BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Меркі тарих төрінде

«Туған жер - тұғырың»- дейді ұлтымыз. Бұл сөздің үлкен мәні бар екенін айтпаса да түсінікті. Әр адам үшін өзінің туып-өскен жері ыстық та қымбат. Өйткені, оның саф ауасымен демалып, тал бесігінде тербеледі, өсіп-жетіледі, білім алады, саналы азамат болып қалыптасады. Сондықтан туған жерің сен үшін қымбат та, сүйкімді. Ақындарымыз оған жыр жолдарын арнап, ләззат алады. Енді бірі сол туған жерінің өсіп-өркендеу жолын ойға алып, қағазға түсіреді. Сол адамдардың бірі ретінде мен өзімнің туып-өскен жерім – Меркі өңірінің қалыптасуы, өсіп-өркендеуі туралы ауданның құрылғанына 85 жыл толу қарсаңында жазуды жөн көрдім.

Меркі ауданының құрылғанына 60 жыл толу қарсаңында 1988 жылы аудан басшылығының тапсырмасымен ауданның қысқаша тарихы іспеттес шағын кітапшаға авторлық жасап, баспадан аз таралыммен шығарған едім. Одан бері біраз жылдардың жүзі өтті, заман өзгерді, КСРО тарқап, Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 21 жыл толды. Дүниеге жаңа ұрпақтар келіп, өсіп-жетілді, олардың кейбірі отау құрып та үлгерді. Міне осы жас ұрпақтар өздерінің туып-өскен өңірлерінің тарихын, оның қалыптасу, дәуірлеу кезеңдері мен құлдырауын, Тәуелсіздіктің арайлы таңы атып, нарықтық заманға бет бұрып, ұлы көшке ілесіп келе жатқан Меркінің бүгінгі келбетін біле жүрсін деген ой-мақсаттың жетегімен тағы да осы тақырыпқа қалам тартып, бір кітаптың жобасы жасалып, баспаға ұсынуға әзірленуде.
Рас, бұдан бұрын, яғни 2001 жылы Т.Қожакеев пен Е.Сауранбаев ағаларымыздың құрастыруымен «ҚАЗақпарат» баспасынан «Мерейлі Мерке» атты кітап шығарылғандығы оқырмандарымызға жақсы белгілі. Кітап көркем тілмен көмкеріліп, Меркінің арғы-бергі тарихы тұтас қамтылып жазылған. Т.Қожакеев менің ұстазым. Ұстазымның басшылығымен шыққан кітаптың кейбір мәліметтері менің жазбаларымда қайталанатыны рас. Өйткені, ұстаз бен шәкіртінің қолданған мәліметтері бір жерден (мұрағат, мұражайдан) алынған. Ұстазым әр тарихи мәліметтерді кеңейтіп жазса, мен ықшамдап, қысқа жаздым. Мұным оқырмандарым үшін, оның ішінде өз өлкесін танып-білуге құштар мектеп оқушылары үшін қысқа да нұсқа мәліметтер ұсыну қажет деп есептедім. Сонымен Меркінің ежелгі тарихынан біршама елес беретін мәліметтерге сүйене отырып, ауданның құрылғандығы туралы сөз етейік.
Бүгінгі Меркі ауданы Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, Алатаудың бөктерінде орналасқан. Шығысында ол Қырғыз Республикасымен, солтүстік–шығысында облысымыздың Шу, солтүстігінде Мойынқұм, оңтүстік батысында Т.Рысқұлов аудандарымен шектеседі. Аудан аймағының солтүстігіндегі Мойынқұм алқабына іргелес жатқан жері – тәлімі шөлейт аймақ болып келеді. Меркі – ілгері заманда өзінің аймағындағы елден бөлек, тысқары жатқан, теке тірес заманда іргесіндегі Қытай патшалығын бағындырып, оларға үстемдік жүргізген, сөйтіп, әлемге белгілі, осы күнге дейін сақталған Қытай қорғанын салуға мәжбүрлеген Ғұн тайпаларының үлкен бір тайпасының аты екендігі тарихтан белгілі.
«Мерке – б.д.д. Қытай патшалығын бағындырып, салық салып, үстемдік жүргізген, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен Сақ, Ғұн тайпаларының ішінде бір үлкен тайпасының аты. Тарихта осы ғұнның бір үлкен тайпасы асқар Алатаудың бауырын Іле бойынан Мерке жеріне дейін мекендеген. Сондықтан да Талғардың үстінде Үш Мерке, қазіргі Меркі ауданының жерін, өзенін, тауын Мерке деп атаған. Сақ, Ғұн бабаларымыздан кейін, бұл жерді Үйсін бабамыздың ұрпақтары билеген, Үйсін бабамыздың 35-ші ұрпағы Мерке батыр жерін, елін қорғап, халқын ұлан-асыр байлыққа бөлеп, бақытты өмір сүргізген. Мерке табиғатын өте ұқыпты пайдалана білген, қорғай білген...». «Мерейлі Мерке» ҚАЗақпарат баспасы. 428 бет. Т.Қожакеев, Е.Сауранбаев.
Көптеген деректерде «...батыс түрік қағанаты «ежелгі үйсін жерін» жайлайды, демек оның аймағы ендік бағытта Қаратаудың шығыс баурайларынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанаттың астанасы – Шу аңғарындағы Суяб қаласы, ал оның іргесіндегі Меркі жерін батыс қарлұқ тайпалары мекендеген. «Қарлұқтар – ежелгі түріктер», - деп жазады тарихи мәліметтерде. Сондай-ақ Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Мұнда олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды», деп жазылған. Қарлұқтар моңғолдық белгілердің болмашы қоспасы бар европолық антропологиялық типке жатады. Қарлұқ тайпаларының бірі шігілдер туралы, қарлұқтар жерін 25 күн аралаған араб саяхатшысы Әбу Дулаф: «олар (шігілдер) әдемі келеді, айналасындағы тайпалардың бәрі оларды ұрлап әкетіп тұрады»- деп жазды. Шындығында, тарихтан белгілі атақты Тараз сұлулары да қарлұқтар қызы емесіне кім кепіл. Қазіргі Ташкент бір кезде Шаш, Қазықұрт – Газгерд, Сайрам – Испиджаб деп аталса, Тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атқанда Тараз бен Құлан көне атауларына қайта ие болды. Заманына қарай бұл қалалардың атауы өзгеріп тұрса, Меркі атауы сонау ықылым заманнан бері атын өзгертпей келеді. Жиі-жиі жорықтарға шығып тұратын жауынгер қарлұқтар негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Әрі олардың көшпелі мал шаруашылығын егіншілікпен ұштастыра жүргізгені де тарихтан белгілі.
 
Б.Жамбабаев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер