BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Белестерді бағындырған балғын боксшы

Салауатты өмір сүрудің бір белгісі – бұл спорт. Қазіргі таңда, жастарымыздың спортқа ерекше мән беріп, барлық спорт түрлерімен шұғылданулары көңіл марқайтады. Бүгінде ауданымыздың атын дүние жүзіне шығарып, абыройын асқақтап жүрген, мақтана аларлық спортшыларымыз жетерлік. Оған, бокстан әлем чемпионы, жерлесіміз С.Сәпиевтің олимпиададағы бір ғана жеңісінің өзі дәлел бола алады. Жас та болса бас болар демекші, міне, бүгінде спорт саласында жүрген осындай үлкен ағаларының ізін қуып, жолын жалғастырушы жас боксшыларымыз да баршылық. Олар талай додаларда ауданымыздың мәртебесін көтеріп жүр. Солардың бірегейі – Абай Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Жүсіпов Абылайхан Қайратұлы.

Абылайхан 1997 жылы Абай қаласында дүниеге келген. Ол спорт түрінің ең бір қиындығы мен қауіп-қатері бірге жүретін боксты таңдаған. Ата-анасының ықпал етіп, дұрыс жолға бейімдеуінің арқасында Абылайхан 7 жасынан бастап бокспен айналыса бастайды. Ең алғаш жеңіс тұғырынан көрініп, қуанышқа бөленген сәттері де осы кезден басталса керек. Боксқа келмес бұрын, жас бозбала спорттың күрес, футбол т.б түрлерімен шұғылданып көрген. Алайда, осы бір спорт түріне деген айрықша ынтасы мен сүйіспеншілігінің арқасында боксшы болуды қалайды. Сөйтіп, жас бозбала алғашында үйірмелерге қатысып, бокстың амал-тәсілдерін мейлінше меңгере бастайды. Осы кезде Абылайханды үлкен жарыстарға дайындап, бокстың қыры мен сырын үйреткен жаттықтырушысы Аманбаев Бауыржан Қуанышұлының еңбегі зор екені анық. «Ұстазсыз – шәкірт тұл» деген. Сондықтан ұстаздың білімі мен біліктілігін бойға жинаған Абылайхан сонау боксты бастаған сәтінен бастап, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, шет елдерде аудан абыройын асқақтатып жүр. Оған аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардағы жеткен жеңістері дәлел бола алады.
Абылайхан Ресей, Баку, Қырғызстан, Якутия сияқты көптеген шет мемлекеттерге дейін барып, бағын сынап қайтқандардың бірі. Мақтау-марапттарға, мадақтамаларға да кенде емес. 2012 жылы Ресей елінің бокстан спорт шебері Ашота Мхитарянаны еске алуға арналған VI бүкілресейлік турнирде I орын, Жасөспірімдер арасындағы ҚР-ның Чемпионатында I орын, Ақтөбе қаласында өткен әлем чемпионы Г.Джафаровтың жүлдесіне арналған Халықаралық турнирде I орын, Қостанай қаласында өткен Совет Одағының бокстан спорт шебері Б.Шындаулетовты еске алуға арналған біріншілікте I орын, 2013 жылы Әзербайжан астанасы Бакуда өткен Халықаралық турнирде III орын, Ресей еліне еңбегі сіңген тренер Н.Д.Хромовтың жүлдесіне арналған Мәскеуде өткен XI ашық бүкіоресейлік турнирде II орын, 2013 жылы Шымкентте өткен Азия Чемпионатында I орын және тағы да басқа жүлделерін тізе берсе, толып жатыр. Жақында аудан әкімі А.Елжасов Абылайханға зор ризашылығын білдіріп, спортқа қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапаттады.
- Мені осындай жеңістерге жетелеген ең басты бойымдағы боксқа деген ынтам мен жігерім. Спортқа деген құлшынысым. Сондықтан мен бокстың қандай ауыртпалығы болса да тайсалмаймын. Себебі, жеңіс деген оңай келмейді. Алға талпыну арқылы ғана белестерді бағындыра алады екенсің,-деп өз ойымен бөлісті кейіпкеріміз.
Сонымен қоса, Абылайхан жерлесіміз С.Сәпиев сынды Әлем Чемпионы болу арманы екенін де жасырмады әңгіме барысында. Бүгінде жас боксшы қыркүйек айында Киев қаласында өтетін Әлем біріншілігіне дайындық үстінде. Ендеше біз оған сәттілік тілейміз.
Нұргүл РАХИМБЕКОВА

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер