникалық өзбектер көп қоныстанған оңтүстік аймақтағы ірі қала Оштағы кездесуде:

«Мен президент болған кезде біздің елде адамның ұлтына емес, кәсіби шеберлігіне қарайтын болады. Қырғыз, өзбек, қазақ, тәжік – бәрі бірдей болады. Бәрі біліміне сәйкес жақсы жұмысқа тұрады. Еліміздің байлығы – оның көпұлттылығы. Біз елді бірлесе дамытамыз!» деген.

Осы сөз монтаждалып, интернетте «Өзбекке тиіскен милиционер жұмыстан қуылатын болады» деген мағынада тарап кеткен.

Омурбек Бабанов Ош қаласындағы сайлаушылармен кездесуде

Бақылаушылар мұндай әдістердің қауіпті екенін айтып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушысының Атамбаевтан бұл «вакханалияны» тоқтатуды талап етіп жазған үндеуі кеңінен қолдау тапқан. «Ата-Мекен» партиясының мүшесі, депутат Каныбек Иманалиев парламентте сөйлеген сөзінде билік түрмеден бандиттерді шығарып, олардың орнына оппозициялық саясаткерлерді тоғытты, бұл әрекеттердің салдарынан Қырғызстан Ауғанстанның кебін киюі мүмкін деген.

Сооронбай Жээнбековті қауіпті адам етіп көрсететін материалдар да баршылық. Оларда билік кандидаты террорлық ұйымдармен байланысты саясаткер ретінде көрсетіледі. Журналист Карабеков «Визит в Сочи. Кремлю вновь объясняет, чем хорош преемник?» атты мақаласында сондай жорамалдар айтқаны үшін істі болып отыр. Елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Аликбек Жекшенкулов ресейлік сайттардың біріне берген сұхбатында ағайынды Жээнбековтер Қырғызстанға араб елдерінің мүддесін өткізіп жатыр деп мәлімдеген.

Сооранбай Жээнбеков. Фото Knews.kz

Сайлау алдында Алмазбек Атамбаев жеңген кандидатқа билікті бейбіт түрде тапсыруға уәде берген. Сарапшылардың айтуынша, бұған Атамбаевтың айналасындағылар қарсы болып отыр.

«Биліктен айырылып, сотқа тартылам ба деген қорқыныштан кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер құқыққа қарсы әрекеттерге барып отыр. Соның ішінде қылмыстық топтармен де байланыс жасап жатыр» деп жазады Ц-1 басылымы.

Атамбаев не айтқысы келді?

Соңғы оқиғаларға қарағанда, саяси технологиялар мен әкімшілік ресурс билік кандидаты Сооронбай Жээнбековтің танымалдығын айтарлықтай арттыра алмаған. Қазіргі мәліметтер бойынша, Омурбек Бабановты сайлаушылардың 65%-ы қолдауға әзір. Кандидаттардың қазіргі рейтингі туралы есеп Атамбаевтың айналасындағы адамдардың зәресін алған.

7 қыркүйек күні таңертең қырғыз вице-премьері Темір Жумакадыров автокөлік апатынан қаза болды. Сайлау өткізу жөніндегі республикалық штаб басшысы болып тағайындалған Жумакадыров елдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі, Қазақстанмен шекараға жақын орналасқан Талас қаласына сайлауға дайындықты тексеру үшін бара жатқан. «Камаз» жүк машинасына соғылған Тойота Лэнд Крузердегі үш адам оқиға орнында қаза болды. Ресми мәліметте айтылғандай, «Камаз» жүргізушісі рөлге ие бола алмай қарсы бетке шығып кеткен. Арада бірнеше сағат өте салып, мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру кезінде президент Атамбаев жұртты дүрліктірген мәлімдемесін жасады. Ол Жумакадыровтың өлімін, «қырғыздарға өз саясаткерін таңып отырған» Қазақстан мен президенттікке кандидат Бабановқа шабуылын бір арнаға тоғыстырды.

Атамбаев әуелі «Неге екені белгісіз, Камаз қарсы бетке шығып кеткен...» деді. Яғни, бұл апат кездейсоқ емес деп ойлайтынын білдіреді. Сосын «Мен бәрібір сайлауды әділ өткізем!» деді. Одан кейін Қазақстан қырғыздардың ішкі саясатына араласып жатыр деп айыптайды. Сол арада Омурбек Бабановты қазақтар тықпалап отырған кандидат ретінде атайды. Тыңдап отырған адам бұдан қандай ой түю керектігін ұғу қиын емес. «Қырғыздарға өктемдік жасап келе жатқан», «ал бүгін шектен шығып кеткен» Қазақстанды жағымсыз етіп көрсету. Ал Бабанов Қазақстан өкіметінің қуыршағы деген пікір қалыптастыру.

Айта кететін нәрсе, сөзінің соңына қарай Атамбаев өзінің артық кетіп қалғанын мойындайды.

Сайлаудан кейін тұрақтылық сақтала ма?

Мұның барлығы бір жағынан Қырғызстанның ішкі мәселесі. Атамбаев ол сөздерді сайлау алдында қырғыздардың таңдауына ықпал ету үшін айтып отыр. Сайлауды қайтсем де әділ өткізем деп ант бере тұра бір кандидатты жақтап, екіншісін қаралауын да түсінуге болады. Алайда, сарапшылар Қырғызстанда ұлтаралық мәселе күрделі екенін, 2010 жылы қырғыздар мен өзбектер арасындағы қақтығыстан 500-ге жуық адам өлгенін естен шығарған емес. Соған қарамастан, Атамбаевтың ұлттар арасындағы кикілжіңді саяси мақсатқа қолдануы билікте өз кандидатын қалдыру ниетін ақтай ма?

Орталық Азия бойынша маман Александр Князев Ц-1 порталына берген сұхбатында Атамбаев басқаратын Қырғызстан Социал-демократиялық партиясы елдегі тұрақтылықты бұзуға мүдделі деген жорамал айтады.

«Қырғызстандағы ахуал күн сайын ушығып келеді. Түрлі арандатушылық, оның ішінде өтірік теракт сияқты нәрселер қолданылып жатыр. Тұрақтылықты бұзуға республикада Cоциал-демократиялық партия кандидатынан өзге ешкім мүдделі емес. Өйткені, олардың әділ сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі төмен. Ендеше тұрақтылықты бұзуға тырысу әрекетін солардан күтуге болады. Мұндай жағдайда сайлау нәтижесін қабылдамай тастап, сосын «террорға қарсы іс-қимылдарға» байланысты, оппозициялық кандидатты қолдаған сайлаушылардың наразылық акцияларына тыйым салуға мүмкіндік туады. Көнеден келе жатқан qui prodest, яғни «Қара, кімге тиімді» принципі бұл жерде жүз пайыз жұмыс істейді» дейді ол.

Бір қызығы, Князев бұл пікірді Жумакадыровтың өлімі мен Атамбаевтың Қазақстанға тиісуінен аз ғана бұрын айтқан екен. Арада екі-үш күн өткенде ахуал бұрынғыдан бетер шиеленісті. Омурбек Бабанов расында Жээнбековтен басым түссе не болады? Қазіргі президент нәтижені мойындай ма, әлде сайлаушылардың еркіне қарсы шыға ма? Атамбаевтың биліктен өз еркімен кету ниеті қақтығысқа ұласпай ма? Бұл сұрақтардың жауабын 15 қазаннан кейін білетін боламыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер