BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

ТОЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ

Сарысу топырағынан жаралып еңбегімен елге танылған, іскерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен, ел басқару ісіндегі ерекше қасиетімен ел есінде қалған жандар аз емес. Сондай біртуар асыл азаматтардың бірі, халқының ұлы болған Айтбай Назарбеков туралы ел аузында әртүрлі аңызға бергісіз әңгімелер баршылық. Ол кісінің көз тірісінде Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы болып жүргендегі елі үшін еткен еңбегін көнекөз қариялар жыр қылып айтар еді. Іскерлік қасиетін жоғары бағалаған облыс басшылары Айтекеңді облыстағы іргелі ауданның бірі -  Жамбыл ауданына аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп жоғарылатады. Онда да ел назарына ілігіп, құрметке бөленеді. Кейіннен ұзақ жылдар Мойынқұм ауданында партия комитетінің бірінші хатшысы болып абыройлы қызмет атқарған.

Нұрлан Рахымжанов, Жайылма ауылы

Айтбай Назарбеков туралы Жайылмалық қария, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Баймаханов Адамбайдың, шежірелік аңыздардың қоймасы  Шаханұлы Беркіннің ауыздарынан талай мәрте естіп, қаныққаным бар-ды.

Шаханұлы Беркін қарияның айтқан бір әңгімесінде: Айтекеңнің кіндігінен біршама ұл-қыз тарағаны айтылады. Солардың бірі  Абай атты перзенті қолы сынып, шор болып қисық біткен екен. Баланың қолын түзетемін деп Айтекеңнің апармаған жері жоқ. Содан оны емдемек болып Маятастағы атақты оташы Тілемісұлы Ибаділдәға әкеледі. «Үшназар» шабындығының басында үй тіккізіп ем қабылдайды. Ибаділдә қарияның сылап-сипауымен Абайдың сіресіп қалған қолы икемге келіпті. Сонда Айтекеңе Ибекең:

- Бір айдан кейін қайтып кел, - десе, Айтекең:

- Қолы мылтық атуға келеді ме?- депті.

- Келеді.

- Ә, мылтық атуға икемі келсе, енді әуре болмаңыз. Осы да жетер. Мылтық ата алса, өлмес, күнін көрер, - депті Айтбай.

Содан Ибаділдәға қайтып емдетпей, Абайдың қолы қисықтау болып қалған екен. Бірақ, кейіннен ол да әкесі секілді елге танылып, кеңшар директоры болды, жоғары қызметтерді атқарды.

Уағында Айтбайдың әйелі ауданға Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келгенде басына сәукеле киіп, алдынан шығып иіліп тәжім етіп қарсы алған. Осы бір көрініс Қонаевқа қатты әсер етіп, Айтбайдың шаңырағынан келіп дәм та-тады. Екеуінің достықтары керемет үйлесім тауып, ел аузында «Бір  Қонаев, бір  Назарбеков» болып жайылып, Айтекеңнің дүрілдеп тұрған кезі.

Айтекеңнің қызының ұзатылу тойына мына Адамбай да барды, - дейді күліп Адекең. - Қазіргі Тараз шаһарының Ташкент даңғылының бойында «Парлаг» дейтін бір мейрамханада болды той. Тойда қыз ағасы деп маған сөз берді. Айтбайдың бәйбішесі Айтбике, Ақышев Жаңабай дегеннің қарындасы болатын. Халық жинақ кассасында қызмет еткен. Жаңабайдың өзі кешегі Арқадан ауған елді Саудакент төңірегіне орналастыруда, оларды астықпен қамту, ашыққан, жетім балаларды интернаттарға орналастыру кезінде көзге түсіп, назар-ға іліккен жан. Аудандық партия комитетінің хатшысы болып тұрған-да 1941 жылдың қарашасында соғысқа аттанғандардың бірі еді.

Сол Жаңабай мен әкем Қойшығараұлы Баймахан - арасынан қыл өтпейтін дос, сый-құрметі үзілмеген адамдар болған. Адекең қыз ағасы болып тілек айтуға ортаға шығады. Төралқада: Оңда-сынов Нұртас, Байбатшаев Шабдан, Оңғарбаев Ахай, той егесі Айтбайдың өзі отыр. Нұртас Оңдасынов  бұл уақытта Гурьев об-лысының басшысы, сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген. Алдында 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстанның Министрлер кеңесінің төрағасы, 1954-1955 жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төрал-қасының төрағасы болған, қазақ үшін аса қадірлі азаматтардың бірі. Осы кісі кейін өз өмірі туралы мемуар жазып, сонда «Мен Қазақстанға түк жақсылық жасаған емеспін. Пәлен жыл үкімет басқарғанымда менің қолымнан бір ғана іс келді, «Мойынты - Шу» темір жолын салдырдым. Осыдан басқа Қазақстан үшін еш еңбегім сіңген жоқ» деген.

Байбатшаев Шабдан  алдында ғана Сарысуда аутком төрағасы болып жұмыс істеп кеткен.

Оңғарбаев Ахай  уағында Қазақстанның Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары және Қазақстан халықтық бақылау министрі болып қызмет атқарған. Тура осы уақытта Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүрген азамат. Сарысу ауданының тумасы.

Тойды басқарып отырған адамдарға қарап-ақ Айтбай Назар-бековтің беделінің аса жоғары, тек қана бір Сарысудың, Мойынқұм-ның азаматы ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ ұл екендігін аңғарғандай боласың. Әйтпесе, қазіргі тілмен айтқанда аудан басшысының тойы-на Премьер-министр мен Республикалық Есеп комитетінің төраға-сы келмейді ғой.

Сонымен, қыз ағасы болып, қарындасым мен күйеу баланың тіккен отауларының іргесінің берік болуына тілектестік білдіріп, құттықтап сөз сөйледім. Сөз сөйлеп біткен соң, жігіттің Қытайдан келген нән қара ағасы бар екен, сол маған келіп:

- О, құда, келіңіз, келіңіз, - деп қошемет жасап жүр.

Екеуіміз күліп, әңгімелесіп тұрғанда жаңағы жігіт:

- Сіз Жайылманың адамы екенсіз ғой. Білемін сізді. Мен де сол Жайылмада қой баққанмын, - деп жабысып айырылмайды.

- Оу, сенің қой баққаныңды білмеймін. Мен Жайылманың адамы емеспін, - деп бой бермей жатырмын.

Сөйтсем, жаңағы жігіт  Айтбайдың күйеу баласының жақын ағайындары болып келеді екен. Қазақстанға алғаш келгенде, біздің Сарысу ауданының Жайылма кеңшарына келіп Социалистік Еңбек Ері Қуандық Байзақовтың қарамағында қой бағыпты. Содан соң, Қытайдан келген қазақтар Алматы облысының Іле ауданына ұйымдасқанын естіп, сол жаққа көшіп кетіпті. Осылай екеуіміз әңгімелесіп тұрғанымызда біреу келіп:

- Сізді шақырып жатыр, - деді маған.

Жаңағы кісіге ілесіп келсем, бір бөлмеде жаңағы той басқарып отырған төртеу отыр. Шабдан Байбатшаев пен Айтбай Назарбеков мені бұрыннан таниды. Қалған екеуі менің кім екенімді білмейді де. Мен келіп отырғандармен амандасқаннан соң, Нұртас Оңдасынов тұрып:

- Бағанағы жігіт осы ма? - деп сұрады Айтбайдан.

- Иә, осы, - деп жауап береді Айтекең.

- Ей, жігітім, сен Сарысудан келдің бе? - деді Оңдасынов маған қарап.

- Иә, Сарысудан келдім, - дедім.

- Әй, басы мынадай адам бар еді ғой, білесің бе, - деді Оңдасынов екі қолының басын біріктіріп, басының үстіне шошайтып қойып.

Ел арасында «Маябас» Оспан, «Қалмақбас» Оспан аталып кеткен Қабанбаев Оспанды айтып жатқанын біле қойдым.

- Иә, білемін. Ол  Қабанбаев Оспан деген кісі. Бұрын колхоз төрағасы болған. Қазір «Жайылма» кеңшарында директордың орынбасары, - дедім.

- А, солай ма, - деді Оңдасынов ойланып.  Бар ма?! Сәлем айт менен.

Шамалы ойланып отырып:

- Сол Оспанның қасында ана бір қызыл шырайлы бір кісі болып еді. Екеуі қалжыңдасып, әңгімелесіп отырушы еді, - деді Оңдасынов.  Ол жігітті білесің бе?

- Енді, мен шынымды айтайын. Мен сыртта жүрген адаммын. Бірақ, Жайылманың жігітімін. Елден ертерек кетіп қалғанмын. «Халық жауының» баласымын мен, - деп ол кісіні танымайтыным-ды мойындап.

Әкем Қойшығараұлы Баймахан Жайылма ауылдық кеңесінде хатшы болып қызмет атқарып тұрғанында 1938 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтеді. Сайлаудың алдында қырманда жұмыс істеп жүргенінде, «Жондағы сайлау үйін өртейін деп жатыр» деген хабар берілген. Сөйтіп, нақақтан-нақақ, өтірік жаламен қамаққа алынған. Әкем қолына кісен салынғанда ауылдың бас көтерер азаматы болып қалған Қабанбаев Оспанға: «Елді, Оспан, саған тапсырдым» деген екен. Сол сөзі Оспан Қабанбаев үшін аманат хаттай миына жазылып қалған да, сол жолда еңбек еткен екен. Оны да кейін өзіме жыр қылып айтты ғой Осекең.

- Нұреке, бұл жігіт сыртта. Ауылдан жастайынан кеткен. Соғысқа қатысқан, - деп Айтбай түсінік беріп жатыр,- Сіздің айтып отырғаныңыз Әбішов Әйнекбай ғой.

- Ә, бар ма ол кісі, - деп елең ете қалды Оңдасынов.

- Ол кісі бар. Қазір  Калинин атындағы кеңшарда директордың орынбасары,-дедім мен.

- А, шырағым, сәлем айт менің атымнан, - деді сонда Нұртас Оңдасынов.

Тереңірек, тарих қатпарына үңіліп қараған жанға - 1947 жылы үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновтың Сарысу ауданына келіп ауыл шаруашылық қызметкерлерімен кездесу өткізгендігі, сол жиында Оспан Қабанбаевтың Бетпақдалаға мал шығару туралы бастама көтергені, сол бастаманы қуаттап, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Болатбек Кәриевті бас қылып, бастама көтер-ген Оспанның өзін қос қылып, елді үлкен жолға аттандырғандығы, сол сапардан қайтқан комиссия мүшелерін көрші Оңтүстік Қазақ-стан облысы, Созақ ауданының Жолөткен өткелі тұсынан, қазіргі «Тасты» ауылының түбінен Оңдасыновтың өзі бас болып күтіп алғандығын білетін болар. Одан соңғы уақыттарда да екі колхоздың басшыларының  Оспан Қабанбаев пен Әйнекбай Әбішевтің бір мәмілеге келіп сөздерін жұптап, шаруа жайын айтып, Қазақ КСР-і үкімет басшылары алдына дейін барғандығы, қабілет-қарымы-ның, іске деген жанашырлығының дұрыс екендігі, сөйтіп үкімет басшысының көңілінде жақсы қырларымен орнығып қалғаны осы-мен дәлелденеді. Бұл бір жағы Оңдасыновтай басшы адамның адамгершілік қасиеттерінің молдығын көрсетеді. Айтекеңнің арқа-сында ірі тұлғаларды танып-білгендей болдық қой. Жандары жан-натта болсын азаматтардың, - деп бетін сипап әңгімесін аяқтады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер