USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Әйгерім кәсіптің кілтін тапты

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТЫП, ӘЛЕМДІК САУДАДАҒЫ АБЫРОЙЫН АСЫРАТЫН САЛА. СОНДЫҚТАН МЕМЛЕКЕТ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСАТЫН ЖАНДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. ОСЫ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП, ЕҢБЕКПЕН КӘСІП ҚЫЛУ- УАҚЫТ ТАЛАБЫ. БҮГІНГІ ТАҢДА КӘСІПТІҢ КІЛТІН ТАУЫП, ЕР АЗАМАТТАРМЕН БІРДЕЙ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕН ҚЫЗ- КЕЛІНШЕКТЕР АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЖЕКЕ КӘСІПКЕР ӘЙГЕРІМ ГАЮПОВА АДАЛ ҚЫЗМЕТІМЕН КӨПТІҢ АЛҒЫСЫН АЛЫП, ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНІП КЕЛЕДІ.

Аудан орталығындағы А.Ізтелеуова көшесі бойындағы Әйгерімнің «Тәтті» наубайха- на кондитерлік дүкеніне соғудың сәті түсті. Дүкенге келушілердің қарасы көп. Сөрелерге нан өнімдерімен бірге торт, печенье, самса, кекс секілді кондитерлік тағамдардың түрлері қойылыпты. Сатушылардың бірі сауда жасап, бірі сұраныс қабылдап қызмет көрсетуде. Мұндағы сатушы қыз- келіншектердің келушілерге ыстық ықыласы мен ілтипатын көріп сүйсінесің. Дүкен іші тап-таза, кассалық аппарат жұмыс істеп тұр. Амандық-саулықтан соң Әйгерімге үйреншікті сауалымызды қойдық. –Жалпы еңбек жолыңыз, кәсібіңіз туралы айтып берсеңіз...

–Мен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына жақын мандағы бұрынғы Калинин атындағы ауылда дүниеге келгенмін. Мектепті бітірген соң Ташкенттегі республикалық педагогикалық институтқа оқуға түсіп, орыс тілі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. «Қыз – жат жұрттық» қой, дәм-тұз бұйырып, келін болып Сыр елінен бір-ақ шықтым. Аудан орталығындағы №123 дарынды балалар мектебінде мамандығым бойынша дәріс беріп ұрпақ тәрбиеледім. 5 баламен 53 жаста зейнеткерлікке шыққан соң кәсіпке бет бұрдым. Міне үш жылдан бері кәсібімнің нәсібін көріп келемін,-деді Әйгерім өмір жолымен таныстырып. Талап тауды жығады. Қарекет қылмай берекет болмас, Кәсіпкерлікке тіркелген Әйгерім іске кірісті. Кез келген жұмыстың тетігі қаржыға келіп тіреледі. Қаржының көзін іздеді.

Шүкір, қазір елімізде кәсіпкерлікке кең жол ашылып, жұмыс жасайтын адамдарға мүмкіндік беріліп отыр. Ізденіп жүріп несие алудың жолын тапты. Қажетті құжаттарын дайындап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 миллион несие алуға қол жеткізді. Сол қаржыға Ресейден шыққан шағын наубайхана құрал-жабдықтарын сатып алып, үйінің алдындағы екі бөлмелі сарай ғимаратына орна- ластырды. Шағын наубайхананың құрал-жабдықтарының түрлері көп. Нан өнімдері мен кондитерлік тағам дайындау жұмыстары электрлі құрылғымен атқарылады. Санитарлық талапқа сай ұн тұратын қойма, дайын өнімдер сақталатын бөлмесі бар. Дүкенде үш адам жұмыс істейді. Осында қызмет ететін Сәрсенкүл Әлібаева, Шамшырақ Бегімбетова, Элмира Игенбердиевалар өз ісінің мамандары десе де болады. Қай мезгілде барсаңыз да дүкен есігі айқара ашық. Қызмет жасап, құрмет көрсетеді. Бұл дүкендегі бір ерекшелік – темекі мен ішімдік түрлері сатылмайды екен. Қолдан дайындалатын кондитерлік тағам түрлері, сапалы әрі бағалары да көңілге қонымды. –Мақсат – ақша жинап байып кету емес, халыққа қызмет ету.

Бал ұстаған бармағын жалайды, отбасылық бизнесіміз бар. Мектептерден, мерейтойлар мен мерекелерде сұраныстар көп болады. Ең бастысы, дүкен қызметіне тұрғандар дән риза, несие қарызымызды уақытымен қайтарудамыз-деген Әйгерім алдағы жұмыс жоспарымен де бөлісті. Атап айтқанда, келешек тағы бір нан пісіретін пеш алып, кәсібінің аясын кеңейтпек екен. Сосын мейрамханаларға барғандар көбінесе ішімдік ішіп, улап-шулап, демала алмайды. Сондықтан ғимарат салып, жастар барып мәдениетті түрде демалатын арнайы орын ашу ойында бар екен. Бұл әрине, келешектің жұмысы. Десек те, кәсіпкердің бұл жұмыстарды қолға алып, халық игілігіне қызмет ететініне кәміл сендік. Аудан халқы кезінде аудан басшысы болып ел басқарған, соғыс және еңбек ардагері Болтай Тасыбаевтың отбасын бақ қонып береке дарыған мерейлі отбасы ретінде құрмет тұтады. Ата-енеге қызмет етіп алғысын алған Әйгерім өмірлік серігі Берік Тасыбай екеуі 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріп, келін түсіріп, немере сүйіп отыр.

Серік БЕРТАЕВ.

Ұқсас сілтемелер:
07 Желтоқсан 2016, 14:01
Екі адам қаза тапты
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады