BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Атқарылар істердің ауқымы кең

Аудандық мәдениет үйінде Жымпиты ауылы қоғамдастық мүшелерінің басқосу жиыны өтті. Жиынға аудан орталығының тұрғындары, аудан әкімі Абат Шыныбеков, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Бақытжан Хамидуллин, қоғамдастық кеңесінің төрағасы Абат Хамзин қатысты.

Күн тәртібінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Жымпиты, Өлеңті ауылдарын сумен қамту жүйесін қайта құру, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын салу, Жымпиты ауылының тазалығы мәселелері қойылып, көпшілік талқысына салынды. Алғашқы екі мәселе бойынша аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қ.Жакиев сөз сөйлеп, тазалық тақырыбын ауылдық округ әкімі Б.Хамидуллин қаузады. Құны 712,6 млн тұратын «Ақбұлақ» бағдарламасының құрылыс мерзімі 9,5 айға созылмақ. Қ.Жакиев су құбырының құрылыстары, судың өңделіп, залалсыздандырылуы қалай жүзеге асатыны, су көтергіш стансалары туралы хабардар етті. 500 текше метрлік екі су резервуары қойылып, жан басына тәулігіне 100 литр су берілмек. Жымпиты мен Өлеңті ауылдарынан 7144 адам су тұтынатын болады. Құрылыс жұмыстары кезінде шойын тұрбалар ауыстырылып, полиэтилен тұрбалар қалдырылады. Әр үйге 3 метр қашықтыққа дейін су құбыры тартылады, төрт-бес үйге ортақ бір құдық орнатылып, су есептегіш құрал соның ішінде болады. Қуандық Мешітқалиұлы аудан халқына су тарту жұмыстары кезінде түсіністік пен сабырлылық қажеттігін айтып, су құбырын тарту үшін жер қазылғанда сақ болуды, келген суды тиімді пайдалануды сұрады.

Ауданның ажары мен әрін келтіріп, мақтанышына айналатын, республикалық маңызы бар жол бойынан Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақшасы жанынан құрылысы басталғалы тұрған 160 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құны – 266,3 млн теңге. Кешенде баскетбол, волейбол, тренажер, күрес залдарымен қатар, бокс рингі, медициналық бөлмелер жұмыс жасайтын болады. Спорттан жетістіктерімен көзге түсіп келетін ауданымыздағы бұл кешен Сырым елін чемпиондар Отанына айналдыруға зор сеп болмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де мұнда барлық жағдай жасалады.

«Ақбұлаққа» қатысты жайды «Сырым» МКК-ның басшысы С.Нұрпейісов өз тарапынан толықтырды. Үш метр қашықтықтан үйге дейін экскаватормен жер қаздыру метрына 1000 теңге болып белгіленді. Бұрыннан үйіне су кіргізген тұрғындар трассадан тікелей тартса, сол тұрбаларды жақын жердегі шахталарға қосу мүмкіндіктері, суды тиімді пайдалану әрекеттері қарастырылатын болады.

Жымпиты ауылдық қоғамдастығының төрағасы А.Хамзин ауыл тұрғындарын сағындырып жеткелі отырған «Ақбұлақтың» құрылыс жұмыстарын ауызбіршілігіміз, қолдауымыз арқылы жәрдемдесуге шақырды. Траншеяларға түсіп кетпеуге мұқият болайық, бала-шаға, мал-жанның амандығына бір кісідей атсалысайық деді ақсақал.

Жымпиты ауылының халқы ауданға «Ақбұлақ» келіп, басты байлық денсаулыққа пайдасы зор дене шынықтыру және сауықтыру орталығының салынатынына қуанышын жасырмай, қаралған мәселелерге орай түрлі ұсыныстарын да алға тартты. Өлеңті ауылының тұрғыны Т.Елеубаев ауыстырылатын тұрбалардың диаметрі жобаға сай ма деп сұрап, аудан орталығындағы жазғы стадионның салынуына, бүгінгі жағдайына көңілі толмайтынын, өкпе ауруханасының салынған орын дұрыс еместігін, дене шынықтыру және сауықтыру орталығын Қарасудан салу керек деген ойын жеткізді. Аудандық телекоммуникация өндірістік торабының директоры С.Тәжмұқан су тарту жұмыстарына кәсіпкерлерді жұмылдыру, жаңадан техникалар қажеттігі жөніндегі пікірін білдірді. Ардагер спортшы Ғ.Қаналиев дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынатынына, аудан спортына жасалып жатқан қамқорлыққа қуанып, кешен қай жерден салынса да, жас өркеннің игілігі үшін деп, мәдени-спорт кешенін «Сырым» колледжіне спорт зал етіп беруді аудан әкімінен сұрады. «Сырым» колледжінің директоры С.Берсебаев 54 жыл тарихы бар оқу орнының әлі күнге дейін спорт залы болмаса да, тиісті орындарға хат жолдап, аудан әкімінің араласуымен 130 млн теңге қаржы сұралып, жатақхананың қарсы бетіне спорт зал мен кітапхана акт зал, асхана салыну жоспарланып отырғанын айтып, тағы да бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне қатысты салынатын орнын қолдайтынын білдіріп, Қарасудан корт салып беруді өтінді.

Аудан орталығының санитарлық-тазалық жағдайын Жымпиты ауылдық округінің әкімі Б.Хамидуллин баяндады. Ұйымдастырылған сенбілікке 240 адам жұмылып, 75 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылғанын, ауыл ішіне қойылған қоқыс жәшіктері туралы, «Таза аула», «Таза көше» байқауы ұйымдастырылатынын, жеке тұрғындардың күл-қоқыстарын шығаруы керектігін айтты. Тұрғындар тарапынан аула қоршауға материал беріле ме, контейнерлер қанша уақытта тазартылады, жарықшам орнату, жарықтың жиі өшетіні жөніндегі сауалдар қойылып, тиісті жауаптар берілді.

Алқалы жиынды аудан әкімі А.Шыныбеков қорытындылап, біздің басты байлығымыз – халық деп, құрылыс жұмыстары кезінде өте сақ болуды айтты. Аудан басшысы орталық жазғы стадионның жұмысы жандандырылып, оған бір күзетші алынатынын, аудан халқы спорттық шараларға тартылып, стадион бос тұрмайтынын, алдағы жылы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралатынын айтты. Қоршауы бүтінделіп, шешінетін орын мен әжетхана да болатынын жеткізді. «Өкпе ауруханасы жайында айтар болсам, аурухана салынбас бұрынғы тиісті мекемелермен қажетті келісім бар. Ешбір мекеме өкпе ауруханасы сол жерден салынбау керек деген пікірде болған жоқ. Қазірдің өзінде өкпе ауруханасы тұрғындарға ешқандай қатер тудырмайды. Жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасымен сөйлесілді, биыл аурухана қалады, бірақ өкінішке орай келесі жылы жабылады. 50-ден астам қызметкер жұмыссыз қалады. Бір ғана дәрігер мен медбике жұмыс жасайды. Қарасудан стадион салу мәселесіне келсек, әрине, корт болғаны балалар үшін жақсы. Дегенмен, бізден басқа он бір ауылдың да балалары осындай кортта ойнағысы келеді. Сондықтан биыл Бұлдыртыға, келесі жылы Алғабасқа корт салынады. Біздің ауылға содан кейін кезек келеді»,- деді Абат Абайұлы тұрғындар сауалына орай.

Тазалық мәселесінде салғырттық көптігіне тоқ­талған аудан әкімі: «Біз сенбілікті жасап, ауылды таза­ладық, алайда мекеме қызметкерлері жинап кеткен көшеге мәдениет қызметкерлері қоқыс тастап жатыр. Сонда бұл қандай мәдениеттілік, қандай түсінік? Үй иелері де сенбілік жұмыстарына белсенділік танытпайды. Үйінің алдын тазалап жатқанын көріп, бір де-бір тұрғын шығып, көмектескен емес»,-деді.

Біздің аудан орталығында «Ақбұлақ» пен дене шынықтыру және сауықтыру кешенінен басқа да жақсы жаңалықтар бар екен. Абат Абайұлы сүйінші хабарды халықпен бөлісті. «Сырым саябағын демалыс саябағы жасаймыз, ондағы жазықсыз жапа шеккендерге арналған тақтаны Алаш саябағына қойып, Сырым саябағынан балалар ойнайтын алаң, концерттік алаң, қарттардың демалыс орны ашылады»,- деп, аудан басшысы тұрғындардың көңіліне қуаныш ұялатты.

«Бүгін көтерілген мәселелерді түбегейлі шешуде бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қолдау көрсете білейік. Сырым елі дегенде жүрегіміз дүрсілдеп, жеріміздің, еліміздің жақсылыққа қол жеткізуіне атсалысайық. Бүгінде біздің елімізде бірлік, татулық, тұрақтылық, даму бар. Осындай игіліктер біздің ауданымызда да болғай»,- деді А.Шыныбеков сөзін түйіндеп.

 

 

 

Шынар ЯУДАҚЫЗЫ,

Жымпиты ауылы.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер