BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қазақтың қобызшы Молықбайы

Құлагер ақын Ілияс Жансүгірұлының құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойып, кіндік әкесі саналатын қобызшы Байсақұлы Молықбайдың қайтыс болғанына 81 жыл толды. Жетісудың жорғасы, маймаңдаған бақайшағы, заманының ықылым өнерпазы, бармағынан бал тамған қобызшы, күйші, ақын, өлеңші, бақсы-балгер, құмалақшы, сал-сері Молықбай Байсақұлы 1857 жылы туған.
 

 

Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.
Бақ қонып, қасиет дарыған Байсақ «Желді қарағай» деген асуда өсіп тұрған қос қарағайдың жоғарылау тұрғаны жел соққанында үн шығаратынын тыңдап біліп, қобыз жасатуға сол қарағайды әкесі Бұғыбайға кестіртіп алады. Қобызды өз туысы Бектөлеге шаптырып жасатады. Қобызды күміспен күптеп, алтынмен аптаған, аталас туысы, зергер шебері Естібай Мырзағұлұлы болады. Оның ішегі мен шанағына, әмісе жүйрік аттың қылын қолданып отырады. Байсақ қобызын арғын елінде ат бәйгесіне қосып, кие кісілері арқылы аламанда бірінші келтіреді. Соған байланысты ел-жұрты Байсақты «Дәупірім» деп атап кетеді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетіне шыққан, «Азамат ақын» атаулы естелігінде Орал Мекембаева: «Молықбай қартты біздің Үлгілі ауылының бар баласы жақсы білетін. Оның қара қобызы сәл желдің лебінен дем алғандай өз-өзінен сыңсып тұратын. Менің ойымша сол қобыздың жаны бар секілді. Тіпті ауылдағы адамдар «Ұлы Отан соғысы жылдары осы қара қобыз халықпен бірге қайғырып, неше бір мұңды сазды тартты» деп жазады.
Қобыздың мойынының морт сынғаны мен жаңқаның орнының тесігі қалғаны рас. Байсақ кіреберіс босағадағы босанған әйелдің жолдасы көмілген, бет топырағы бос жатқан, шұңқырға аяғын тығып алып, оқыс құлап, тобығы мен жіліншегін сындырады. Сонда Байсақтың үйінің төрінде ілулі тұрған қара қобыз өздігінен жерге құлап, ол да мойынынан морт сынып, бір жағындағы жаңқасы орнынан тайып шығып, орны үлкен тесік болып қалады. Осы салдардан киелі үлкен қара қобызды ел-жұрт «жарық қара қобыз» деп атайды.
Киелі жарық қара қобыз 1930 жылдан 1984 жылы Талдықорғандағы Ілияс Жан-сүгіров мұражайына өткізіл-генінше, Молықбайдың келіні, Адасқанның үйінде сақталып келді. 1978 жылы Адасқан апаның үйі дымы қалмай өртенгенде, сандықтағы қара жарық қобыз өрттен дін аман қалады. Бұл әлі шешуі табылмаған қобыздың кие, қасиеті десе де болар.
Молықбайдың әкесі Байсақ-тан кейін қара қобыз сегіз жыл иесіз үй төрінде ілулі тұрып қалады. Бір күні Молықбайды Садақтыда тары орып, баулап жүргенінде, әкесінің бір қаршыға бастаған жүз кісілік пір киесі көзіне көрініп, кие қысып, ие буып тастаған жерінен көпшілік ес-түссіз күйінде оны үйіне жеткізеді. «Ақсарбас» атап сойылып, Молықбайға әкесінің қасиеті қонып, үлкен нағашысы Қылышты (Қосымбайдың) бақ-сының дәріпі дарып, қобызда ойнап, бақсы-балгер, емші болып, жадынан өлең шығарып, қобыз сарынына қосып ән, жыр айтып, үш ішекті, төртбұрышты домбырада күй шертіп, халық қолдауымен сал-серілік ғұ-мыр да кешеді. «Бозінген» әлқиссасында І.Жансүгіров: «Жар қабақ, сида, арсақай, сар
шұбар шал,
Көзінің жаңылмасам ақшылы
бар.
Шайыдан шапан киіп, үкі тағып,
Бұлғақтап, болған десед сері
де сал» -
деп жазады.
Дәмелі Имашқызы мен Қалпендеұлы Орысбайдың қалдырған деректері бойынша Молықбайдың түр-сипаты: «Келбетті, ұзын бойлы, сүйегі сұлу, бітімі тік, сақалды, мұртты, бетінің сары шұбар секпілі бар, өңі сары, бүркіт мұрын, оң жақ шекесінде алақандай қалы бар, жар қабақ, арсақай, дауысы жуан», - делінеді. Бұл Ілияс Жансүгірұлының «Күй» поэмасындағы «жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар шал» деген қобызшы Молықбайдың суреттемесімен дәл келеді. «Молықбай қысы, жазы басынан елтіріден тігілген бөрік пен зер тақиясын тастамай, үстіне жазда желбегей шайы шапан, қыста елтірі тон, аяғына саптама етік киіп, өзін өте мұқият таза ұстаған, кірпияз жан еді», - деп деректейді Елубай мен Досбайдың Жанатбектері.
1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол сапардан Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына 1929 жылы бас-тырып шығарады. Ілиястың «Күй» поэмасын Сұлтанбек Қожанов: «Өте жоғары деңгейлі шығарма», - деп бағалайды. «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Ақ көбік-көк көбік» күйлері туралы Молықбай атаның өз аузынан әңгімесін естіген Мұхтар Әуезов 1927 жылы очерктер жазғаны белгілі.
Ілияс Жансүгіров 1927 жылы жазған «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Жетісудың Талдықорған уезінде Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, т.б,) тартатын күйлері мыналар: «Мәдіген шора», «Барақ», «Жошы хан», «Бес төре», «Ақмеди», «Әуре-сарсаң сандалкөк», «Түрікпен», «Әрине-ау», «Түйек қалды», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қарқара-ау», «Қос мерген», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры», «Саркідір», - деп атап жазады. Молықбайдың бұдан басқа ел есінде сақталып қалған күйлері: «Құлақ күй», «Тоғыз толғау», «Жез киік», «Жарбол», «Ақ көбік - көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны», «Қазан», «Қорамжан», «Бозінген», «Ер Әлінің дүлдүлі», «Ерден», «Ықылас», «Қара жорға», «Сылқылдақ» деп аталады.
Молықбайдың суырып салма ақындығы мен өлеңдері терең ойлы, философиялық мағынаға өте бай, қанықты болып келеді. Мысалы:
«Жанды нәрсе өледі,
Қыл ырыздық қанағат,
Қайта бәрі өнеді.
Жаңа нәрсе тозады,
Адал болған азамат,
Қай күнде де озады.
Босқа жүрме алқынып,
Еңбек ет адал талпынып.
Байқайсыңдар ма, халқым,
Жақсы өмір тұр шақырып».
Ілияс Жансүгіров 1920 жылы асыл жары, елі тасыбай, Берентайқызы Аманшаға үйленеді. Тойға қобызшы Молықбай келіп, өлең-күймен думан жасап, отау құрған екі жасқа ақ батасын береді. Молықбай: «Айналайын, Ілетай! Қызын алдың Берентай. Қосағыңмен тату бол, берер сыйым, міне, тай!» - деп, тойына бір тайды тарту етеді.
Молықбай бақсылық ем-домды кім көрінгенге жасамаған. Өзінің ішкі сезімімен сезіп, ем-домы қонатынына көзі жетсе ғана ол адамды емдеуге келіскен. Ақы сұрамаған, елдің бергенін ризық тұтып жүре берген. Тұйғын ақын Қуат Терібаевтің «Күнсағила» деген поэмасы бар. Сол Күнсағиланы талма ауруынан жаз айында жайлауда Молықбай жазады. Қаниса деген әйел бір аяғынан ақсап, баса алмай таяққа сүйеніп келсе, Молықбай сол әйелді оқыс аяғының шыққан жерінен теуіп жазып, ол әйел үйіне сау қайтады. Елі емелелі, 1910 жылы туған, Мұсанов Қанабек ақсақалдың анасы Қалипан, ағайы Шәкербай екеуін үлкен «құлғана мерез» дертіне шалдыққанын 1917 жылы жазады.
Молықбай цирк ойындарын көрсеткенде, жиналған ел оның денесіне жарақат түспес үшін, «дақ салма» деп адақтап тұратын болған, сол салдардан Молықбайдың елге көрсеткен ойындары «Дақ салма» деп аталады.
Ақын Сараның Жиенқұлдан қайтып азат болудың амалын таппай, талай тарыққаны өз өлеңдерінде келтіріледі. Ақын Сара түс көріп, түсін аталас туысы Молықбайға жорытады. Сараға Молықбай: - «Бостандық аласың! Мұңыңды өз еліңе айт! Сосон сыңарыңды дұрыс тап!» - деп жориды. Жоруы дәл келгені тарихтан аян. Ақын Сараның түсіне кірген «Аққу» өлең болып осылай шығады.
Елі бөрте Бисеке мырза: «Молықбайдың тартқан қобызының сарынына тоймадым! Өмірден өтерімде сол сарынды бір естіп өлсем, арманым болмас еді?» - депті. Бисеке сақай, тастемір Арнай болыстың ауылына келгенінде аяқасты ауырып, емдеуге Молықбайды Арнай алдырады. Бисеке Молықбайдың қобыз сарынын естіп жатып көз жұмады.
Қапал мен Лепсі уезінің ояздары Молықбайдың өнерін жоғары бағалап, Шұбарағаш-Ойжайлауда үш жылда бір өтетін съезге өнерін көрсетуге Молықбайды арнайы алдыртып отырады. Халық «тоқсан күй қобызында Молықбайдың» деп оның өнерін пір тұтады. Ақынжан молда мен Сүлей қажының деректерінде: «Қобызшы Молықбай құран сүрелері мен аяттарын қобыз сарынына дауысын қосып, өлең қылып айтқан», - делінеді.
Молықбайдың қобызына 77 жылдан кейін Қанат Дотаұлы Қазақбаевтың қолымен Астана қаласында реставрация жасалып, Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров мәдениет үйінің сахнасында, 16-мамыр күні, астаналық «Тілеп» қылқобызшылар квартетінің жетекшісі Әлқуат Дотаұлы Қазақбаев Молықбайдың қобызымен екі күй орындады. «ҚазҰМА» профессоры, қобызшы Раушан Мұсақожаева: «Молықбай – қобызшы, Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасын жалғастырушысы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі» - деп, 2007 жылы 15 мамырда Талдықорған қаласында өткен қобызшы Молықбайдың 150 жылдығына арналған танымдық конференциядағы баяндамасында бағалады.
Молықбай - кеңес өкіметі белсенділерінің астамшыл істерінің қуғын-сүргінінің құрбаны болған. Молықбай Құрақбайдың келіні елі ноғас Имашқызы Дәмелінің төркіні мінгізген тор атқа ықыласы ауып, Құрақбайдан қалап сұрап алады. Молықбайдың аталас інісі Нөкербек, партячейка қызметінде жүріп, тор жорға атты Моқаңнан сұрап алып, кеңес өкіметі жасаған талай тойдағы жорға жарысына қосады. Ат басқа аттарға дес бермей, бас жүлдені әперіп отырады. Газет беттеріне тор жорға аттың суреті басылып шығып, даңқы асқақтайды. Тор жорға атқа кеңес белсенділерінің көңілі артып, әсіресе қызылдар белсендісі Күнтуов Құндақбайдың талабы ызғарлы болады. Қалау- тілектері орындалмаған кеңес белсенділері Молықбайдың ісін дік, кек көріп, 1928 жылы екі жүз пұт бидай астық «продналог» деп, оған салым салады. Молықбай өзіндегі бар мал мен қаражатын жиыстырып, салымды өтейді. 1929 жылы қызыл белсенділері Молықбайға үш жүз пұт бидай астық салымын тағы салады. Оны өтеуге мұршасы жетпеген Молықбайды белсенділер «халық жауы» деген желеумен қобызы мен өзін қамауға алып, тор атын, күміс ерін, үй мүлкін «тәрік» деп тәркілейді. «Халықтың Молықбайын ұстадыңдар, қарау ниет, жүзі қаралар» деп, қайнар Торыбай Молықбаймен бірге Алматыға айдалып, Көкесік түрмесіндегі абақтыға екеуі қамалады. Түрмеде Молықбаймен уақытша ұсталған ақын Кенен Әзірбаевтің да жолдары ұштасыпты.
Молықбайдың түрмеде қобызбен орындаған күйлеріне, өнеріне тәнті болған түрме бастығы мен колонна басшысы Молықбайды үш күнге астыртын өз үйлеріне босатып апарып, қобыз сарынына дауысын қосып тартқан күйлерін үнтаспаға, одан пластинкаға жазып алады. Колонна басшысы Молықбайға түрмеден бостандыққа шығуға көмектесіп, «Молықбайды келіп, алып кетіңдер» деген, үй-ішіне телеграммамен хабар жібертеді.
Молықбайдың әйелі мен баласы өгіз арбамен бір ай мерзім шамасындай жол жүріп, Алматы маңындағы Көкесік түрмесіне жеткенінше, Молықбай іш ауруы-нан 1930 жылы көкек айының 30-ында 73 мүшел жасында қайтыс болып кетеді. Амалы құрыған әйелі мен баласы киелі қара жарық қобызды алып, кері елге оралады.
Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэмасында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қорқыт - иісі түркі еліне ортақ болса, Молықбай - қазақтың қобызшысы», - деп ардақ қыла бағалайды.

Жемісбек Дулатбекұлы ТОЛЫМБЕКОВ.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер