BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАРАЗЫЛАСАҚ...

Қазаны оттан, батыры аттан түспеген көшпелі елдің көшелі жұрты артына “Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл” деген аталы сөз қалдырған. “Жеріңнің аты - еліңнің хаты” деген тәмсілді де қазақ айтқан.

Бұқар жырау ауданындағы “Кернеевка” аталып кеткен елді мекеннің ертеректе “Керней ауылы” деп аталғанын естіп білген ел азаматтары С.Смағұлов, Т.Майбас, Б.Боқайтегі, М.Әбдіров, Қ.Боранқұлов, Ж.Смағұл, Қ.Игенов сол ауылға барып, жер атауына қатысты біршама деректер жинап қайтқан еді. Көп кешікпей Ботақара кентіндегі мұражайға сапарлаудың да сәті түскен.

Санкт-Петербург қаласында тұратын өлкетанушы Ю.Поповпен алматылық Қ.Боранқұловтың телефон арқылы бірнеше рет хабарласуының нәтижесінде ел тарихына қатысты, Керней баба жөнінде көптеген мәліметтер жиналды.

Мұрағат құжаттарына сүйенсек, 1903 жылдан бастап бос жерлерге украиндар мен белорустар қоныстана бастағанын байқаймыз. Әу бастағы аты Керней ауылы атанған елді мекен келімсектердің атауымен Корнеевка аталып кете барған. Өлкетанушы Ю.Попов елді мекеннің Керней ауылы атал-ғанын, бұл атаудың Керней деген рудың атына байланысты қойылғандығын жазады. 1985 жылдың 10-шы желтоқсанындағы “Знамя Ильича”газетінің №148-ші санында жарық көрген “Село у Керней горы” деген мақалада ауылдың оңтүстік шығысында теңіз деңгейінен 748 метр биіктікте Керней тауы (Керней гора) орналасқандығы айтылған. Керней жайлауы, Керней ұрпақтарының зираттары бар екенін де сол мақалада жазған.

Ауылдағы кітапханада елді мекен аумағындағы жер, су атауларының шығу тарихы жөнінде мәлімет сақталған. Таулар жөніндегі анықтамалықта: “Керней тауы ертеде Керней деген Қаракесек руындағы адамның атымен байланысты қойылған таудың аты” - деп жазылған. Енді бір деректе Кәрсөн-Керней болыстығы жөнінде айтылады. Ауылдың кіре берісінде “Керней ауылы” деген айшықты жазу тұр. Ауыл іргесінен Омар өзені өтеді.

Ботақара кентіндегі өлкетану мұражайында сақталған орыс өлкетанушысының 50-60 беттік жазбасында: “Восемь десятков лет назад поселились на берегу реки Керней-Карасу (почему то ДЭУ-69, которое находится на территорий Димитровского сельсовета упорно именует её Омаровской) украинцы и белорусы” деген сөздер бар. Бұл да жер, су атауларына қатысты деректерге дәйекші болғандай.

Бұл ауыл бауыр Бошан ауылдарынан қашық емес, сондықтан Машай ұрпақтарының осы жерден қоныс тебуі де табиғи заңдылық. Қарағанды қаласының тұрғыны Алтай Қазақұлы: “Анам Ғайния Керней баба Балқаш маңына жерленген деп айтып отырушы еді. Анам шежірені жақсы білетін” дейді.

Тарихшы, жазушы Төрехан Майбастың жазуынша Кернейден шыққан бірталай ақындардың өлеңі осы Ғайния Болбырқызының айтуы бойынша жазылып алынған. Қабыл атаның Балқаштан 30 шақырымдай жерде жерленгендігі жөнінде Мәкеш Тиыштықбайұлы да айтқан болатын.

Ауыл әкімі Назар Қабылтайұлы ауыл атауын қалпына келтіру жөніндегі қажетті құжаттарды ономастикалық комиссияның қарауына жібергендігін айтса, Қанат Боранқұловтың қаржыдан көмек көрсеткенін білдік.

Халқымыздың өзіне тән діліндегі ерекшелік - оң мен солын танығаннан бастап, шыққан тегі мен жеті атасын білуге ұмтылуы десек, жер, су атауларына байланысты әрбір тарихи дерек өскелең ұрпақ үшін аса қажет екені анық.

 

Аңғар СМАҒҰЛОВ,

Жарылғап батыр ауылы.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер