USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жүрегі қазақ деп соққан азамат

Дана халқымыз «ынтымақты елдің ырысы мол» деген мақалды тілге мәйек етсе, бұл күнде бірлігіміздің арқасында қазақ елінің аты төрткүл дүниеге тарап, көк байрағымыз көкте желбіреуде. Қазіргі таңда жүзден аса ұлт пен ұлыстың басын біріктірген қазақ еліндегі ауызбіршілік бейбіт өмірдің негізіне айналған.

Ресми дерек бойынша елімізде қазақ тілін өзінің ана тілі санайтын 6 мыңнан астам өзге ұл өкілдері бар екен. Олардың қатары жылдан-жылға толығып келе жатқаны да анық. Бұл Тәуелсіздіктің зор жетістігі. Елбасының қойған міндеті – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылы қазақ тілін меңгерген халық саны 95 пайызды еңсеруі тиіс. Ұлты мен ұлысына қарамастан мемлекеттік тілді еркін меңгеру–Отанға деген құрмет. Жалағаш қыстағының тұрғыны Вадим Тигай деген азамат осындай ұстаныммен ұлтымыздың өнері, салт- дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеп жүр. Отаншылдық сезімі биік бұл азамат мемлекеттік тілді білу–ұлттар арасындағы берік достықтың негізі деп біледі.

Менімен әңгімесін «Қазақстандағы барлық өзге ұлт өкілдері осы елдің мемлекеттік тілін меңгерулері тиіс. Себебі, тек мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ғана олар қазақстандық қоғамның толыққанды мүшесі атанып, қоғамдық өмірге белсене араласа алады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді білген адам кез келген ортада қиналмайсың»,– деп бастаған Вадимнің қазақ тілінде еркін сөйлейтіндігін бірден байқадым. «Шыны керек, отбасымызда «қай тілде сөйлесуіміз керек» деген сұрақ мүлде көтерілмейді. Өйткені, бәріміздің кіндік қанымыз осы қасиетті Жалағаш топырағында тамды. Осы жерде ер жеттік, осы жерде білім алдық. Достарымның барлығы қазақ болғандықтан қазақ тілін жетік меңгеруіме солар неғұрлым көп көмегін тигізді. Сол үшін де оларға қарыздармын»,-дейді Вадим. Вадимнің отбасы мүшелерінің барлығы да қазақ тілін жетік меңгерген.

Оның жұбайы Наталья Тигай (Федореева) аудан орталығындағы №31 орта мек- тепте оқушыларға бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді. «Қазақтың елі мен жері ежелден-ақ сан ұлтқа пана болған. Қазіргі таңда біздің аудандағы 300-ге жуық өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қалаған мамандығын игеріп, жемісті еңбек етуде. Әрқайсысының қоғамда өзіндік орны бар. Олардың қазақ халқымен біте қайнасып кеткеніне талай уақыт болды. Ең маңыздысы, ауданда ешкім оларды өзге ұлтсың деп өзекке теппейді. Біздің елдегі халық бірлігі – барлық жеткен жетістігіміздің кілті. Президенттің «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі басты тірегі – еліміздегі халықтар арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылық. Баршамызға ортақ қазақ тілі– ел иесі, жер иесі, мемлекет иесі – қазақтың тілі, яғни қазақ құрған мемлекеттің тілі. Егер біз құт мекен етіп жүрген еліміздің, жеріміздің, тіліміздің қадір-қасиетіне жете білсек, онда біз арамыздағы өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімнің, ұлтаралық татулықтың дәнекері бола аламыз»,–дейді Наталья әңгіме барысында. Бүгінде Вадим мен Натальяның жарасымды отбасында бір қыз бен бір ұл өсіп келеді. Олардың тұңғышы Кристина қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Қазаңғап атындағы музыкалық колледжінің 3 курс студенті. Ал ұлдары Максим аудан орталығындағы индустриалды-аграрлық колледжінің 1 курсында білім алуда. Қазақ тілін жетік меңгерген Кристина мен Максим үнемі өз оқу орындарында өтетін мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. «Елбасымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы– қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады» деп ерекше атап өткен болатын. Осы айтылған сөздерді әр аза- мат үнемі есінде сақтап, күнделікті өмірде қолдана білсе, мемлекеттік тіліміз қарқынды дами түсер еді»,–дейді Кристина.

Жастайынан өзі тұрып жатқан маңдағы қазақ балаларының арасында өсіп, қазақтың қара өлеңіне қанаттанып, қара домбырасының құлақ күйін келтірген Кристинаны ұстаздары мен курстастары үнемі мақтан етеп жүреді. Корей қызы қазақ тілінде майын тамызып сөйлегенде, екі-үш сөздің басын құрай алмайтын кейбір қандастарымыз жолда қалады. Қазіргі таңда гитара, синте- затор, ұрмалы аспаптар, баян секілді бірнеше музыкалық аспаптарды еркін меңгерген Вадим қызы Кристина екеуі аудан- да өтетін барлық мәдени-көпшілік шараларға аудандық мәдениет үйі жанындағы вокалдық-аспапты ансамбльдың (ВИА) құрамында белсене атсалысады. Вадимнің әкесі Николай Тигай да тағдыр тәлкегімен 1937 жылдың күзінде РСФСР-ның Қиыр Шығыс өлкесінен өзге 102 мың қандастарымен бірге Қазақстан жеріне күштеп жер аударылады. Өзінің еңбек жолын сол кездегі «Красный Октябрь» колхозында колхозшы болып бастап, кейіннен Жалағаш қыстағына көшіп келіп, аудандық ДОСААФ мекемесінде, элеваторда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады. Өмірінің ақырына дейін ол кісі үйінде жылқы ұстап, бие байлады. «Мемлекет басшысы айтқандай, экономикамыз жақсарып, еліміз өркендеу үшін ортақ жауапкершілік қажет. Отбасындағы әрбір мүшеміз мұны есінде сақтап, Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында еңбек етуде. Шүкір, осыдан он жыл бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыруға мүлдем келмейді. Ең бастысы, дамудың сыры – бірлікте екенін ұмытпаған жөн»,– деген Вадим ұлттар арасындағы бірлікті, татулықты сақтасақ, алынбайтын асу жоқ екенін баса айтты. Сөз соңында ол: «Қазақстан – осында ғұмыр кешіп жатқан барша халықтың Отаны. Оны сүю, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, Ата Заңды ардақтау, қазақ тілін терең меңгеру–барша ұлт өкілдерінің басты міндеті деп түсінемін. Бұл бізді Қазақстан деген бір шаңырақ астына біріктіретін ерен күш. Біздің халық бар мұратты бірліктен іздейді. Ал бірлігі бекем халықтың түтіні түзу, байрағы биік. Сондықтан барша отандастарымды осы ортақ құндылықты игеруге шақырамын»,–деген лебізін білдіріп, менімен жылы қоштасты.

Т.ҚОЗЫБАҒАРОВ, аудандық музей қызметкері

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады