BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Саңлақтың бірі де, бірегейі де – Тоқсанбай Биыл дарынды күйші Тоқсанбай Құлтумиевтің туғанына 80 жыл)

Жылыой – тарихы бай өлке. Бұл жерде суырыпсалма ақындармен қатар, таңды таңға асыра сөз саптаған жыршылар, кең даланы күмбірлеген күйге бөлеп, сазымен тербеген небір дара дарынды күйшілер мен сазгерлер, жезтаңдай әншілер өткен екен. Соның бірі де бірегейі – Тоқсанбай Құлтумиев.
 

 

Жастайынан домбыраның құлағында ойнап, күй атасы – Құрманғазының күйлерін орындаудың хас шебері атанған ол Қаратондағы мұнай кәсіпшілігінде оператор-мұнайшы болып еңбек ете жүріп, домбырашылар оркестрін құруы – өнерге деген құштарлықтың белгісі еді. Дарынды домбырашы болған әкесі Сүйіндік те 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысуы арқылы шашасына шаң жуытпаған шынайы шебер, талант тұлпары екендігін танытқан еді. Әке жолын қуған Тоқсанбай да 1958 жылы осы Кеңестер Одағының астанасындағы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысып, жеңісті жетістіктерге жетті. Дәулескер күйші домбыраны шебер меңгерумен қатар өзі де жанынан күй шығарып, ақын өлеңдеріне ән жазды. Оның «Комсомол», «Партия туралы күй» атты күйлері мен «Анашым», «Өзіңсің ғой өмірімнің бұлбұлы», «Оператор қарындас», «Жазыңменен өмірімді жылытшы» секілді басқа да әйгілі әндері болған. 1961 жылы журналист Теңдік Жауыров облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне «Шаттық сазы» атты очерк жазып, сазгер өмірінің тарихи деректеріне қатысты мол мағлұмат келтірді. Ал 1965 жылы Т.Құлтумиевтің «Аманат» деген шығармалар жинағы жарық көрді. Бүгінгі таңда дарабоз күйшінің есімі мен шығармашылығы аудан халқына кеңінен танымал десек, артық айтқандық емес.
Өмірден небәрі 31 жасында құйрықты жарық жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан талантты күйшінің атын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа танытып, санасына сіңіру мақсатында ауданның кітапханаларында әдеби-сазды кештер, көрмелер мен библиографиялық шолулар ұйымдастырылып келеді. Алдағы 2013 жылы да күйшінің шығармашылығына арналған шараларды жалғастыра түсу жоспарланып отыр. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханада «Тоқсанбай Құлтумиев» атты материалдар альбомы жасақталған. Күйші-сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер де баршылық. Соның ішінде, жергілікті қаламгер Қонаш Қалдыоразұлының «Дала сазы» атты кітабында Т.Құлтумиевтің өмірі мен таланты, ұрпақтары хақында қалам тербелген. Сонымен қатар, «Жылыой қаламгерлері», «Жылыой» энциклопедиясы, «Жылыой жылнамасы», «Құтты мекен Кең Жылыой» атты кітаптарда да ғұмырбаяны мен шығармалары берілсе, Х.Қыдырбайұлының «Есбай» атты еңбегінің ішінде Тоқсанбай мен оның әкесі Сүйіндік туралы аз да болса деректер келтіріледі.
Құлсары қаласындағы №1 саз мектебі Тоқсанбай Құлтумиевтің есімімен аталады. Демек, Жылыой өнерінің тарихындағы қайталанбас мәңгілік тау тұлғаның атақ-даңқы мен шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз. Күйшінің мерейтойын атап өтуді аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қолға алды. Жақында өткізілгелі отырған «Көкірегі күйге толы шежіре» атты күйші-сазгерді еске алуға арналған кеш – дәл соның айғағы.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп ұлы Абай бабамыз жырлағанындай, Тоқсанбай күйші аудан мәдениетінің тарихында асыл мұраларымен бірге мәңгілік жасай бермек.
Б.Кенжебекова,
аудандық орталықтандырылған кітапхананың
әдістемелік бөлім меңгерушісі
 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер