BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Аңызға айналған тұлға

Жайылма ауылы ауданның іргелі де берекелі өңірлерінің бірі болып саналады. Бұл ауылдың іргетасын қалаған жандарды ауызға алғанда ең алғашқы аталатыны да, еңбексүйгіштігімен, әділ басшылығымен елінің жүрегінің түкпірінен орын алған бірі де бірегейі болып Оспан Қабанбаев (1901 жылы дүниеге келген) сынды азаматтың аталары хақ. Жасынан елгезектігімен көзге іліккен Осекең әкесі Қабанбай сияқты бір сөзді, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, көкірегі ояу марқа жігіттердің бірі еді. Оның осы қабілеті ертеректен танылып, он алты жастан асар-аспастан Байсейіт Әділовтің шақыртуымен милиция құрамына қабылданады. Алғашқы қалыптасу жылдарындағы қарақшы топтармен күресте алдына жан салмай, жер және адам танығыштық қабілеттерін ұштай отырып ел игілігіне аянбай қызмет етеді. Жүргінші халықты, кооператив керуендерін аяусыз тонап, адамдарына зәбір көрсетіп жүрген «қарақшылардың» жолын кеседі. 

Күз аяғы келіп, күн суытып, алғашқы қар ұшқындай бастаған қарбалас кезеңде «Ойбай, пәлен жерде ашаршылық басталыпты. Жаппай қырылып жатыр екен. Қаратаудағы ел бидайын қаужап аман-есен жатыр екен» деген дақпырт шығып, дүр көтерілген ел Арқа жерін тастап шығады. Оспан Қабанбаев - Арқадан көшкен елдің бір сорабын ашықтырмай, аң етімен асырап жеткізген кісілердің бірі.

Арқадан шұбырған елдің басы Ташкент маңына жетіп жығылғанда, аяғы Жалдың ішін, Шудың бойын қыстап шыққан екен. Елдің атқамінер азаматтарының қамқорлығымен қыстан ілдалалап шыққан халық бірден аяғынан тік тұрып кете алмаған. Жал ішінен шашыраңқы орналасқан ел-жұртты сол кездегі ел серкелері Орақбай Мошқалов, Баймахан Қойшығараев, Смағұл молда, Жақсылық Бөлебаев секілді азаматтар бастап, Осекең секілді сол кездегі елдің аузына ілігіп, қара халықтың қамын жеген жандардың қостап, біріне-бірін сүйеніш, таяныш қылдыртып көшті ұйымдастырады. Көшкен елдің адамдары жол бойы шағын көлдерден балық аулап, аң атып, балығы мен аң етін адам санына қарай теңдей бөлісіп, артта күш көліксіз қалған жандарды шығынсыз көшірісіп келуге көп септігін тигізген. Балығы мол, аңы жыртылып айрылып жатқан жерлерде бірер күн еру қылып, ел тойыншылық жасап барып, ілгері жүріп отырған. Ана көлдің, мына көлдің басында күнде думан, күнде той деуші еді. Осылай барып қазіргі Жайылманың жеріне келіп орныққан.

Елінің, жерінің тарихын зерделеген әкелеріміздің, көпті көрген көнекөз Жоламанқызы Шекер, Қуандықұлы Төлежан секілді ата-апаларымыз айтып отырғанда көңіл түкпірінде қалғанынан шертсек: Жайылманың жері ит тұмсығы батпайтын ну қамыс, аттылы адам жүрсе көрінбейтін шөбі қалың, түгін тартсаң майы шығатын, төбе басы думан, айналасы көл-айдын болған жер екен. Осы қазіргі Жайылма ауылы орналасқан жер шамалы қырлауыт демесең, бұл да көлдің етегі болған көрінеді. Айналасы көктемдегі қардың суларымен, тасқыннан соң лайланып, қалың батпақ болып жататын, жер дегдіп құрғағанша үй арасында жүру мұң болатын жер екен. Күннің көзі жылт еткеннен шөптің небір түрлері жердің бетін алып, дем арасында құлпырып, бар суретін жер бетіне салып, көзіңді қызықтырып, қырдың бойын түрлендіріп жатады дейтін.

 

Елімен етене...

Оспан Қабанбаев нағыз еңбектің адамы еді. «Бір уыс бидайдан қап-қап бидай алуға болады» дегенді ылғи-ақ маңайындағы елдің есіне салып отыруды артық көрмейтін. Халықтың қатты қиналып жүрген ауыртпалық жылдарында жоқтан бар жасап, елді қиналтпай алып шыққан адамдардың бірі. Колхоздар іріленіп, кеңшарға айналғанға дейін колхозды басқарған. Аталған бірнеше колхоздардың негізінде 1950 жылы құрылған. 1957 жылы осы колхоздар негізінде «Жайылма» кеңшары құрылады. Сол кезде білімінің төмендігі алдынан шығып, кеңшар директорының орынбасарлығына тағайындалады. Кейіннен Арқадағы мал фермасының басқарушылығына ауысып, ол қызметінде де еліне тіреу бола білген азамат.

Осекең туралы небір құйқалы әңгімелерді осы кісінің тәрбиесін көрген, өмір жолына Осекеңнің сөздері мен істерін шырағдан етіп ұстаған, терең шежірелі Қуандықұлы Төлежан деген әкеміздің шабыттана, масаттана айтып отырғанында естігенім бар. Төлежан атамыз Осекеңнің атын атамаған, «Иман тапқыр-ай!» деп тебіреніп еске алмаған күні жоқ та шығар, шамасы! Сонда мен ойлайтын едім: «Осы кісілер соншама жыр қылып айтатын, ауыздарынан тастамай, оқыған құрандарына атын қосып оқитындай Оспан қаншалықты керемет жан еді» деп.

Ел тамсанып, жырға қосқан Осекең оқымаған, сауатсыз-ақ адам болған. уағында милиция формасындағылардың актілеуі, хаттама толтыруы, есеп беруі үшін қажетті бірер айлық шамалы білім алған. Көкірегі ояу, төбесінде тесігі, жақсы-жаманды ажырататын түйсігі бар. Тілге шешен, сөзге ұста, ұйымдастырғыш, іскер кісі. Сөзді екпіндете сөйлеп, елді соңынан ерте білгенімен ел есінде сақталған. Жоқтан бар жасай білген, елдің малын бір шашау шығармай ұстауға, таңның атысы, күннің батысы демей аттан түспей шаруашылық жұмысында жүруге өте мықты жан болған деседі.

Ол уақыттағы колхоздың жұмысының өзі бір ғана шаруашылық жұмысымен шектелмеді. Ол көрші ауылдардың тірлігіне, ауданның шаруашылығы үшін маңызды қай саланың тірлігіне де ат салысып отыратын бірегей ұйым болды. Аудандағы қай істің шылауына оралмады дейсің сол кездегі колхоз адамдары. «Ақкөл-Байқадам» тас жолының, «Ынталы» су қоймасының, «Қарақобы» жолының, «Мойынты-Шу» темір жолының құрылыстары деймісің, соғыс уақытындағы әскерді етпен, маймен, киіммен қамтамасыз ету жұмыстары деймісің, бәріне-бәріне атсалысты.

Амалсыздан, лаждың жоқтығынан, соғыс кезіндегі үлкен еңбек әйелдерге, жасөспірім балаларға түсті. Соғыс уағында әйелдерге ерлерге тән барлық жұмыс жүктелді. Егін ору, баулау, дәнді ат, өгіз, түйе арбалармен алыс жерлерге орналастырылған астық қоймаларына түн қатып тасып жеткізу. Күзеттегі, мал бағудағы жұмыстар түгелдей шал-кемпірлер, әйелдер мен балалардың міндетіне қалды. Осынау бауыры бүтін үйі жоқ, жыртық-кемістігі мол жарлы ауылдың жоғын түгендеп, барын көбейтуге Осекеңдер аянбай еңбек етті. Қырманға жиналған астықты бастыртып, оны да артылдыртып аш-жалаңаш ауылдастарға, қамқоршысыз қалған жетім-жесірдің ауызына тықты. Ер азаматы соғысқа аттанған, сүйенері жоқ ел адамдары Осекең секілді ел ағаларын өздеріне қорған тұтты.

Еңбек адамдарын лайықты бағалап, көтермелеп отыру ел басшыларының мерейлі ісіне айналды. Колхоз шопаны Сағындық Кенжебаев аудандағы алғашқы Еңбек Ері атанды. Қуандық Байзақов та оның артынша Еңбек Ері белгісін кеудесіне тақты.

Осекеңнің еңбегі туралы талай мақала, талай шығармалар жарияланды. Ауылдың тумасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Берік Шаханов Осекеңді тілге тиек етіп, «Кәрі шөңге Оспан...» деп бастайтын бірталай шығармаларды дүниеге әкелді.

 

Жерімен етене...

Ертеректе, колхоз уағында егістікті ақпанның аяғы, наурыздың басында суару басталатын. Суарылғаны суарылып, суарылмағаны қысқы қардың ылғалымен-ақ айдалып, жыртыла беретін. «Қараой», «Тас кешу» секілді жердің маңындағы жердің барлығы Осекең басқарған колхоздың егістік жері болып, уақытында жыртылып, ертерек дән сіңіруге жұмысшы күші жетіспегендіктен мектептің оқушылары да қатынасқан еді. 1948-1949 жылдары көрші колхозды көктемгі қардың суы басып кетеді. Бүркітті өзенінің арнасына су сыймай жатыр, лық тола. Су арнадан асып-тасып, «Домалақ көлге» құйылып жатыр. Оспан Қабанбаев астында жарамды аты бар, соны мініп алып, бригадирі Әбілда Бейсеновті жұмсайды:

-        Шығар елді. Кеудесінде жаны бар адамды - әйел, еркек, шал, бала демей түгел шығар. Суды мына жалпақ жерге жайып алайық. Осы жерден елге тоқтық болады. «Домалақ көл» толса, жаздай айнала отырамыз, бәріміз тоғаямыз, - деп бұйырады.

Әбілда отыздан астам, қырыққа таяу адамды ертіп қайтып келеді. Су сарылдап бой бермей жатыр. Кетпенмен лақтырған топырақ су бетіне шығып тұрған жыңғыл, шеңгел секілді бұтасындарға тіреліп, бөгеліп жатқан бұта, қаңбақтардың үстіне лақтырылып жатыр. Сол маңнан суды «Қараойға» қарай жырып құлатып жатыр. Итшілеп, ешбір техникасыз, таза адам күшімен, диқанның кетпенімен өзен арнасын буып, суды жалпақ жатқан «Қараой» жеріне жайып алады. «Домалақ көл» де шірей толады. Артылған су арнамен тасып «Шабақты» өзеніне барып қосылады. Ары қарай «Айдын» көліне, «Ақжарға» құлап кетеді.

Осекең көтерген мәселелер де өз уағында билік тарапынан кең қолдау тауып, орайымен іске асырылып отырған. Бетбақдалаға малды өрістету туралы көтерген бастамасын Қазақ елінің сол кездегі басшылығынан Нұртас Оңдасынов қостай кеткен. ауыл шаруашылығы ғылыми институтының Қазақ филиалының төрағасы Кәрім Мыңбаев Бетбақдаланы кеңінен зерттеп, «Қазақ үшін Бетбақдала – бедірейген дала емес, бақ дала. Оның себебі Бетбақдаланың астында адамға, малға пайдалануға болатын мол су қоры бар, ол әрі кеткенде жерден 5-9 метр тереңдікте жатыр» деп тұжырым жасаған кезеңге дәл келіп, Оңдасынов Осекеңді қолдай кетеді.

1947 жылдың күзінде Оңдасыновтың өзі бас болып, төрағасы Бекболат Кәриев, жолсерігі Оспан Қабанбаев болып табылатын комиссияны көрші Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жол-Өткен өткелі тұсынан Бетбақдалаға аттандырып салады. Осекеңнің жер танығыштығы, зердесінің тұнықтығы, өткенді ұмытпайтын жадысы мықты жан екендігі осы жолы анық байқалады. Көміліп қалған құдықтарды, астық тыққан ұраларды жер бедерінен, шөптердің өсуінен, есте қалған белгілерге қарап анықтап көрсете біледі. Көш жолы картаға түсіріліп, құдықтардың аршуға болатындығы, сулылығы, қоныс болар жайлаулардың орындары нақтыланады. Осекеңсіз бұл шаруаның жүзеге асуы да қиынға соғар еді. Екі айға жуық уақыттан соң қара суық түсер шамада комиссия бүгінгі Тасты ауылының тұсына келіп жетеді. Алдынан сол баяғы ел жанашыры Нұртас Оңдасынов күтіп алады.

 

Ауылдың ұйытқысы еді

Айдың аяғында колхоз басқармасының отырысы болады. Ойда-қырда жүрген барлық белсенділер басқарма алдына есеп беруге келеді. Бар қызметкер қатысуға міндетті. Оспан Қабанбаев – басқарма төрағасы. Басқарма мүшелері қатарында озат малшылар, Еңбек Ерлері Сағындық Кенжебаев, Қуандық Байзақов деген кісілер бар. Екеуі де аудандық Кеңестің депутаты. Ол екеуінің қолынсыз аудандық ауыл шаруашылық басқармасы малдың есебін, өлген малдың актісін қабылдамайды. Актінің соңында депутаттар қол қоятын жері, мөр басатын орыны бар. Бұл депутаттарға үлкен жауапкершілікті міндеттейтін құжат болып саналатын.

Өлген малды есептен шығарарда Осекең ферма басшыларына:

-        Мал өлерде күн райы қалай болып еді? Отырған жері жайсыз ба? Қандай шөп жеді? Мал су ішпеп пе еді?- деп әбден тергейтін.

Отырғандарға қарап:

-        Ей, жолдастар, азаматтар, - дейді шаншылып. – Ортада үлкен тайқазан бар. Тайқазанды білесіңдер ғой. Сол тайқазанды толтырып сүт пісірсең, ол қаншама сүт. Сол сүтті пісірсең, бетіне көбік шықпай ма?! Сол көбік піскен уақытта барлығымыз ортаға алып, сол көбікті жаламаймыз ба, бір үйдің балаларына ұқсап. Сол көбікті жаласақ, ішімізге дәм барады. Бәріміз де тоямыз ғой. Ал, сендер сол көбікті місе қылмайсыңдар ғой, жүдә. Түбіндегі қаспағын алып жеймін деп білектеріңді сұғынтып қырғыштай бастайсыңдар. Ол қайдан шыққан әдет?! Колхоздың басқармасы – менмін. Аудан маған сеніп тапсырып отыр. Олардың алдында уәде беріп шығамын. Орындай алмасам, неше түрлі сөздерді естіп келемін. Сол уәдемді орындау үшін барымды салып қызмет етемін. Бірақ, қоғам малына қолымды сұқпаймын. Мен секілді тайқазанның бетіндегі көбікті жалап отырсаңдар, сендердің де бүйірлерің ортаймайды. Сендер құдай атып, қолдарыңды тереңге сұғып жібересіңдер. Сөйтіп, мұншама өлікті алып келіп отырсыңдар. Менің рұқсатымсыз колхоздың малын жесеңдер, ол сендерге тас болып жолығады,- деп үстелді қойып жібереді.

Осекеңдер іріленген колхозды басқарды, атағын бүкіл қазақ даласына жайды. Миллионер атандырды. Ұлы деген атау алдында жүреді. «Ұлы миллионер колхоз» деген дәріптеу сөздер газет бетінен, митингіде сөйлеген лауазымды тұлғалардың аузынан түспейтін болды. Осының бәрі, бәрі-бәрі шаруашылықты  уақыт жағдайына лайықтап басқара білген, үйлестіріп тірлік қыла білген Осекеңнің ғана емес, оның айтқанына иланып, жұмсауына ілескен барша ауыл жандарының да үлкен еңбегі деп білу керек. Бір еңбеккүнге деп шағып 18 сом 37 тиыннан ақша бергіздірді. Мұндай еңбеккүн Жамбыл облысында сирек те болса болды, бірақ Сарысу ауданында- ғы басқа еш колхозда болмады. Қандай толағай табыс десеңші?!

Сонда колхозда 40 000-ға тарта қой бар. 2 000-нан астам жылқы бар. 3 000-нан астам сиыр бар. 200-ге тарта түйе бар. Мұндай көрсеткішпен ауданда ауыз толтырып, мақтанып, көтеріңкі леппен айтатын жағдайда болдық. Бұл бір елдің табысы тасып, телегей теңіз болған тұсы еді.

Осекеңдер – өз ісіне берілген, жоқтан бар жасаған адам, тау суындай мөлдір, таза жүректі адам болатын, - деп отырушы еді Төлежан қария.

Осекең туралы сөздің бірі – «Оспан – елдің иесі, Қожа болған киесі». Қожа Шалабаев – саяси хатшысы, елдің бас көтерер азаматтарының бірі болған.

Осындай әңгімелерді тыңдап отырғанда ойлайды екенсің. Неткен жүректері таза, кең адамдар еді деп. Қазіргі нарық заманда осындай жандар көп болса, елдің ырысы тасып, берекесі басына үйірілер ме еді. Кім білсін, ондай жандар ортамыздан табылып та қалар. Олардың арасынан да Осекеңдердей еліне тұтқа болар, артында аңыз қалдырар жандар аз болмас та.

Нұрлан Рахымжанов, Жайылма ауылы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер