USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Ақ үйге кімнің келгені тиімді?

Фото: REUTERS

Қараша айының алғашқы онкүндігінде АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Қазір тартысты теледебатқа түсіп жатқан Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп арасындағы бәсекеде кім жеңеді?

Сарапшылардың көпшілігі қазірдің өзінде жеңісті Хиллари Клинтонға беріп қойғанға ұқсайды. Бірақ шын мәнінде жеңетін кім: Трамп па, жоқ әлде Клинтон ба? Иә, Америка үшін бұл сауал маңыздырақ болып тұр. Бірақ америкалық саяси нарыққа тән бір нәрсе бар: ол сайлау күні жақындағанша қарсыластар бір-бірін балағаттайды. Ал егер жеңілген жағдайда бәсекелесін мойындайды, жеңісімен құттықтайды. Бірақ қазіргі кезеңде қарсыластар бір-біріне қарсы неше түрлі лас саяси технологияларды пайдалануда. Осы аптаның басында The New York Post басылымы «Хиллари Клинтон америкалық сыртқы саясат ведомствосын басқарып отырған уақытта Мемлекеттік департаменттің жиһазын иемденіп кеткен» деген сипатта ақпарат таратты. Бірақ бұл хабар да ақиқатқа жақын болмай шықты. Хиллари ғимараттан тек өзіне тиесілі мүліктерді ғана алып шыққан. Міне осындай жағымсыз, ақиқатқа жақын келмейтін пікірлерді жариялау америкалық баспасөзге түк болмай қалды. Есесіне кандидаттардың саяси келбетіне қатысты тапсырыспен мақалалар жариялап, баспасөз қазір ақша табу үстінде. Бірақ әлем үшін Ақ үйдің есігіне кімнің кіргені тиімді, Клинтонның ба, жоқ әлде Трамптың ба? Мәселе де осыған тіреліп тұр.

Қазір бір нәрсе ғана айқын: Демократтардың билік басындағы соңғы сегіз жылдағы жеңісін Обамадан кейін Хиллари Клинтон жалғастыруы керек. Демократиялық партия да бар жұмысын осыған үйлестіріп отыр. Оның үстіне Ақ үйдің бүгінгі қожайыны Барак Обама америкалықтарды Хиллари ханымды қолдауға шақырды. Сондықтан кеңестік жүйенің сөзімен айтсақ, «әкімшілік-әміршілік жүйе» Америкаға жүре ме? Билік басында кім болса, соның командасы жеңіске жететіні тәрізді Ақ үй де Хиллариге жеңісті алып бере ала ма? Әңгіме енді АҚШ жұртының таңдауына тіреліп тұр.

Бірақ Трампқа қарағанда, Клинтонның жақтастыры жағымды және сауатты жұмыс істеп жатқаны қазірден көзге көрініп тұр. Соңғы екі теледебатта АҚШ президенттігіне үміткер ханымның қарсыласына қарағанда басымдау болғаны байқалды. Хиллари Клинтон теледебат барысында өзін өте салмақты ұстады. Сонымен қатар, сөзін аяқтап болғанда, әрдайым орнына, орындығына барып отырды. Бұл өзінің саяси келбетін эмоциялық жағдайда да жоғалтуға жол бермей, салқынқанды, бірқалыпты ұстағанын көрсетеді. Ал Трамп болса, бірнеше сағатқа созылған сөзсайыста бір отыра алған жоқ. Клинтонға сөз берілгенде де, түрегеп тұрды. Бұл оның ұдайы дегбірсіздініп, күйгелектеніп тұрғанын көрсетеді. Салмақтылық жоқ жерде адам мінезінде де тұрақсыздық пайда болады. Біз Трамптың сөзінен ұстамдылықты көре алмай қалдық.

«Сен түрмеге қамаласың», - деді Трамп Клинтонға.

Трамп жеңіске жеткен жағдайда Клинтонның жеке электронды поштасын қызметтік мақсатта пайдалануын тергейтін арнайы прокурор тағайындайтынын жеткізді. Сонымен бірге, ол қарсыласын электронды поштасындағы 33 мың электронды хатының жойылып кеткендігі үшін кешірім сұрауын талап етті. 2015 жылдың наурыз айында Клинтонның электронды поштасына қатысты дау туғаны белгілі. Ол мемлекеттік хатшы қызметінде жеке электронды жәшігі арқылы іскерлік хат алмасулар жүргізген. Кейінірек саясаткер электронды хат алмасу сақтайтын жеке сервердегі хаттарды ФТБ-ға (ФБР) тапсырғанмен, жеке сипаттағы хаттар болды деген сылтаумен 30 мыңдай хат жойылған. Трамптың айтып отырғаны осы. Дегенмен бұл мәселе Клинтонға кедергі бола алмайды. Оның үстіне Хиллари Клинтонға басымдық беріп тұрған үш мәселе бар. Біріншісі, АҚШ-тың саяси билік тарихында ешқашан әйел президент болған емес. Осы үстемдік Клинтонды кедергісіз Ақ үйдің креслосына алып келеді деген болжам бар. Екіншісі, дәл қазір Хиллари Барак Обама ұстанған саясатты айна-қатесіз жалғастырып отыр. Үшіншісі, Хиллари ханым билікке келе қалған жағдайда Ресейге қатысты қатаң саясат ұстанатынын мәлімдеді. Ал бұл позиция қазіргі жағдайда АҚШ билігі мен халқына және америкашыл дүниенің жартысына ұнап отыр. Ал Трампты тығырыққа тіреп немесе оны жағымсыз етіп отырған мәселе неде? Бірінші, ол Ресеймен арадағы жағдайды жақсартуды қалайды (бұл да сенімсіз). Екінші, ол АҚШ қаржыландырып отырған халықаралық ұйымдарға тоқтаусыз ағылып жатқан америкалық доллардың ағынын қысқартпақ. Үшінші, елге сырттан есепсіз келіп жатқан мигранттарды тоқтатпақ немесе оларға азаматтық берудің қажеті жоқ. Төртіншіден, НАТО-ны қайта құру керек деп отыр. Бесіншіден, Трамптың Путинмен жақындасуын Ақ үй билігі қаламайды. Егер шын мәнінде республикалық партияның өкілі жеңіске жететін болса, алдағы уақытта Американың «арты ашылуы» мүмкін. Ондай жағдайда Таяу Шығыста ислам содырларын «қолдан жасап, қуыршақ үкімет» орнатып отырған саясаттың күлі көкке ұшады. Украинадағы «америкашыл биліктің» де күні қараң болуы ықтимал. Республикашыл партия өкілінің «әйелдерге көбірек қырындайтыны да» науқан барысында кандидаттың қадірін төмендетіп жіберді. Сондықтан арсың-гүрсің әрекетімен елдің күлкісіне қалып жатқан Трамптан гөрі әлемге өзінің гегомондық саясатын жүргізіп отырған, бүгінгі АҚШ-тың саясатын жалғастыру үшін Ақ үйге Хилларидің келгені дұрыс деп санайтындар көп.

Трамптың ұстанған принципсіз көзқарасына байланысты Республикалық партияның арасында қазір жікке бөлінушілік бар. Оның үстіне сауатты сөйлеуден гөрі эмоцияға ерік беріп, бір сөзі екіншісін жоққа шығарып жатқан Дональд Трамп АҚШ үшін сенімді ме? Хиллари Клинтон бір теледебатта «Сөзінің тұрағы жоқ сендей адамға АҚШ-ты сеніп тапсыруға болмайды» деп қарсыласын тұқыртқаны бар. Ал Трамптың «Американы басқара алмайтын әйелге Путин күліп, кекесінмен қарайды» деуі бағалауға тұрарлық па?

Қалай айтқанда да, қазір екі кандидат та артық- кем айтып, бәсекелестікті қыздыра түсуде. Ал әлемдік саясатта Ақ үйге кімнің келгені тиімді?

Бұл енді 8 қараша күні анықталатын болады.

aikyn.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады