USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

"Тәуелсіздік" көшесі неге тәуелді?....

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында еліміз мемлекеттіліктің тұғырын нығайтқан елеулі жетістіктерімен мақтана алатынына ешкім шүбә келтірмес. 25 жылдыққа орай ел игілігіне бағытталған орасан зор шаралардың жүзеге асырылып жатқаны мұның бір айқын дәлелі болса керек. Мерейтой қарсаңында, тұтас елдегідей Қызылорда қаласында да осы бағыттағы істердің көрініс тауып жатқаны мәлім жағдай. Бір ғана дәлел, таяуда өткен қала туған күнінде қызылордалықтар игілігіне бірнешелеген көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Мерейтой мерейін асқақтатып Рәміздер алаңы, Тәуелсіздік даңғылы ашылды. Жұртшылық осындай өрелі істерге көңіл тоғайтқанмен, күнделікті тұрмыс, тірлігінде әлі де бірсыпыра мұқтаждығына қол жеткізе алмай жүргені жасырын емес. ...

Осыдан бес жыл бұрын қаланың КБИ мөлтек ауданындағы бір көшеге Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атауы беріліп, БАҚ өкілі ретінде сол көшенің жай- күйімен танысқанымыз бар-тын («Ақмешіт ақшамы», №48, 30.11.2011ж.). Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында сол көшенің жай-күйі қандай болды екен, мерейтойға орай атаулы көшеде қандай ілгері істер бар екен, жалпы арада өткен бес жылда қандайда бір өзгерістер болды ма екен деп сол көшеге жуырда қайта айналып соққанбыз.

Шынын айтқанда, бес жыл бұрын бұл көшенің бірталай мәселесіне кезіккен едік. Ең алдымен сол көшенің тұрғындарының өзі көшеге тәуелсіздіктің 20 жылдығы атауы берілгендігінен бейхабар екендігін білдірген. «Қаланың беймаза тіршілігінен аулақтау өзінше бір ауыл сияқтанып жатқан КБИ ауданындағы «жаңа көше» ілгеріде Полигонная, 1992 жылдан П.Артемов аталатын көшемен қатар орналасқан екен. «Жаңа көшені» атауымен іздеген адамның табуы қиындау көрінеді. Өйткені көшенің жаңа атауы көшенің бір ғана үйінде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы 19» деген жазумен ілініп тұр. Көшесінің жаңа мәртебелі атауға ие болғанын «Осы көшенің тұрғынымын» деген жұрттың бәрі бірдей білмейтін де сыңайлы.

Бірі «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы көшесі ме білмеймін, бұл Мұнайшы көшесі ғой» десе, тағы бір жартысы «Артемов көшесі» деп соқты. Бұл жұрт әзірге жаңа көшенің жалғыз иесі мәртебесін иеленіп тұрғандай жайы бар №19 үйдің бұрышындағы жазуды аңғармаған екен. Қарсы беттегі үйдің алдынан бірді-екілі кісінің қарасы көрінген соң солай беттедік. Бұл кісілер көшеге тәуелсіздіктің 20 жылдығы атауы берілгендігінен хабардар екендігін білдірді. Онда да, қарсы үйдегі жазуды нұсқап, өз үйлерінің нөмірсіз екенін осы көше бойына үй салып қоныстанғалы алты-жеті жыл болса да үй нөмірі болмағанын айтты»- деп жазған едік. Бұл жағдай сол кездегіден өзгере қоймаған сияқты. Тұрғындардың кейбірі әлі күнге «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» көшесі барын біліп үлгермепті. Іс жүзінде бұл көше әлі де бұрынғыша жартысы Артемов (Петр Михайлович Артемов, Кеңес Одағының Батыры), жартысы «Мұнайшы» аталатын боп шықты. «Осы көшеде 1992 жылдан тұрып жатырмыз.

Құжат жүзінде әлі Артемов көшесі аталамыз» деді Артемов 30 үйдің тұрғыны Нәбира Әбенова. Көшенің байырғы тұрғыны көшенің байырғы мәселелерінің әзірге жаппай шешім таба қоймағанын да жайып салды. Шынында көше бес жыл бұрынғы суретінен көп өзгеріп кете қоймапты. Әйтсе де, одан бері көше бойына жарық жүргізіліпті. Жолы қала орталығындағыдай керемет жарқырап жатпағанымен бұрынғысынан гөрі тәуірлеу, асфальтты. Бұрынғыдан өзгермегені тұтас қаладағыдай аяқ су мәселесі. Көшенің 24 жылдан бергі тұрғыны Нәбира апай да: «Үйіміздің айналасын көгерту арман, бірақ аяқ су жоқ» дейді қай жылы қалалық мәслихатқа депутат болған белгілі бір мырзаның аяқ су мәселесін шешуге атсалысамын деген уәдесін еске алып. Нәбира апай аяқ судан басқа да бүкіл тұрғындарға ортақ бірталай мәселенің тиегін ағытты. Атап айтқанда, қоғамдық көлік жағдайы КБИ-де әлі күнге талапқа сай шешілмей келеді.

КБИ-ге қатынайтын №7,10 бағыттағы қоғамдық көліктер әсіресе сенбі, жексенбі күндері уақытылы жүрмейді. «Бір жұмыспен қаланың орталығына бару керек болса сағаттап күтуге тура келеді» - дейді тұрғын. Көше бойында ешқандай жол белгілерінің орнатылмағаны, сондай-ақ жаяу жүргінші жолының жоқтығы да үлкен бір мәселе екенін жеткізді. Кейінгі жылдары қала тазалығы бағытында едәуір ілгерілеген Қызылорданың бір бөлшегі бұл мөлтек ауданның тазалығы да тұрғындар көңілін көншітпейтінге ұқсайды. «Тазалықшылар тазалауын тазалайды ғой. Бірақ мынау қарама-қарсы тұрған үй иесіз. Жұрттың бәрі қоқысын сол жерге әкеліп тастайды да, сосын қоқыстан көз аша алмай жатқанымыз»- дейді «Артемов 30» үйдің тұрғыны. 2011 жылы жариялаған мақаламызда ...

«Көшенің жай-күйін көзімізбен көргенімізден басқа көше бойынан арагідік орналасқан көше тұрғындарынан сұрап көрдік. «Аралдан көшіп келгенбіз. Мамандығым байланысшы. «ҚазТелекомда» жұмыс істеп жүргенімізде қысқартуға ұшырап, содан жұмыссызбын. Балаларым мектепте оқиды. Анау этаж үйде тұрамыз. Үйде су жоқ. Жер үйлерден тасып ішеміз. Онда да есептегіші бар үйлер су бермейді. Көшеміздің түрі осы. Ауылдан да жаман. Көшіп келгенімізге өкініп жүрміз. Бұдан Аралым жақсы еді» - деді Аралын аңсаған келіншек. Көшесіне Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атауы берілгенінен хабарсыз, әрі бізден естіген бұл жаңалыққа селт ете де қоймаған сыңайлы. Аралдық келіншек көшенің орта шенінде орналасқан екі қабатты үйдің бірінде тұрады екен. Бұл екі үй шындығында сыртқы келбетімен-ақ көңілді құлазытқандай. Терезелері аңқиып тұрған бірінші қабатындағы кей пәтерлерінде адам тұрмайтын сыңайлы.

Бұл үйдің подьезіне кіріп барсаңыз, күтімсіздік пен қолайсыз тұрмыстың суреті көзге ұрып, кеудеден итергендей болады екен» деп жазған едік. Енді арада бес жыл өткенде сол екі қабатты екі үйдің жай-күйі қалай болды екен деп солай беттегенбіз. Сол үйлердің бірінде орналасқан дүкен жанынан жолыққан жас жігітті көше жайынан сөзге тарттық. Нұртай Торғауыт есімді Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті де көше жағдайының көңіл көншітпейтінін жеткізді. «Көшеде қала көшесіне лайық жағдай қарастырылмаған. Ең болмағанда тротуар салынса болар еді, бірақ көріп тұрғандарыңыздай ол да жоқ. Көше тазалығы сын көтермейді» - деп сауалымызға жауап берді. Осы сәтте екі қабатты үйдің терезесінен «Әкімдіктенсіздер ме?» деп айқайлады бір келіншек. Жөн сұраған ол келесі бірер сәтте жанымыздан табылды. Қолында қағазы. Біз де жөнімізді айтып едік, қолындағы қағазын бірден бізге ұстата қойды, 32-үй, 1-пәтердің тұрғыны Алтын Ермаханова. Екі қабатты екі үйдің қалың мәселесі қағазда тізбектеліпті. Тұрғындардың облыс әкіміне, қала әкіміне, Нұр Отан партиясының облыстық филиалына, қала прокурорына арнайылап жолдамақшы хаты екен бұл. Бізге де бір данасын табыстады.

Хат мәтіні төмендегідей:

КБИ мөлтек ауданы

Мұнайшы көшесі №32,

33 үй тұрғындары атынан

«Қызылорда қаласы, КБИ мөлтек ауданының Мұнайшы көшесіндегі екі қабатты №32 және №33 үй тұрғындары, Сізге халықтың мүддесін көздейді деген үлкен сеніммен төмендегіше жағдайды баяндап отырмыз. Біздің тұрған үйлеріміз 1993 жылы салынған, содан бері жөндеу көрмеген, қабырғадан тепкен ыза, жауынды күні шатырдан аққан су бүкіл үйді бүлдіреді. Шатырдың төбесінің жұқалығы сондай, қысты күні төбеге қатқан мұз еріп үйдің төбесі буланып тұрады. Өткен жылы көшемізден газ құбыры жүрген кезде істен шыққан жылу жүйесін шамасы келгендер жөндетіп, газ кіргізіп алды, шамасы жетпеген тұрғындар көмір жағып күндерін кешуде. Кәріз су жоқ, әжетханалар қалай болса солай салынғандықтан аялдамамыздың аты алты туалет одан екі метрдей жүрген соң төрт туалет деген №7 маршрут кассирлеріміздің қойған аялдама аттары бар үйіміздің айналасында тұрмыстық қалдықтар шашылып жатады. Үйіміздің қасында қойылған ек-үш мусор контейнерлерін жанымыздағы жер тамның тұрғындары-ақ жеңіл машинамен мусорларын толтырып, қалай болса солай лақтырып, құдды бір этаж тұрғындарын менсінбегендік сыңай танытады.

Айтулы мекемелерге хабарлағанмен ешқандай әрекет жоқ. Көшемізде ешбір белгі жоқ яғни бөгет жаяу жүргіншінің (тротуар) жолы жоқ, көшеден екі машина қатар жүрсе жаяу жүргінші қайда қашарымызды білмейміз, тынық күні май топырақ шаңға, жаңбырлы күні ямаға (шұңқырға), қысты күні омбылатып қар кешіп тар жолмен арпалысудамыз. Үйіміздің ауласына балаларымызды ойнатуға қорқамыз, балалар ойнауға ешқандай жағдай жасалмаған, балаларымыз үйіміздің ауласындағы лас, шаң, топырақпен ойнап, одан қалса ерсілі- қарсылы жүрген машиналардың шаңын жұтады (машина егелері құдды бір елсіз далада жүргендей машиналарын ұйытқытып айдайды). Қорыта келе, біздің сіздерден өтініп сұрарымыз үйіміздің шатырын мүмкіндігінше қалыпқа келтіруге көмектессеңіздер, бұл жердің тұрғындары көбісі қарт кісілер, одан қалса жаяу жүргінші (тротуар) жолы қарастырылса, кәріз суы орталықтандырылған жүйеге қосылса (бұрынғы ізі бар), сонымен қатар балалар ойнауға жағдай жасалса. Осы жағдайлардың ретке келтірілуіне ықпал етуіңізді өтініп, сұраймыз. Алдын-ала рахметімізді білдіреміз. Төменде қол қоюшылар: №32,№33 үй тұрғындары Сонымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы көшенің жай-күйі осындай болып тұр екен. Мерейтой жылы қалада жасалып жатқан мың сан игі істердің қабатында аты үлкен көшеге ең болмаса тұрғындар өтінішіне орай оң өзгерістер жасалса нұр үстіне нұр болар еді-ау. Мұны «Бізге халықтың алғы- сынан басқа ештеңе керек жоқ» дейтін билік басындағылар ескерусіз қалдырмас.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады