BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қазақ деген – домбыра Тоқсанбай Құлтумиев атындағы аудандық күйшілер сайысы

Жақында аудандық мәдениет үйінде күйші Тоқсанбай Құлтумиевтің 80 жылдығы дүрілдеп өткендігі белгілі. Міне, сол кеш үстінде сахнаға шығып сөз сөйлеген сазгердің жиені Халила Дүйсалиева Тоқаңның атындағы саз байқауын ұйымдастырса деген ұсынысын ортаға салып, ой тастаған болатын-ды.
 

 

Осылайша ұлт-аспаптар оркестрінің ең жас мүшесінің бірі болған жанның бұл сөзін құп алған №1 Саз мектебінің ұстаздарының бастамасымен, аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткен аптада Құлсары қаласындағы «Мұнайшылар» мәдениет үйінде Тоқсанбай Құлтумиев атындағы аудандық күй сайысы ұйымдастырылды. Оған қаладағы №2, №1 және Өнер мектебінен барлығы жүзден жүйрік іріктелген 26 шәкірт қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Байқаудың шарты да осал болмады. Сахнаға көтерілген балғын өнерпаздар, алдымен, міндетті түрде күйшінің «Комсомол» күйін нақышына келтіре орындап барып қана екінші кезектегі еркін тақырыпта өзінің қалаған шығармасын орындауына мұрсат берілді.

Сахнада құттықтау сөз сөйлеген білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Сейдахметова балғын домбырашыларға сәт-сапар тілей келіп, алға қарай сазгердің мұражайы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысын айтты. Байқау басталмас бұрын көрерменге Тоқсанбай Құлтумиевтің өмірі мен шығармашылығын паш еткен шағын деректі бейнефильм көрсетілді. Бұл, сөз жоқ, осындай өнер додасына алғаш қадам басып жатқан кішкентай шәкірттердің күй ғұмыр туралы рухани мол мағлұмат алуына септігін тигізгендігі анық. Сонымен байқау басталды. Тоқсанбайдың құрған оркестрінің белді мүшесі болған шебер домбырашы Балғын Нариковтың төрағалық етуімен Саз мектебінің мұғалімдерінен құралған әділқазылар алқасы балғын күйшілер өнерін саралады. Әрине, күй сайысы алғаш ұйымдастырылып отырғандықтан да оның кемшін тұстары кездесті.

«Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, қатаң сұрыптаудан өткен жүйріктер ғана мәре сызығын кесіп өтті. Қазылар алқасының ұйғаруымен ІІІ орын екі топтан да үш-үш сайыскерге берілді. Ал екінші жүлдені Қуаныш Иманғали, Эльвира Ізімова мен Нұрпейіс Жұмабаев, Азамат Құттығұлдар иеленді. Жеңімпаздар сапынан көрінген №1 Саз мектебінен үлкен топтан қатысқан Ақмарал Әзірбаева мен кіші топтан бәйгеге қосылған Бағжан Сарсенхановалар болса күй өнерін өз деңгейінде меңгергендігін көрсетіп, І орынға көтерілді. Бірақ әділқазылар алқасының тағайындаған жүлдесі жалғыз мұнымен шектелмеді. Өйткені қазақтың қоңыр домбырасын одан да асқан шеберлікпен шерте білген балғын дарындар да көзге түсті. Олар Тоқсанбай Құлтумиев атындағы Саз мектебінің шәкірттері болып шықты. Атап айтқанда, жоғарғы топтан Хамит Сағынбаев пен төменгі топтан өнер көрсеткен Перизат Күзембаева байқаудың Бас жүлдесіне лайықты деп танылды. Жүлдегерлер ұйымдастыру алқасының дипломдары мен бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Е.Қошақанов
 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер