BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Ай келбетті Ақбілек

 Жуырда аудандық кітапханада оқырмандар конференциясы ұйымдастырылған еді. Ол Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романына арналды.Конференцияны кітапханашы Ә.Нысанова сөз сөйлеп ашты. Ол «Бір ел- бір кітап» акциясына байланысты өтіп отырғанын тілге тиек етті.Кітапханашы З.Енбаева Ж.Аймауытовтың өмір жолына, шығармашылығына тоқталды. 

 АҚШ-та «Бір ел-бір кітап» жобасының идеясы өте танымал болған деседі. Ол «Бір кітап-бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген жобаларына негізделген екен. Осыған ұқсас мәдени шаралар әлемдегі көптеген елдерге кеңінен тараған. Қазақстанда «Бір ел-бір кітап» акциясы алғаш 2007 жылы басталды. Алғашқы жылын Абай атамыздың гауһар жырларымен бастап берген бұл игі шара келесі жылы кемеңгер жазушы М.Әуезовтің «Қилы заман» романымен жалғасқан.
2009 жылы М.Жұмабаевтың «Жан сөзі» шығармасы талданды.2010 жылы көрнекті ақын Ж.Молдағалиевтың «Мен-қазақпын» поэмасымен жұртшылық кеңінен танысты.Биыл «Бір ел- бір кітап» акциясына Алаштың ардақты ұлы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы таңдап алынды.
ХХ ғасырдың басында ұлттық әдебиеттің көптеген жанрында өнімді еңбек еткен жазушының «Ақбілек» романы - бір ғана қазақ халқының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының, жалпы ұлттық ұстанымының өзгеру процестерін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. Әрине, акцияның мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген көзқарасты нығайту екені ақиқат.
Сөз зергері, көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов романға «Чудесный нәрсе» деп ұтымды баға берген. Жазушы Р. Тоқтаров «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады деген екен. Ақбілектің көзі құралай, күлкісі атқан таңдай болып, бойы құба талындай суреттеледі. Оның кейінгі тағдыры орыстың қолына түскен әлдеқандай сорлының қара құманындай, қора астауындай, Жырық шөміштей мұңды, қайғылы. Алыс Алтайдың аруы, Марқакөлдің көркем сұлуы амалсыз уақыт дегеніне көнеді. Әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының қарапайым қыз өшіккен адамдардың кесірінен ақ әскерлердің тұтқынына түсіп, көп қиыншылықты басынан кешірсе де мойымады. Жас ару бүлінген тағдыры, күлі көккеұшқан арманы, аяққа тапталған ары үшін уайым жейді.
Ақбілек – теңдікке ұмтылған, азаттықты аңсаған, зорлыққа мойымаған, өмірінен тағылым-ғибрат алған, жан-жүрегі таза, махаббат, мейірімі мол, өжет қыр қызы. «Ақ патшаның жендеттері жаппай қолға түсіп, тұтқындалып жатыр»деген хабар жеткен кезде Ақбілектің қасындағы орыс офицерлері бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Осы орайда Ақбілек ақылдылығының арқасында туған жерінде аман қалады. Сөйтіп, жападан-жалғыз бір өзі қалған кезде түнде қосқа қасқырлар келеді. Ақбілектің ұғымпаз жан екеніне сол жолы анық көз жеткіземіз.Өйткені, іңірде шай қайнатқан оттың қоламтасын үрлеп оған ошақ басындағы қураған шөпті салып үрлейді. Жалын лап ете қалғанда үстіне тезек салады. Сөйтіп, үлкендердің ісін, айтқандарын ескеріп жүретіндігінен хабардар боламыз. Қасқарларды отпен қорқытқаннан -ақ оның ұғымпаз, байқағыш жан екендігі көрініс береді. Ауылына келе жатқанда сұр жыланды көреді. «Жылан торғайды арбап жейді» дегенді бала кезінде естіген. Торғайды ажалдан аман алып қалады да, өзі қорғансыз күй кешеді. Анау өңшең серейген, жат киімді, жат түрлі орыстар оған жылан болып елестейді. Ақбілектің кездейсоқ адамдардың кесірінен басынан кешкен тағдыр тауқыметі «ұйытқып соққан ызылдақ жел» секілді екен. Өйткені, кейіпкердің нәзік жанын ұқпайтын жағдайлар өте көп еді. Ауылға келгеннен кейін де түрлі қиын ой толғаныстарын бастан кешеді. Анасын орыс әскерлерінің атып тастағанын білгенде, қатты қайғырады. 12 жасар інісі Қажыкен мен 7 жасар сіңлісі Сараға бас-көз болып, қамқорлық жасаудан аянбайды. Мамырбайдың немере інісі Әмірдің әйелі Ұрқиямен достасып, сыр бөліседі. Өкінішке орай, аяғы ауырлағаны елге білінген тұста сүйгені Бекболат тастап кетеді. Сөйтіп, орыс әскерінің ұлын дүниеге әкеледі. Әкесінің, өгей шешесінің қытымыр қабағына шыдай алмаған Ақбілек қалаға кетіп тынады. Осыдан кейін ақ Ақбілектің өмірге деген көзқарасы өзгереді. Аға-жеңгесінің айтуымен Семейдегі алты айлық курсты да, Орынбордағы оқуды да тәмамдайды, білім алады. Осыдан соң Ақбілектің тұрмысы да, оқуы да жөнделеді. Театрға, киноға барып, ойын-сауыққа қатысады. Өзіне тең оқыған жігіт Балташпен тағдырын қосады.
Жұртшылықты әсіресе, Е. Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің мұғалімі Ж.Қарасаеваның Ақбілек образы жөніндегі ой-пікірі ұйытып тастады. Ол «Ақбілек» алғашқы қазақ романы екеніне, ал, Ақбілек жаңа заман бейнесі екенін баса айтты. Сонымен қатар, оқырман Т. Ғарифуллин де өз ойын ортаға салды. Ол Ж. Аймауытовтың бес арыстың бірі екенін, оның шығармашылығының шоқтығы «Ақбілек» романына ерекше тоқталды. Сөз арасында ол бұл әйел теңдігі мен қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін суреттеген тұңғыш роман екендігін де жасырмады. Қатысқан оқырмандарға кітапханашы Ә. Нысанова алғыс айтып, конференцияны қорытындылады. Шараға белсене қатысқандар марапатталып, оларға ескерткіш сый-сияпаттар тапсырылып жатты. Шара мазмұндылығымен, тартымдылығымен есте қалды.
А. ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
06 Наурыз 2016, 10:31
Стюардесса Ақбілек
Пікірлер