BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Әлемдік басылымдарға шолу. «Восток-2018» арқылы Ресей Батысқа қыр көрсетіп жатыр ма?

11 қыркүйек күні Ресей «Восток-2018» әскери жаттығуларын бастады. 39 жылдан бергі ең ірі әскери шара 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Baq.kz ақпарат агенттігі адамзат тарихындағы ірі әскери науқан ретінде бағаланып отырған шара туралы әлемдік басылымдарда жарияланған материалдарға шолу ұсынады.

The Guardian

Ресей 300 мың әскердің қатысуымен ең ірі әскери жаттығуларын бастады

НАТО Ресейдің Қытаймен бірігіп өткізіп жатқан «Восток-2018» жаттығуларын ірі масштабтағы шиеленіске дайындық ретінде бағалап отыр.

Сейсенбі күні әскери жаттығулардың басталғаны туралы Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Оған Ресейдің 300 мың әскері, 36 мың әскери кемесі, 80 кеме, 1000 ұшақ пен тікұшақ, 3500 Қытай әскері қатысып жатыр.

Ресейдің қорғаныс министрлігі әскери жаттығулардың алғашқы сатысында әскери кеме, ұшақтар мен тікұшақтар түсірілген видеожазба жариялады. Ал сейсенбі күні Владивостокта Қытай президенті Си Цзипиньмен кездескен Владимир Путин оған «Екі ел арасында саясатта да, қауіпсіздік пен қорғаныс саласында да сенімді байланыс орнатылған», деді. Ал Си өз кезегінде екі мемлекеттің достығы бұрынғыдан бетер күшейіп жатқанын атап өтті.

Әскери жаттығулар Ресейдің Батыспен қарым-қатынасы ушығып, Батыс Ресей Федерациясын Украина мен Сириядағы жағдайға араласты деп айыптаған шиеленістер тұсында өткізіліп жатыр. Сол себепті бұл жаттығуларды Батыс елдеріне қыр көрсету ретінде бағалап жатқандар да баршылық. Ал Ресей әскері бұл демонстрацияны 1981 жылы КСРО өткізген әскери ойындармен салыстырып отыр. Варшава саябағында өткен «Запад-81» деген атпен танымал ол ойындарға 100 мыңнан 150 мыңға дейін әскер қатысқан болатын және ол Кеңес дәуіріндегі ең ірі әскери жаттығулар болған еді. Бірақ Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу бұл жаттығулардың ол шарадан да ірі екенін атап өтті.

«Бір мезетте 36 мың танк, бронетранспорт және басқа да әскери көліктің барынша әскери әрі соғыс жағдайына жақын ортада бірге қозғалып келе жатқанын елестетіп көріңіздерші», деді С.Шойгу. Оның айтуынша, әскери жаттығулар тоғыз оқу полигоны мен Беринг теңізі, Жапон теңізі мен Охота теңізінің маңында өткізіледі.

«Восток-2018» әскери жаттығуларын НАТО Ресейдің ірі шиеленіске дайындығы ретінде бағалап отыр. «Бұл біз байқап отырған жағдай. Біршама уақыт аралығында Ресей табандылық танытып, қорғаныс бюджетін, сонымен қатар өзінің әскери жабдықтарын да арттырып жатыр», деді өткен айда альянс өкілі Дилан Уайт. Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ондай алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін айтты. «Бұл өте маңызды жаттығулар. Сондай-ақ «Восток-2018» қорғаныс күштерінің жыл сайынғы жұмысының бір бөлігі ғана», деді ол.

Айта кету керек, соңғы жылдары Мәскеу Кавказ, Прибалтика мен Арктикада ірі әскери жаттығулар санын арттырды. Бұған дейін Ресей «Восток-2014» әскери жаттығуларын өткізген болатын және оған 155 мың әскер қатысқан еді. Сонымен қатар Мәскеу Шығыс Еуропадағы былтырғы «Запад-2017» жаттығуларына 12 700 әскердің қатысқанын мәлімдеген болатын. Бірақ Украина мен тағы бірнеше мемлекет әскердің нақты саны одан да көп болғанын айтты.

Al Jazeera

Ірі әскери жаттығулар қарсаңында Си мен Путин кездесті

Ресей өз әскерінен бөлек Шығыс Сібірдегі қытай әскерінің қатысуымен соңғы қырық жылдағы ең ірі әскери жаттығуларын бастады. Сонымен қатар Батыс пен Ресей арасындағы шиеленіс Кеңес Одағынан бері ең жоғары деңгейге жеткендіктен, НАТО бұл әскери ойындарды өзінің бақылауында ұстайтынын ескертті.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бұл әскери ойындардың мақсаты – қорғаныс күштерінің алыс жолға дайындығын, жаяу әскер мен теңіз күштерінің арасындағы байланысты тексеру, бақылау және басқару шараларын жетілдіру. «Восток-2018» әскери жаттығулары бірнеше сатыда өткізілетін болады. Сондай-ақ Ресей әскери жаттығуларға қатысып жатқан 24 тікұшақ пен алты ұшақтың Қытайға тиесілі екенін хабарлады. Ал Бейжің Мәскеудің шығысына қарай 5 мың километр жерге өзінің 3200 әскерін жібергенін айтты.

НАТО мен Азия-Тынық мұхиты өңірінде ірі әскері бар Америка Құрама Штаттары әскери жаттығулардың барысын мұқият қадағалайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Жапония, Солтүстік және Оңтүстік Корея да «Восток-2018» шарасын назарда ұстайтын болады деген болжам бар.

«Восток-2018» әскери жаттығулары басталатын кезде Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпин Владивостоктағы Шығыс экономикалық форум аясында кездесу өткізді. Владивостоктағы үш күндік кездесуге Ресей, Қытай, Жапония мен Оңтүстік Корея басшылары, сондай-ақ 60 мемлекеттен келген 5 мың делегат қатысып жатыр.

Екі мемлекет басшыларынің үшінші кездесуі АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы мен Ресейге қарсы АҚШ санкцияларының өршіп тұрған тұсында өткізілді. «Россия в глобальных делах» газетінің редакторы Федор Лукьяновтыың айтуынша, Мәскеу мен Бейжіңнің жақындай түсуін АҚШ әрекеттеріне берілген тікелей жауап ретінде бағалауға болады. «Бұл әскери жаттығулар Ресей мен Қытай қарым-қатынасының дами беретінін көрсетті. Сонымен қатар екі мемлекеттің де Америка Құрама Штаттарына қарсы екенін де ескеру керек. Бұл ретте Ресей-Қытай қарым-қатынасының дами түсуіне Дональд Трамптың тікелей әсері бар деп айта аламыз», деді Лукьянов. Сондай-ақ Ресей әскерінің бұрынғы полковнигі және Мәскеудегі Карнеги орталығының директоры Дмитрий Тренин де бұл оймен келісетінін айтты.

«Ресей « Восток-2018» арқылы АҚШ-қа мемлекетті өзінің жауы көретінін, Қытайды әлеуетті одақтасы санайтынын айтып хабарлама жіберіп жатыр деуге де болады», - деп жазды Тренин.

Сәрсенбі күні әсери жаттығулар барысында зенитті технологиялар қатыстырылды. Ал ең негізгі шара бейсенбі күні өткізіледі деп жоспарланып отыр.

VOA

Сарапшылар: «Восток-2018» әскери жаттығуларынан күдіктену керек пе?

Ресей мен Қытайдың әскерлері бірігіп тарихтағы ең ірі әсери жаттығуларды бастау үшін Шығыс Сібірге аттанған күні екі мемлекет басшылары Владивостокта кездесу өткізді. Бір аптаға созылатын және қытай мен моңғол әскерлері қатысып жатқан әскери шара Мәскеу мен Батыс арасындағы жағдайдың ушығып тұрған тұсында өткізіліп жатыр.

Қытайдан әскери жаттығуларға тек 3200 әскер мен 900 қару әкелінген. Яғни, аз ғана көрсеткіш болғанымен, бұл Еуропа мен Америка Құрама Штаттарын алаңдатуға себеп болып отыр.

«Ресей Вашингтонға ескерту жіберіп жатыр. Егер АҚШ өзінің бүгінгі бетінен қайтпаса, Ресейге қысым көрсетіп, санкцияларын азайтпайтын болса, Ресей Американың XXI ғасырдағы жалғыз стратегиялық бәсекелесі − Қытаймен қарым-қатынасын бұрынғыдан бетер күшейтетін болады», деді The Associated Press басылымына берген сұхбатында Мәскеудегі Карнеги институтының «Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі Ресей» бағдарламасының жетекшісі Александр Габуев. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ресей мен Қытай бір-бірін әскери қауіп төндіретін мемлекет ретінде қарастырмайды.

Дегенмен, кейбір сарапшылар «Восток-2018» әскер жаттығуларына қатысып жатқан әскер туралы ақпараттардың ашықтығына және Қытайдың жаттығуларынға қатысуының саяси мәніне келіспейтінін айтты.

«Әскери жаттығулаға қатысып жатқан әскер мен техника саны таза өтірік. Бұл статистикалық өтірік. Ресей әскерінің бас штабы жаттығуларға әр бөлімнен саралап, бір-бір жасақ жіберген болуы мүмкін. Яғни, егер бригададан бір батальон кетсе, жаттығуға бір бригада толығымен кетті деп ақпарат ұсынылған болуы мүмкін. Бұл сандар толығымен ойдан құрастырылмаған, дегенмен, негізінде қазіргі айтылған көрсеткіштен әскер мен техника саны анағұрлым азырақ», дейді Вашингтон институтының Ресей мен Еуразиядағы қауіпсіздік және қорғаныс бойынша сарапшысы Майкл Кофман. «Негізінен, нақты сан фактіден кейін аталады. Мысалы, « Восток-2014 » кезінде олар 100 мың қатысушы болғанын айтып, бұл санның әсері аз болар деген оймен кейін ресми мәлімет бойынша қатысушалырдың нақты саны 155 мың болғанын мәлімдеген еді», дейді ол.

Әскер санын есептеудің әдістерінің әртүрлілігі де нақты санды алуға қиындық тудырады.

«Жаттығулардың қаншалықты ірі екенін алдын ала айту қиын», дейді Арлингтондағы CNA сарапшылар орталығының маманы Джеффри Эдмондс. Ресейдегі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы директоры, ЦРУ-дың әскери сарапшысы Эдмондстің айтуынша, кейбір бөлімдер бір ғана команда жібергенімен, кейбірі әскери-азаматтық резервті қолданған болуы мүмкін.

«Жаттығуларға Батыста қызмет етіп жүрген басқа әскери бөлімдер де жіберілген болуы мүмкін. Сол себепті әркім әртүрлі сан айтатын болады», дейді ол.

Нақты саны анық болмаса да, әскери жаттығулардың мақсаты айқын. Тіпті, НАТО-ның өзі «Восток-2018» жаттығуын «ірі масштабтағы шиеленіске дайындық» ретінде сынға алды. Сондай-ақ көптеген сарапшылар да бұл шараны жаһандық майданға алғашқы дайындық ретінде бағалап отыр. «Бұл әскери жаттығулардың мақсаты – расымен Ресейдің ірі масштабтағы шиеленіске қауқарын тексеру. Оның ішінде ядролық құрамы да бар. Сонымен қатар әскери жаттығу Ресейдің барлық әскер саяси жүйесіне де стресс-тексеріс болады. Себебі соғыс жағдайында азаматтық-әскери биліктің де қалай әрекет ететіні осы жаттығулар барысында айқындалатын болады», дейді Кофман.

Айта кету керек, жақында Украина, АҚШ пен НАТО-ның 2200 әскері Украинаның батысында жаттығу өткізген болатын.

«Алыс Шығыс Ресейдің басқа да әскери өңірлеріне қарағанда ерекше. Себебі ол ресейлік инфрақұрылымнан және елді мекендерден өте алыс орналасқан. Бұл жаттығу барысында аталған өңірдің күрес жағдайына дайындығы мен лайықтығы тексерілетін болады. Сондай-ақ ірі қақтығыстар бола қалған жағдайда орталық әскери округ осы өңірді күшейту арқылы әрекет ете алу-алмау мүмкіндігіне де көз жеткізетін болады. Ресейдегі қауіпсіздік туралы әңгімелердің көп бөлігі Еуропаға бағытталғанымен, АҚШ жобалық күштерінің көбі Азия-Тынық мұхиты өңірінде орналасқан», дейді Кофман.

Тағы бір айта кетерлігі, Ресей мен Қытай соңғы жылдары әскери байланыстарын арттырып, жыл сайын шағын әскери жаттығулар өткізіп келеді. Кейбір сарапшылар Қытайдың аз ғана әскері жаттығуларға екі мемлекеттің әскери байланысын көрсету үшін ғана формалды түрде қатысып жатыр деген пікір білдірді,

«Қытай кез келген әскери одақ пен міндеттерден оңай бас тартады. Соған қарамастан Бейжің кейбір әскери байланыстарға қарсы болмай, Ресеймен белгілі бір деңгейде әскери байланысты нығайтуға бекініп отыр», дейді ресейлік әскери сарапшы Александр Гольц.

Эдмондстің айтуынша, «Восток-2018» Ресейдің өз қарулы күштерін модернизациялауға қатысты әрекеттерінің бірі болуы мүмкін.

«Әскери жаттығулардың қаншалықты ірі болатынын жариялау – Батысқа қарсы әдейі айтылған болуы мүмкін. Ал шын мәнінде бұл стандартты әскери қызметтердің бірі шығар», дейді ол.

Кофман да Қытайдың әскери жаттығуларға қатысуы өңірлік қажеттілікке емес, аздаған көлемде геосаяси жағдайдың ушығуына ғана байланысты болуы мүмкін дейді.

«Ресейдің АҚШ-қа қарсы Қытаймен күш біріктіргісі келетінін ескерсек, Қытайды әскери жаттығуларға қатысуға шақыру – ең ұтымды шешім болар еді. Егер олай болмаса, Қытай да бұл әскери жаттығуларға күдікпен қарап, өздеріне де қатысы бар мәселе ретінде қарастыратын еді. Ал бұл жағдайда екі тарап та Америка Құрама Штаттарына белгі беріп, өздерінің әскери байланыстарының артып жатқанын ғана емес, дәл АҚШ-тың екі мемлекетке деген көзқарасы оларды одан сайын біріктіріп жатқанын ескертіп жатыр. Яғни, бірігіп өткізіліп жатқан әскери жаттығулар әскери альянс ұрудың белгісі болмаса да, бұл қосымша әрекет», дейді Кофман VOA басылымына берген сұхбатында.

Жаңалықтардан көріп отырғанымыздай, «Восток-2018» әскери жаттығуларына Су-34 және Су-35 истребительдері, Т-80 және Т-90 танктері, «Искандер» ядролық ракетасы қатыстырылып жатыр. Сонымен қатар әскреи жаттығуларға Сирияда қолданылған фрегаттар да қатысады деп жоспарланған.

Өткен аптада Ресей Жерорта теңізінде де әскери жаттығулар өткізген болатын. Оған 25 әскери кеме мен 30 ұшақ қатысты.

Ресейдің «Восток-2018» әскери жаттығулары туралы мәлімдемесінен кейін НАТО Мәскеуге ресми өкілдерін жіберіп, бақылау жүргізуге қатысты шақыртуына да ұзақ уақыттан кейін жауап берген болатын.

New York Times

Ресейдегі ірі әскери жаттығулар: 300 мың әскер, 900 танк

Кремль жаһандағы халықаралық климаттың шиеленісіп жатқанына байланысты Ресейдің ірі әскери жаттығулар өткізіп жатқанын хабарлады. Тіпті, Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында аты аталмаған қорғаныс министрлігінің шенеуніктері бұл шараны тарихтағы ең ірі әскери шаралардың бірі ретінде атапты.

Ресейдің әскери жаттығулары Қытай мен Моңғолия шекарасында өтіп жатыр. Бұл әскери жаттығуларға сол себепті де болар, осы екі мемлекет те әскер жіберген. Бұрындары Ресейдің кез келген шараларына Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер ғана қатысатын еді. Ал енді әскери жаттығуларға Қытайдың әскер мен техника жіберуі Кеңес заманынан бергі қалыптасқан жағдайды өзгерткендей болды. Себебі ондаған жылдар бойы Қызыл әскер тек Қытайға қарсы жаттығу өткізіп, тіпті, шекарада да түрлі шиеленісті жағдайларға тап болып жататын еді. 1989 жылы кеңес көшбасшысы Михаил Сергеевич Горбачев Бейжіңге барғанға дейін екі мемлекет бір-біріне қатты қарсылас болды.

Ал енді Владимир Путин батыспен жағдай ушыққан соң Қытаймен байланысты күшейте бастады. Тіпті, әскери жаттығулар басталған күні өткізілген баспасөз брифингінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Бүгінгі жаһандық жағдайда, әсіресе, бізге қатысты агрессиялы әрі қырын қабақты жағдай кезінде мемлекеттің қорғана білуі ешқандай ақталуды қажет етпейді», деді. Ал қорғаныс министрі Сергей Шойгу ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының жазғандарын қайталап, бұл әскери жаттығулар 1981 жылдан бергі ең ірі шара болатынын айтты.

«Запад» әскери жаттығулары соңғы рет 2017 жылы қыркүйекте Беларусь елімен бірігіп өткізілді. Дегенмен, Ресей Батыста НАТО-мен түіскенімен, Шығыста жауы немесе анық қарсыласы жоқ. Керісінше, бұл жер мемлекеттің Қытаймен тығыз байланысын көрсететін орынға айналды. Карнеги орталығының сарапшысы Александр Габуевтің айтуынша, бұрындары Қытай осындай жаттығулар кезінде қауіп ретінде бағаланғанымен, қазір жаттығуларға қатысуға шақырту алған. «Бұл бұрындары болмаған жағдай. Бірақ Қытай әскері тек шекарадағы Цуголе оқу полигонында ғана әрекет етумен шектелген болуы мүмкін. Ал басқа жерде Ресей Қытаймен қақтығыстарға дайындалуға мүмкіндік алады. Себебі ресей әскері төтенше жағдайларға жоспар дайындамайтындай аңғал болмаулары керек. Ресейдің Қытаймен жағдайы кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкін», дейді ол.

News.com.au

Ресейде соңғы 40 жылдағы ең ірі әскери жаттығулар өткізіліп жатыр

Ресей Қытайдың қатысуымен соңғы 40 жылдағы ең ірі әскери жаттығуларын өткізіп жатыр. Бұл Батыстың Ресейді өңірлеріндегі жағдайға араласып, Украина мен Сириядағы шиеленіске қатысты айыптауларына байланысты болуы мүмкін.

Генерал-лейтенант Иван Бувальцев бұл әскери шараны «әскери әрекеттердің митингі» деп бағалап, оның ең ірі шаралардың бірі болатынын айтты.

Америка Құрама Штаттары бастаған батыс мемлекеттері Ресейдің бұл жаттығуларын мінеп жатқанымен, Ресей өз тарапынан күмәнді ойларды арылту үшін ешқандай әрекет те, мәлімдеме де жасамады.

Ал АҚШ-ың қорғаныс министрі Джим Маттис әскери жаттығуларға Қытайдың қатысып жатқанына алаңдап, болашақта Ресей мен Қытайдың әскери байланыстары арта түседі деуге негіз жоқ екенін айтып отыр.

Deutsche Welle

Ресейдің әскери жаттығулары Еуропаны алаңдатпады

Еуропаның халықаралық қатынастар кеңесі (ECFR) мен неміс бақылаушылары Ресей өткізіп жатқан «Восток-2018» әскери жаттығулары туралы ақпаратқа таңғалмады. Себебі Ресейдің әскері жыл сайын белгілі бір стратегиялық бағытта жаттығулар жасап отырады. «Бұл жерде жаттығулардың батыста немесе шығыста өткізіліп жатқаны да маңызды емес», дейді сарапшы Густав Грессель.

Халықаралық қатынастар бойынша герман кеңесінің (DGAP) сарапшысы Сара Пагунг та әскери жаттығулардың масштабы туралы ақпарат та алаңдауға негіз емес екенін айтты. «Шығыстағы әскери жаттығулар батыстағыға қарағанда үнемі үлкен көлемде болады. Себебі Вена құжаты батыстағы әскери жаттығу шараларын шектей алады, ал шығыста ондай жағдай жоқ», дейді ол.

ОБСЕ мүше мемлекеттердің қарулы күштері туралы Вена келісімі құжаты 1990 жылы қабылданып, 2011 жылы қайта қарастырылған.

Дегенмен, Пагунг атты сарапшының айтуынша, биылғы әскери жаттығулардың көлемі операцияның мақсатына да байланысты болуы мүмкін. «Қанша әскердің қатысатынын ескерсек, Ресей әлемдік соғысқа дайындалып жатыр деуге болады», дейді ол. Сонымен қатар сарапшылар әскери жаттығуларға аз да болса, қытай әскерлерінің қатысатынын да әртүрлі бағалап жатыр. Айта кету керек, 2003 жылдан бері Ресей мен Қытай 30 бірлескен жаттығу өткізген. Бірақ стратегиялық деңгейде «Восток-2018» аясында бірінші рет бірігіп жатыр. Густав Грессел атты сарапшы Қытайдың заманауи техникасы көп болғанымен, офицерлерді дайындау, әрекеттерді ұйымдастыру мен әскерді басқару тұрғысынан Ресейден артта екенін айтты. Оның айтуынша, Ресей мен Қытайдың әскери байланысы АҚШ үшін «қорқынышты түске» тең. «Ресей үшін Қытай стратегиялық қарсылас емес. Ресей үшін Батыс үнемі стратегиялық қарсылас болып қала береді», деді ол.

CNBC NEWS

Пентагон Ресей әскери жаттығуларын қатаң бақылауда ұстауда

Осы аптада Ресейде ірі әскери жаттығулар өткізіліп жатыр. АҚШ ұлттық қауіпсіздік қызметі әскери жаттығуларды қатаң назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Бір айта кетерлігі, «Восток-2018» әскери ойындарының құны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Баспасөз конференциясында журналистердің «Әлеуметтік шығындарға қатысты талаптар артып жатқан кезеңде әскери жаттығу өз өзін ақтайды ма?» деген сұрағына Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әскери жаттығулардың өте қажет екенін айтты. Ал сарапшылар Ресей бұл ойындарға қанша қаражат кетірсе де, үлкен әскери күш ретіндегі образын сақтап қалу үшін тартынып қалмайтынын айтуда.

Кила университетіндегі саясат бойынша сарапшы Мэттью Вайман CNBC басылымына берген сұхбатында бұл жаттығулардың Ресей үшін маңызды екенін айтты. «Ресей президенті Владимир Путин ұлттық күші мен қарулы күштерін әлемге көрсетіп, мемлекеттің образын сақтап қалғысы келеді», дейді ол.

ABC News

Ресей әскери ойындар арқылы АҚШ-қа ескерту жасауда

Ресейде өткізіліп жатқан «Восток-2018» әскери жаттығуларына қатысты сарапшылар пікірі әртүрлі. Олардың көпшілігі АҚШ Ресейге қысымды арттырып жатқандықтан, Ресей Федерациясы әскери жаттығулар арқылы батысқа ескерту жасап жатқанын айтып жатыр. Сонымен қатар кейбір сарапшылар әскери жаттығулар АҚШ санкциясына берілген жауап ретінде де бағалауда.

Ал АҚШ-тың қорғаныс министрі Джим Маттис Ресей мен Қытайдың одағына алаңдау керек пе деген сұраққа «Ресей мен Қытайдың байланысы ұзақ мерзімге барады деп ойламаймын», деп жауап берді. Ал әскери сарапшы әрі Қытай әскерінің полковнигі Юэ Ган екі мемлекет АҚШ-қа қарсы күресу үшін бірігіп жатқанын айтты.

НАТО-ның баспасөз хатшысы Оана Лунгеску қорғаныс бюджеті мен әскери жағдайын жақсартуға талпынып жүрген Ресейдің ірі әскери жаттығулар жасауы күтпеген жағдай емес екенін айтты.

NBC News

Ресейдегі «Восток-2018» расымен ең ірі әскери жаттығу ма?

Ресейде 11 қыркүйек күні басталған «Восток-2018» әскери жаттығулары соңғы 40 жылдағы ең ірі әскери шаралардың бірі ретінде жиі айтылып жатыр. Дегенмен, көптеген сарапшылар Кремльдің бұл сөзіне күмән келтіріп те үлгерді. Сарапшылардың кейбірі Кремль жаттығулардың масштабын асыра сілтеп бағалап жібергеніне сенімді екендіктерін жеткізді. «Әскери жаттығулардағыы техниканың өзі жаңа емес, ескі, тіпті, бұзылған болуы мүмкін. Яғни, Ресей ұсынған сандар әскери жаттығулардың нақты көрсеткіші емес», дейді олар.

«Владимир Путин соңғы ондаған жылда Ресейді ұлы держава ретінде мойындатып, сол образын қайтарып алғысы келеді. Оның ішінде әскери сипатын да таныта білуді мақсат еткен болуы мүмкін. Яғни, Ресей Кеңес Одағы кезеңіндегідей ірі масштабта әскери жаттығулар өткізуге қауқарлы екенін осы шара арқылы көрсеткісі келеді», дейді кейбір сарапшылар.

Лондондағы Chatham House аналитика орталығының «Ресей және Евразия» бағдарламасының ғылыми қызметкері Матье Булегтің айтуынша, әскери жаттығулар осы күнге дейінгі жиналған әскери тәжірибені пысықтауға көмектеседі. «2015 жылдан бері оқу жаттығу жұмыстары Ресей әскерінің негізгі ерекшелігіне айналды», дейді ол.

South China Morning Post

«Восток-2018»: Ресей Қытаймен бірігіп әскери жаттығулар өткізіп жатыр

Қытай әскерлері Ресейдегі «Восток-2018» әскери жаттығуларына қатысып жатыр. Осы ретте онда көрсетілетін Ресейдің негізгі әскери техникасы туралы айтып өтсек.

Су-35 истребителі

Ресей өндірісінен шыққан Flanker-E деген атпен де танымал бұл истребитель бір орынды және екі қозғалтқышты болады. Ол Қытай-Ресей әскери қарым-қатынасының символы ретінде аталады. 2015 жылы АҚШ-тың әскери әуе күші бұл ұшақтың 24 данасын алған. Былтырғы жылдың соңындағы көрсеткіштер бойынша Қытада 14 Су-35 реактивті истребитель бар.

Су-35 электронды сканерлетін радармен жабдықталған. Ол 400 километрде әуе нысанасын анықтай алады. Сонымен қатар бір мезетте 30 әуе нысанын қадағалап, бір уақытта олардың сегізін іске қоса алады.

Су-34 бомбалаушы истребитель

Екі қозғалтқышы бар екі орынды истребитель негізінен жерде және теңізде тактикалық мақсатта қолдану үшін құрастырылған. 2016 жылы бұл ұшақтар Иран мен Сирияға әуе соққысын жасау үшін жіберілген.

Әуе барлау мүмкіндігінің арқасында ұшақ нысандарға күндіз де, түнде де шабуылдай алады. Түптеп келгенде бұл әскери техника Ресей әскери әуе күштерінің Су-24 истребителі мен Ту-22М3 бомбалаушы ұшағын алмастыратын болады деп күтілуде.

Т-90С әскери танкі

45 тонна салмағы бар бұл танк Ресей құрастырған T сериясындағы соңғы үлгі. Ол алғаш рет 1992 жылы пайдалануға берілген. Танктің пистолеті 9M119 лазерлі сәулемен жұмыс істейді және Refleks ракеталық жүйесімен басқарылады. Максималды диапазонға (100-4000 м) жету үшін оған 11,7 секунд уақыт жеткілікті.

Т-90 танкі тек қарапайым брондалып қана қоймай, жарылғыш қаупі бар реактивті бронмен де жабдықталған. Оның негізгі багіне 1600 литр жанармай сыяды.

99 типті қытай әскери танкі

Қытайдағы үшінші буынды негізгі әскер танк. ZTZ99 негізгі әскери танк деп те аталады. Оның корпусы 1000 мм - 1200 мм аралығында болатпен брондалған. Дизельді қозғалтқышында 1,500 ат күші бар.

Материалдарды ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер