BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Артында өшпес із қалған...

ӨМІР ӨЗІ СӨЙЛЕЙДІ

Жазушы, драматург, ақын, ауданымыздың Құрметті азаматы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Халықаралық “Дарабоз” сыйлығының иегері  Дулат Ахметұлы Шалқарбаев осыдан үш жыл бұрын 16 ақпанда 89 жасында өмірден озған болатын.

Қоғамға пайдасын тигізер істермен бірге, көркем шығармалардан да қол үзбеген Дулат Шалқарбаев жиырма шақты поэзиялық кітаптың, бірнеше пьесаның авторы.

Шығармашылықтың шыңын бағындырған, қарт жазушы жас өскіннің рухани мұқтажын өтейтін туындылар жазып, бірнеше мәрте «Дарабоз» атты республикалық жабық бәйгенің жүлдегері атанған. Өмірден өзі кетсе де, артында жазылған хаттай, өнеге боларлық ісі қалған жазушының жарияланбаған мол шығармашылық мұрасы қалды.Соларды жуырда жазушының інісі ғалым, профессор Аманбай Ахметов жинастырып,жамбыл облыстық әкімдігінің мұрындық болуымен «Рух» баспасынан «Өмір өзі сөйлейді» атты өлеңдер мен толғаулар, шешендік сөздер жазылған бабалар тағылымы жарыққа шықты. Кейінгі ұрпағына берері мол ғибратты топтама оқырмандарына жол тартып та үлгерді. «Қалғуға менің қақым жоқ, Туғаннан кейін ақын боп»,-деп соңғы демі үзілгенше ақ қағазға сөзден маржан тізбектеген қайран дулат аға бұл күнде арамызда жоқ болса да, оның шығармашылық саласындағы өзіндік қолтаңбасы менмұндалап тұр. Жазушының Жаңа кітапқа енген бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Оның шығармашылығы қалың халықтың игілігі, оқырманға мол рух сыйлары анық.

 

Өмір өзі сөйлейді

Өмір өзі сөйлейді,

Ақын оны өңдейді.

Өмірден туған өндір сөз,

Өртесең де өлмейді.

                               Ақынның өлең өнері,

                               Ақындар жырын өрелі.

                               Өріміндей қамшының,

                               Өмірден алып өреді.

Өлсе ақын-өледі,

Шындықты айтып өледі.

 

Дала желі

Иіскеп бет-аузымды, маңдайымды,

Ойнақтап барады жел!..

Қандай жынды!

Қалбалақтап бір қаңбақ қашып еді,

Сол қаңбақтың соңынан қалмай қуды.

                Оқ тигендей қаңбақтың өкпесінен,

                Сайға жете құлады етпетінен.

                Тобылғыны құшақтап жатыр жазған,

                Аяғын жаза алмай бүктетілген.

Дедім де: «Сен даланың еркесі ең»,

Ұстадым да лақтырдым желкесінен.

Желден басқа ештеңе кездеспеді,

Бағы тайған Бетпақтың өлкесінен.

 

Ерлік-ер жігіттің атауы

Білесің бе, мән-мәнісін ерліктің?

Қылпылдаған жүзіндей-ақ кездіктің,

Жігіттер бар кереметпін деп жүрген,

Соның көбі ез екенін енді ұқтым.

 

                               Халық жайын, қоғам жайын түсінген,

                               Ер жігіттер шығады ерлік ісімен.

                               Ешқашанда қыран бола алмайды,

                               Жемтік іздеп, далбаңдаған күшіген.

 

О, жарандар! Сөз астарын білдің бе?

Күшіген бар арамызда біздің де.

Қарны тойып, қауқар біткен кезінде,

Далбаңдап кеп жармасады тізгінге.

Нағыз ерлік... жасалмайды бір күнде,

Ерсің бе шын-ерлік істеу еркіңде.

Ерлік деген-ер жігіттің атауы,

Ол-болмаса-түк емессің білдің бе!?

 

Сен білесің бе, балам?

Сен білесің бе, балам?

Қылышын айға жаныған,

Әлемге бүкіл танылған,

Қазақтың қандай болғанын?

Қазақтың өткен жолдарын?

Білмесең, қара ақтарып

Тарихтың үлкен томдарын.

 

Сен білесің бе, балам,

Өткен ер бабаларыңды?

Ақылы-дария даналарыңды?

Солар еді ғой, мәйек боп ұйытқан,

Ажыратпай араларыңды.

 

Сен білуге тиіссің балам!

Қазағым қазақ болғалы,

Шайқалтып мініп жорғаны,

Әзәзілдерді аластап,

Ары мен намысын қорғады.

Қыран мінезді қаһармандары,

Нәжісті жерге қонбады.

 

Найзағайдай от алып,

Қос қанатын қомдады.

Сөйтіп, халықтың болды қорғаны.

Сен қашанда, балам,

Қайсар қазақтың

Ұлы екеніңді ұмытпа!

Мұхамбеттің-үмбеті, Құдайдың құлы

Екеніңді ұмытпа.

Арыңның-садағасы,

Құлқынды ойлап құнықпа.

Құлағында құрбақа ойнайтын,

Бір ойнаса қоймайтын,

Қазақ арыстан емес қой,

Мертігіп жатқан құдықта,

Осыны сен ұмытпа.

Ұмытпа! Ұмытпа!

 

Бетті әзірлеген Дариха Пазылбекқызы, «Сарысу»


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер