BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Тағы бір қайраткер...

Қазақ КСР халық ағарту халық комиссары болған Сұлтан Сүйінішәлин Ырғызда туған

Ия, таңданбай-ақ қойыңыз, біз бұрын осындай лауазымды жерлесіміз Темірбек Жүргенов атқарғанын білетінбіз. Темірбек Қараұлы 1933 жылдың шілдесінен 1937 жылдың шілдесіне дейін Қазақ КСР халық ағарту халық комиссары болып қызмет жасаса, сол жылдың соңынан бастап 1938 жылдың маусымына дейін бұл лауазым тағы бір жерлесімізге бұйырыпты.
Ол – Сұлтан (Хансұлтан) Сүйінішәлиұлы Сүйінішәлин.
Біздің Ырғыз өңірінің  тарихы әлі де шашыраңқы күйде жатыр. Өңірдің шежіресі туралы беймәлім деректер жетіп артылады. Осы айдың алғашқы аптасында аудан орталығында  көрнекті мемлекет қайраткері Тел Бұқпанұлы Жаманмұрыновтың туғанына 125 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова Ырғызда туған, есімі көпке жария болмаған тұлғалардың бар екенін тілге тиек етті. Олардың бірқатарының аты-жөндерін де атады.
Осы пікір ойға түрткі болып Қазақстанға белгілі қайраткерлер арасынан Ырғыз топырағында дүниеге келген адамдарды іздестіріп көргенбіз. Қолымызға тиген Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының ғылыми кеңесінің ұсынуымен шыққан «Қазақстанның халық комиссарлары 1920-1946 ж.ж. өмірбаяндық анықтамалық» (Алматы, 2004 жыл) атты кітаптан құнды деректерді кездестірдік. Мұнда Темірбек Қараұлы Жүргенов, Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов, Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов, Бәймен Алманұлы  секілді жерлестеріміздің суреттері мен өмірбаяндық деректері енген. Осы анықтамалық кітапта Бәймен Алманов «Ақтөбе губерниясы Шалқар уезі №2 ауылда мал өсіруші отбасында туған» деп көрсетілген.
Ал, енді оқырманға түсінікті болу  үшін бұған дейін бізге беймәлім болып келген жерлесіміз туралы осы кітапқа енген мәліметті толық жариялағанды жөн көрдік.
«Сүйінішәлин Сұлтан
(Хансұлтан) Сүйінішәлиұлы 
(1905-1941)
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында мал өсіруші отбасында туған, қазақ. 1925 жылдан Коммунистік партиясының мүшесі. 1932 жылы И.В. Сталин атындағы Бүкілодақтық коммунистік университетін бітірген (Ленинград қ.).
1921-1923 жылдары пошташы, қалалық милиция қызметкері (Шалқар қ.), Ақтөбе кеңес-партия мектебінің тыңдаушысы. 1923-1926 жылдары БЛКЖО Шалқар уездік комитеті саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі, кейін хатшысы. 1926-1927 жылдары БЛКЖО Қарсақпай уездік комитетінің хатшысы. 1928-1929 жылдары БЛКЖО Қостанай округтік комитеті тарату бөлімінің меңгерушісі, БК(б)П Қостанай округтік комитеті көшпелі партия мектебінің жетекшісі және үгіт насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1929-1932 жылдары И.В.Сталин атындағы Бүкілодақтық коммунистік университетінің студенті. 1932-1933 жылдары БК(б)П «Прибалхашстрой» аудандық комитеті мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі. 1933 ж. сәуір-мамырында БК(б)П Алматы облыстық комитетінің насихат секторының меңгерушісі. 1933-1937 жылдары БК(б)П Риддер қалалық комитеті мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі, хатшысының орынбасары, екінші хатшысы, ҚК(б)П ОК-нің бөлім меңгерушісі. 1937 ж. желтоқсанынан 1938 ж. маусымына дейін ҚазКСР халық ағарту халкомы.
Қуғындалған. 1938ж.тұтқындалған, 1940ж. сотталған, жазасын КСРО ІІХК-нің Сугурман колониясында өтеп жүріп қайтыс болған.
1955ж. қыркүйекте ақталған».
Бұл нақты мәлімет. Өйткені, «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» 12-томын, көршілес Шалқар ауданының «Шалқар» энциклопедиясын (2009 жылы шыққан), ғаламтордағы «Уикипедияны» қарағанымызда да Сұлтан Сүйінішәлин туралы ұқсас мәліметтерге кезіктік. Осы арада айта кетейік, Темірбек Қараұлы Жүргеновтен кейін екі ай (қазан,қарашада) Біржан Манкин есімді азамат Қазақ КСР Халық ағарту халық комиссары болса, желтоқсаннан бастап бұл лауазымның тізгінін жоғарыдағы жерлесіміз Сұлтан Сүйінішәлин ұстаған.
Зұлматты кезеңнің қаһарына ұшыраған ол бұл қызметті небәрі жарты жыл ғана атқарды. Өмірбаян деректерінен-ақ Ырғызда дүниеге келген Сұлтан Сүйінішәлиннің осал адам болмағанын аңғарамыз. Ел тарихынан ойып тұрып орын алған, кезінде елінің мүддесі үшін қажырлы еңбек еткен есімі елеуге тұрарлық азаматтың өмір жолы, өскен ортасы туралы толық зерттеу жүргізу кейінгілердің міндеті болуға тиіс деп білеміз.
Марат Мырзалы.
 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер