USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жайдақ мініп жауға шапқан әруақты ер

Байбақты Қармысұлының дүниеден өткеніне 100 жыл толуына арнап ас берілді

Қазақ халқы қай кезде болса да, қуаныш пен шаттықта, қиыншылық пен ауыртпалықта бір жерден табылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бірліктің, туысқандық пен достықтың туын жоғары көтеріп, елдігіміздің ерен еңбегін көрсетіп жүрген, алдағы кезде де осы қаһармандық жолдардан еш уақытта таймай жүретін халық екенін сан ғасырдан бері дәлелдеп келеді.

Халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Олай болса өмірден озған ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, құран бағыштау - бүгінгі ұрпақтың абыройлы борыштарының бірі.

Хакім Абай: «Единица болмаса не болады өңкей нөл» демекші, бабаларымыздың мықтылығының дәруінен болар, шын мәнінде ұрпақтарымыздың ілімпаздығы, бекзадалығы, сайып келгенде, текті аталарымыздың қаны тамырымызда тулап, буырқанып жатқандығы да соның бір дәлелі іспеттес. Қазақ ондайды қалыбы мықты екен деп жатады. Халқымыз әманда ер мінезді батырларын пір тұтқан. Олардың атын ұранға қосып, ел рухын асқақтатар ерлігін аңызға айналдырып, мақтаныш еткен. Атажұрты үшін жауға шапқан, халқының намысын ту етіп, бар өмірін ат үстінде өткізген батырлардан да кенде емеспіз. Ел басына күн туғанда арын алау етіп, жанын жалау етіп, тебінгісін терге шіріткен, терлігін майға еріткен, қас дұшпанын тізе бүктірген хас батырлар аз болған жоқ.

Осы орайда өткен аптаның жұмасы күні кезінде әлемге мұнайымен танылып, «қара алтынды» селдеткен Доссор кентінің терістігінде орналас-қан Байбақты ата кесенесі басында аруақты ер, батыр баба Байбақтыға арналып ас беріліп, ат шаптырылды, суырып салма ақындар айтысты.

Мизам шуағын төккен бұл күн жиналған көптің көңіл шаттығымен үндесе арайланып тұрды. Әуелі жиналған барша жұртшылық батыр баба кесенесі басына жиналып, қауышқан көп ағайын бір-біріне «Қабыл болсын!» айтысты.

Байбақты ата Қармысұлы кесенесі басында митингіге жиналған көпшіліктің алдында аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев сөз сөйлеп, өткеніміз бен келешегіміз тарихымыздан бастау алатындығы жөнінде, бүгінгі тағзым ету игілікті шарасының маңыздылығына тоқталып өтті.

- Халықты береке-бірлікке шақырып, ұлтарақтай болса да, атақоныс - туған жерімізді ешкімге таптатпаған ел билеген аузы дуалы билеріміз бен батырларымыздың, әулие бабаларымыздың есімін ұмытпау- парызымыз.

Біз үнемі тарихымыздан жаңаша ой, жағымды жаңалықтар күтетініміз рас. Өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, тарихымызды зерделеп, тегімізді түгендей бастадық. Аруақты бабаларымыздың есімдерін жаңғыртып, кесене, ескерткіштер тұрғызып, имандылыққа да бет бұрдық. Асыл дінімізді қайта оралттық. «Біз–бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушыларымыз», –деген Елбасымыздың сындарлы саясатының бірі елімізге дәстүрді қайта жаңғырту мәселесін қолға алғаннан бастап, елімізде қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жерімізбен асыл қазыналы дәстүрімізді дәріптеп, жандандыру қажет деп мақсат қойылған болатын. Осы ойды жалғастыру әлі де жалғасын табуда. Осыған дәлел ретінде, бүгінде халқы қадірлеген аруақты ата -бабаларымыздың есімдерін қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл - қуанарлық жағдай. Осындай батыр аталарымыз барын біз бүгін үлкен мақтанышпен айта аламыз. Әулие Байбақты ата есімін жаңғыртып және өскелең ұрпаққа ата - бабамызды танытып, құрметтеу- міндетіміз. Қазіргі таңда ата туралы көптеген материалдар жинақталып, кітаптары жарыққа шықты. Осы шараның барлығы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының аясында өтіп жатыр. Алдағы уақытта атамыздың рухын құрметтеу мақсатында абзал істер жалғасын таба беретініне сенімім мол,-деді аудан әкімі.

Осы аста баба құрметіне өзінің жүрекжарды лебізін білдірген қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген Қазақстанның халық әртісі , КСРО халық әртісі, “Парасат” орденінің иегері Асанәлі Әшімов:

- Біз өзімізден тыс табиғаттың тылсым күші бар екенін білеміз. Міне, сондай бір құдіреттің иесі Байбақты ата басына жиналып, барша халық жиналып, құран бағыштап отырғанымыз – адамдықтың, кісілік пен бірліктің, ынтымақтың күші. Тағзым ету, дұға ету- сауапты істің негізгісі. Сауапты ісіміз оңға бассын. Қабыл болсын!-деп лебізін жеткізді. Аруақты ерге арналып, құран бағышталып, көпшілік дұға етісті.

Осыдан соң айтулы шаралардың алғашқысы - аламан бәйгені көруге асыққан жұрт бәйге алаңына бағыт алды.

Аламан бәйге - 30 шақырымдық қашықтыққа шауып, бақ сынасатын ат жарысы. Аламан бәйгеге 4 жастан жоғары жаратулы сәйгүліктер қатысады. Бәйгені ашық жазық жерлердегі белгіленген шеңберлерді айналдыра өткізеді. Аталмыш аламан бәйгенің тәртібіне сай ат шабатын алаң айналма қашықтығы 5 шақырым да , 6 айналымда 30 шақырымды құрады.

Бәйгеге республикамыздың түкпір - түкпірінен топтан озған 43 сәйгүлік қатысты.

Бәйгенің бас төрешісі, «Ұлттық спорт түрлері» қауымдастығының төрағасы, ҚР-ның жоғары дәрежелі төрешісі Жанбала Өнербек болды.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз тұлпардың анықталатыны осы 30 шақырымдық аламан бәйге.

Бірнеше жылдан бері бәйге қызықтап, ат шабысын тамашаламаған халық шөліркеп қалған екен. Делебесі қозған жанкүйерлер сәйгүліктерді атап шуласса, бірқатары шабандозын мадақтап, желпініп жатты.

«Шүу» деп аттың басын жібергенде, 43 шабандоз қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді, екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, тағы екі-үш айналымнан кейін қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Алғашқы айналымнан-ақ, №20, №15, №17, №23 сәйгүліктер өзгелерден алда болды. Бәйгенің қызығы да сол, соңғы айналымға келгенде жанкүйерлер де желпіне мойын созып, алға ентелей түсті. Алыстан шаң көтеріліп, мәре сызығына бір топ сәйгүлік те жақындай берді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, мәре сызығына бірінші болып астаналық «Аманат» атты сәйгүлігімен Аян Аманжол шабандоз жетті.

Жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күтетіні де осы. Аламан бәйгеге 6 жүлде тағайындалды. Астаналық 15 жасар шабандоз Аманжол Аян «Аманат» сәйгүлігімен бірінші орын алып, «УАЗ Патриот» автокөлігінің кілтіне ие болды. 2- орынды «Арзамас» сәйгүлігімен қызылқоғалық шабандоз Дастан Тұржанов ұтып алып, «Нива» автокөлігіне қол жеткізді. Жарыс жолына Маңғыстаудан келген «Джек пот» сәйгүлігімен шыққан шабандоз Тілектес Нұртас мәреге үшінші болып келіп, «Приора» автокөлігінің иесі атанды. Ақтаулық «Осмос» сәйгүлігімен шабандоз Хойтбаев Саламат атан түйеге, атыраулық «Айқаракөз» сәйгүлігімен шабандоз Хайруллин Қайрат биеге лайық деп танылды. Алтыншы боп мәре сызығын кескен «Көркем» сәйгүлігімен бейнеулік шабандоз Әли Иманқұл кілемге ие болды.

Шабандоздарды марапаттау рәсімін аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев және КСРО халық әртісі, ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов табыстады.

Рәсімнен кейін Халықаралық «Шабыт» фестивалінің гран-при иегері Қайрат Кәкімнің орындауында халық әні «Айжанай» шырқалып, халыққа әдемі көңіл күй сыйлады.

Дана халқымыздың «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер» деген жүйелі қағидасы көп мағынаны білдіріп, тұңғиықтан сыр шертері анық. Сөз жоқ, бұл тұжырым ұрпақтан- ұрпаққа өсиет болып қалыптасып, аталарымыз оны ежелден құлағымызға сіңдірумен келеді. Себебі, тегіңді білу, аруақты қастерлеу, ата-баба салтына берік болу тарихи заңдылықтың әрі құндылықтың бір парасы болып саналады. Бұл – қанша мәрте талқыланса да мағынасы жойылмайтын, мәні жоғалмайтын мәңгілік тақырып. Қай кез, қандай заман болмасын, бабаларға көрсетілер құрмет, олардың ұлағатын жадымызда жаңғырту тәрбие мен тәлімнің мәңгілік қайнар көзі болмақ.

Әсерлі ән құшағында тұрған жұртшылық алдында түрлі марапаттар мен қайырымдылық шаралары жүзеге асып жатты. Атап өтсек, айтулы шараны ұйымдастырушылардың бірі Болат Төлеубаев жылдар бойы Байбақты ата түнек үйінің басында еңбек етіп жүрген шырақшы Нұрлан Алдиярұлына Төлеубаевтар әулеті атынан «Нива» автокөлігін мінгізді.

Күллі Қазақстан жеріне жар салып, халық үшін имани, рухани, мазмұнды істі ұйымдастырып, халықтың ынтымағын жарастырған ұйымдастырушы Дәулетов Марат Тілекұлына Құлсары қаласынан келген Байбақты атаның ұрпақтары сәйгүлік мінгізіп, шапан кигізді. Сонымен қатар, Құлсары қаласынан келген Мәриям, Тамара есімді кәсіпкерлер Доссор кентінің мүмкіндігі шектеулі 10 адамына кілем және он адамға он мың теңге көлемінде материалдық көмегін ұсынды. Сауапты істі азаматтық борышы санаған азаматтарға халықтың алғысы жауды.

Батыр бабаның ұрпақтары атынан келген маңғыстаулық Орынбасар ақсақал Пернебай Дүйсенбин жазған «Шеркешнама» кітабы жөнінде тоқталып, сөз соңында «Байбақты ата» қорына ақшалай сыйлық берді. Шырақшы Нұрлан Алдиярұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға табыс ететінін жеткізді. Сондай -ақ, Орынбасар ақсақал шараны ұйымдастырушыларға сый-сияпатын жасауды ұмытпады.

Сахна төрінен жасалған сый-сияпат, марапаттан соң асқа жиналған барша жұртшылық өңкей қатар орналасып, айдалаға ерекше сән беріп тұрған ақ шаңқан қазақы киіз үйлерге арнайы дайындалған дастарханнан дәм татуға бағытталды. Қатар тізілген үй маңайында аудандық мұражайдың батыр баба ұстап тұтынған және өзге де құнды тарихи жәдігерлерінен жинақталған көрмесін ұсынды.

Аруақтарға ас беру даңғазалықтан, мақтаныштан жүзеге аспайды. Қайта ел мен елді татулыққа, имандылыққа шақырар жағымды іс. Сондықтан тұщымды әңгіме, елдің біртұтастығы осы жерде айтылады. Осы жерде пәтуалы істер шешімін табады.

Мұндай ауқымды шараны ұйымдастыру жалғыз адамның қолынан келер іс емес. Оған көп болып жұмылғанда, бабалар аруағына деген қошеметті бүкіл қауым болып бірігіп көрсеткенде ғана ата-бабалар аруағын бір аунатып, олар негізін қалап кеткен сыйластық желісінің алтын жібі үзілмесі анық.

Мыңның ісін атқарып, ас беруді ұйымдастыруда бас болып жүрген абзал жан Болат Төлеубаев:

- Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Байбақты бабамыздың өмірден бақилық болғанына 100 жыл толуына орай қазақ елі үлкен іс атқарып жатыр. Атамыз Қосымның баласы болса, біз Қоғаштың ұлдарымыз. Бала күнімізден сүрінсек те, сүйенсек те «Байбақты ата» деп ұрпағымыз ата шапағатымен өсіп келе жатыр. Жылма - жыл ата басына келіп тағзым етеміз. Биыл да мінекей үлкен іс ұйымдастырдық. Бұған алыстан, жақыннан келген қонақтарымыз, Асанәлі Әшімов атамыз келіп қуантып жатыр. Жан - жақтан келген ағайын - тумаға, мынау атбегілерге, осыны ұйымдастырған барлық ұйымдастырушыларға айрықша алғысымызды білдіреміз. Атаның аруағы риза болып, бәрімізді жебеп жүрсін ,- деп лебізін білдірді.

Батыр бабамыздың рухына бағышталған айтулы шаралардың қатарында ақындар айтысы – «өнер десе, ішкен астарын қойып», қазақтың қара домбырасын қолпаштап, қуана қол соғар ағайынға мереке сыйлады.

Айтысқа республикамызға танымал ауызы дуалы сегіз айтыскеріміз қатысты.

Айтыс тақырыбы Байбақты атамыздың келісті келбеті, боямасыз болмысы, азаматтық арманымен ұштастыра отырып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылдығын жырлау болды.

Айтысқа төрт жұп қатысты. Финалға екі жұп жолдама алды. Олар: Асхат Қылышбек пен Қайнар Ала-гөзов және Сырымбек Сәрсенбаев пен Ринат Зайтов.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Атамыз біздің Байбақты,

Қылышын тасқа қайрапты.

Он екіге толғанда,

Таз елінде болғанда.

Өтеп батырдан бата алып,

Сандуғаштай сайрапты.

Батырлығын айтайын,

Түркіменменен соғысып,

Адайға тартып әперген,

Маңғыстау деген аймақты.

Әулиелігін айтайын,

Дұшпанының көзіне,

Жылан болып көрініп

Бұлт болып қуып айдапты.

Жылыойдың сағасын,

Айранкөлдің саласын,

Көшіп қонып жайғапты.

Елі үшін түспей атынан,

Ерте тұрып жай жатты» -, деп Мұрадым ақын Асхат Қылышбекпен айтысында сөз бастаса, батыр баба жерленген киелі Доссор топырағын Қайнар Алагөзов былай жырға қосты:

«Доссордың айналасы сор болғанмен,

Әлемге мұнайымен аты мәлім.

Басында бақ бар екен сортаң жердің

Басылған Бабамыздың табанымен».

Ринат Зайтов болса, ақын бабамызды былай деп жырға қосты :

«Жүз жылда бабаларын есіне алған

Ағайынның шері бір тарқасын да,

Өйткені осы күнге жеткеніміз

Байбақтыдай батырлардың арқасында.»

Жерлес ақынымыз Сырымбек Сәрсенбаев ұйымдастырушыларға алғысын:

«Дүркіреген той өтті даламызда,

Сыйластық, бірлік болсын арамызда,

Өр рухты асыл жұртым аман болшы,

Ас берген Байбақтыдай бабамызға»- деп жеткізді.

Айтыс қорытындысында Аян Сейітов, Әсем Ережеқызы, Мұрадым Мирланов, Сырым Әуезхан ынталандыру сыйлығына (жүз мың) теңге берілді. ІІІ орынды Қылышбек Асхат (үш жүз мың) теңге,

ІІ орынды Қайнар Алагөзов (бес жүз мың) теңге, І орынды Сырымбек Сәрсенбаев (1 миллион теңге) иеленді. Бас жүлдеге талайды ащы шындығымен сүріндірген есімі елге танылған Ринат Зайытов лайық деп танылып, айтыстың жүлдесіне тігілген автокөлік кілтіне ие болды.

КСРО халық әртісі, ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов: - Бүгін бір тарихта үлкен орны қалатын жиын болды. Аруақтарға бас иіп, солардан қалған сөзді айтып, халықты риза қылып жатырған басшыларға, ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Ата - бабаларымыздан қалған жер солардың қанымен, терімен келген. Олардың еңбегі әр уақытта сыйлы. Соны бағалай білейік. Ендеше, халқымыздың намысынан жаратылып, дәуір жүгін арқалап өткен бабаларға тәу ету барша Алаш жұртының перзенттік парызы дер едім. Әманда осылай бірлігіміз артып, біріміз мыңның, мыңымыз ердің, елдің ісін атқаруға Алла нәсіп еткей, - деп ұйымдастырушылардың барлығына өз атынан шапан кигізіп, шара соңында естелік сыйлықтар табыс етті.

Сөйтіп, әділдіктің ақ семсерін көтеріп, елдің қамын ойлаған, өз заманында «қара қазан сары бала қамы» жаумен айқасқан ер жүректі батырын, аруақты ерін осылайша еске алып, келер ұрпаққа ұмытылмастай ізін қалдырды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген елімізде ата - бабадан жеткен мұрамыз бен өткен тарихи құндылықтарымызды осылайша түгендеп келеміз.

Батыр бабалардың ел тағдырындағы орны мен олар жасаған ерліктерінің мәні мен мағынасы бірнеше ғасырлар бойына ел жадында бір сәтке болса да ұмыт болған емес.

Сән-салтанаты жарасқан, ынтымағы бел асқан, ырысы арнасына сыймай, ошақтан қазаны, даласынан жыр-әні кетпеген, қуанышты сәт осы аста толығымен көрініс берді.

Репортажды жүргізгендер:

Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА,

Алмагүл ТАУМУРИНОВА.

Суреттер авторлардікі.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады