BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

ШОЛПАН ЕСІМІ ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН

Қазақстанның халық әртісі Бәкірова Шолпанның (1924-2002 ж.ж.) туған жері қазіргі Алматы облысы, Қаратал ауданы, Жаңаталап ауылдық округіне қарасты, Қаратал өзенінің теміржол көпіріне жақын, сол кездегі кішірек Солты ауылы

Атақты Андас атаның ұрпағы. Әкесі Бәкір Оңғарбайұлы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында милиция органында көп жылдар бойы қызметте болып, кейінгі кездері жер бөлімінде және ауылдық Кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Бертінде көпке созылған аурудан қаза болды. Бәкір ақсақал жас кезінде сері жігіт атанған екен. Гармоньмен ән шырқап, термелер айтқан. Белгілі азамат, Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовке Бәкір ағайындас, туыс болып келеді.
Шолпан Үштөбедегі темір жолға қарасты №16 қазақ орта мектебінде оқыды. Мектептің көркемөнер үйірмесіне қатысып ән салып, би билеп, қарасөз оқудың шебері болды. Аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. 1940 жылы Үштөбедегі Қаратал колхоз-совхоз театрына шақырылып, оның әртістік ғұмыры осылай басталды.Өзінің қабілет-тілігінің арқасында көрермендерге және театр басшыларының көздеріне ілігіп, басты рольдерде ойнай бастады.
Талдықорған облысы 1955 жылы қайтадан құрылғанда Қаратал, Ақсу, Еңбекшіқазақ аудандарының колхоз-совхоз театрларының іріктелген әртістерінен өнерлі ұжым құрылды. Талдықорғанда облыстық музыкалық драма театры бой көтерді. Құрамында Шолпан Бәкі-рова да бар еді. Үлкен творчествалық та-быстарға осы театрда жүргенде ие болды. Осы театрдың өнердегі табыстары туралы, оның ішінде Шолпан Бәкірова туралы мақалалар газет-журналдарда жиі жарияланып жатты. Белгілі жазушы-драматург Бексұлтан Нұржекеев өзінің «Өзендер өрнектеген өлке» кітабында осы театр туралы, әртістері туралы, оның ішінде Шолпан Бәкірова жайлы жылы пікірлер жазды.
Содан 1959 жылы Талдықорған облысы тағы да қысқартылып, Алматы облысына қосылды. Театр ұжымы тағы да іріктелініп, Қызылорда қаласына көшіріліп, сол жерде жаңадан Нартай Бекежанов есімімен аталған қазақ музыкалық драма театры ашылды. Оған жергілікті жерден өнерпаздар қосылды. Білімді, атақты режиссерлар еңбек етті. Шолпан Бәкірова осындағы алдыңғы қатардағы актриса болды. Өз өнерін шыңдай түсті. Ол қазақтың классикалық шығармаларымен қатар шетел классиктерінің шығармалары геройларын сомдады. Театр мен өнердегі табыстары және қазақ өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстанның халық әртісі деген құрметті атаққа ие болды (осының алдында Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағы болатын). Шолпан көзі тірісінде Қызылорда облысы көлемінде ғана насихатталды да, туған жерінде, туған елінде беймәлім болып қала берді.
Біздің атақты бауырларымыз Қанабек Байсейітов пен Бикен Римовалар астаналық театрда болғандықтан оларды бүкіл Қазақстан халқы біледі. Ал Бәкірова Шолпан болса белгісіз көлеңкеде қалып қойды. Кезінде Шолпан Талды-қорған аймағының атақты әншісі болған, Қаратал колхоз-совхоз театрының құрушысы, сол театрдың көркемдік жетекшісі, ең алғашқы директоры Сайланбай Манасбаевтан дәріс алған. Кейін Қанабек Байсейітов ағасынан да көптеген дәріс алғаны, актерлік шеберлікті шыңдауда ағасынан көп үйренгенін білеміз. Бір таңқаларлық жәйт, осы үш бәйтерек – Қанабек Байсейітов, Бикен Римова, Шолпан Бәкірованың жапсарлас жатқан ауылдың түлектері және үшеуі де бір атаның ұрпақтары болғандарына таңқалмасқа шара жоқ.
Осындайда: «Шолпан Бәкірованың сұраушысы, іздеушісі болмаған ба?» деген ой туындауы мүмкін. Неге десеңіз, еңбек еткен жерінде, туған жерінде де әлі күнге дейін бір белгі жоқ. Өкінішті-ақ жәйт! Шолпанның Әбіләкім Кәнетов деген күйеуі болған. Онымен көп жылдар өмір сүріп, екі қыз өсіріп, оларды тиісті жеріне тұрмысқа шығарған еді. Кәнетов талантты әнші де, биші де еді. Қызылорда мектептерінде, техникум-дарында қазақтың көне билерін насихаттап, сабақ беріп жүрді. Би өнеріне де қосқан үлесі көп болатын. Бірақ, ол да зерттелусіз қалды. 1978 жылы Ұлы Отан соғысында басына алған жарақатынан өмірден өтті. Туған жері Алматы облысы, Киров ауданына (қазіргі Көксу) қарасты Бесқайнар ауылына әкелініп жерленді.
Мен Шолпан Бәкірқызының сыныптасы және жерлесі әрі отбасылық қарым-қатынаста болғандықтан оның өткен өмір жолынан хабардар едім. Шолпанмен ең соңғы кездесуім Қызылордада, өз үйінде 1989 жылдың наурыз айының сегізінде болып еді. Көптеген әңгімелер айтылып, жалғыздық көріп жүргенін мұңлы түрде жеткізген еді. Елді, жерді сағынғанын да жасырмады. Бұл мақалада Шолпан Бәкірованың өмір жолы толық қамтылды деуден аулақпын. Мақсатым, қысқаша ғана оқырмандарға құлағдар ету ғана еді. Шолпанның бүкіл құжаттары, әртістік фото суреттері т.б. заттары кіші қызында деп естігенмін. Менің басты мақсатым - өнер тарланы, жерлесіміз Шолпан Бәкірованы еске алу аудан тұрғындары мен аудан басшыларының назарына ілінсе екен деген құлақ қағыс еді. Осы бір, алдағы игілікті іске сәттілік тілеймін. Айтпағым, Шолпан есімі ұмыт қалмаса екен, ағайындар.
Әбен Сайланбайұлы, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері. Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылы

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер