USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: "Ақын өзінің кезеңін, дәуірін жырлауға тиіс"

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары

-Маралтай аға, «Хан болу, қара болу бір Алладан» дейміз ғой. Алайда, ақындарды ерекше тағдыр иелеріне балайтындар көп. Адам маңдайға жазғанын көреді. Ақын ақын болып қалыптасуы үшін де тағдырдың тəлкегін көруге міндетті ма?

– Əрине, «Хан болу да, қара болу» да Алланың еншісіндегі нəрсе. Алла адамның маңдайына не жазса соны көреді, сондай ғұмыр кешеді. Ал, ақын тағдыры шын мəнінде де ерекше болады. Ерекше болмаса ол ақын бола ма? Ақын болмайды. Ақын деген басын тауға да, тасқа да ұрған аласапыран тағдыр иесі. Ақындықты əкенің қаны, ананың сүтімен келген тылсым дүниеге балаймыз. Негізі, ол түп- тұқияннан жалғасып келе жатқан нəрсе болуы керек. Біз Абай туралы айтқан кезде, оң жағынан да, сол жағынан да, нағашы жағынан да, өзінің ата-бабасы жағынан да жанартаудай атылған күштен өмірге Абай келді деп жатамыз. Мен əлбетте өзімді Абаймен салыстырып отырған жоқпын. Бұл сөздің орайына қарай айтылып отырған əңгіме. Кез келген ақынды өзінің қанындағы, тегіндегі, қоғамдағы, дəуірдегі кезеңдер тудырады. Содан ақын болып қалыптасады. Ал, тағдыр əу баста Алладан болады. Алланың маңдайға жазғаны болады. Алланың аманшылығымен жүріп-тұрады. Сол себепті адам маңдайға жазғанын көреді. Қазақ бұл туралы ертеде-ақ «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» – деп айтып кеткен. Қазақта айтылмаған сөз жоқ. Ақын ақын болып қалыптасуы үшін тағдырдың тəлкегін көруге міндетті. Қай ақынды алсақ та, оның тағдыр жолы тақтайдай теп-тегіс емес. Олардың бəрі өзінің айналасы, қоғам, қоршаған орта, дəуір, кеңістік, ендік, бойлық секілді əлемдерде маңдайлары тасқа тиген, қоғамдағы болып жатқан нəрселерге болсын, жалпы адамзаттың жаратылысы, өмірге келудегі адамның ішкі бір қарсылықтарынан туындаған. Өлең, ақындық дейтін нəрсенің бəрі қоршаған ортаға деген адамның көзқарасы. Сол көзқарастың барлығы да ішкі қарсылықтан туады. Кез келген өнер де, өлең де қарсылық. Өлең деген сол қарсылықты айтудың формасы. Бұл əркімге əр түрлі жолмен беріледі. Ақындарда өлең сипатында көрініс тапса, бишілерде қимыл-қозғалыс əрекетінде, күйшілерде күйдің əуені, əуезі ретінде, жазушыларда қара сөз ретінде байқалған. Ал, ақындар өлең арқылы қоршаған ортаға деген қарсылығын білдіріп қана қоймай, əрекеті арқылы да баға береді. Жақсы көрген дүниені, жек көрген нəрсені, қабылдаған, қабылдамаған жайды өлең тілінде ақ қағазға өрнектейді.

– Адамзат бар жерде ақындық та бар. Бірақ, біз мықты ақындардың талантына тамсанғанда, мұндай ақындардың жер бетіне енді қайтып келмейтінін жиі əңгіме қыламыз. Расында солай ма? Сіздің ойыңызша, адамзаттық əдебиет кеңістігінде енді қайталанбайтын ақын кім?

– Тек қана ақын емес, əрбір адам, тіпті көзге көрінетін, көрінбейтін əрбір тіршілік иесі екінші рет өмірге келмейді. Жаны барлар үшін біздің ұғымымыздағы жербетілік өмір енді қайталанбайды. Əрқайсысы бөлек-бөлек жаратылған. Өзіміз білетіндей, жер бетінде қанша тал-дарақ бар, олардың қаншама жапырақтары бар, солардың бəрі бір-біріне ұқсамайды. Аспаннан жауған қардың да өзіндік бет-бейнесі, ою-өрнегі ешқашан қайталанбайды. Алла Тағаланың соншалықты құдіреті таңғалдырады. Біз ақыл-ойымыз шектеулі пенде болған соң, Алла Тағалаға өзімізде бар сипаттарды бергіміз келіп тұрады. Бірақ, ол біздің ақыл-ойымызға сыймайтын құдіреттің иесі. Ал, ақынның мақсаты сол қайталанбайтын нəрсенің құдіретін жырлау болса, қасында жүрген адамдарды қайтып көрмейтінін біле тұрып қадір- қасиетіне жете аламыз ба деген сұрақтарға да жауап іздеп жүруі керек деп ойлаймын. Өйткені, біз бұл өмірге қайтып келмейміз. Ислам дініндегі адамның о дүниеге өтуі, адамның қайта тірілуі, ол басқа нəрсе. Ол басқа ұғым. Енді адамзаттың əдебиетіне қайталанбайтын ақын келмейді. Ақындар деген дара-дара тағдыр иелері. Менің есіме өмірден өтіп кеткен Жұмекен Нəжімеденов, Жұматай Жақыпбаев, бүгінгі көзі тірі Мейірхан Ақдəулетұлы, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Əбдікəкімұлы сияқты ақындар түсіп отыр. Айналамыз тола ақындар. Баяғы Марат Отаралиев, Кеңшілік Мырзабековтер бар. Бүгінде көзі тірі қаншама замандас ағаларымыз бен інілеріміз жүр. Бұлардың ешқайсысы да қайталанбайтын жаратылыстар. Алла Тағала əрбірімізді солай жаратқан. Бұл бір ғана құбылыс. Ал, жер бетінде қаншама құбылыс бар, олар да ешқашан қайталанбайды. Біз осы қайталанбайтын қасиеттің, құдіреттің қадіріне жетуіміз керек. Тіршілік деген көзді ашып, жұмғанша болмай өте шығады. Əр ақын өзінің Құдай берген қабілет-деңгейі жеткен жеріне дейін жазады. Сондықтан, адамзат бір-бірінің маңдайынан сипап, арқасынан қаққаннан тағынан түсіп қалмайды.

– Қоғамда ақындық пен ақындар туралы əр түрлі пікірлер бар. Бір жағы ақындарды ханмен де, қарамен де тең дəрежеде сөйлесе алатын үлкен қайраткер деп білсе, екінші жағы ақындарды өмір бойы мұң ішіп, қасірет шегіп, қоғаммен келісімге келе алмай өтетін тұлға деп біледі. Жалпы, ақын деген кім? Оның болмысы қандай болуы керек?

– Басқа халықтарды қайдам, ертеде қазақтың ақындары ел басына екіталай күн туғанда, хан алдына барып дат айта алатын болған. Сипайқамшылап болсын, тіке болсын əйтеуір халықтың мұң-мұқтажын жеткізген. Артықшы- лығын да, кемшілігін де айтқан. Өзінің қоғаммен келісімге келе алмайтын тұстарын да жасырмаған. Ақындық деген шексіз, шетсіз ұғым. Мен Алла Тағаланы да ақын деп есептеймін. Осынша он сегіз мың ғаламды жайнатып жаратты. Сол сияқты ақын да ғаламның қайталанбас сəттерін, адамның ішінде қайталанбайтын аяулы да аласапыран кезеңін қағаз бетіне түсіретін, содан шығарма жарататын құдірет. Ақынның болмысы осындай болу керек.

– Сіздің атыңыз тоқсаныншы жылдары дүркіреп шыға бастады. Содан күні бүгінге дейін сізді халық мықты ақын ретінде таниды. Сіздің атыңызды шығарған тағдырыңыз ба, əлде өлеңдеріңіз ба?

– Бірден айтайын, менің атымды шығарған өлеңдерім. Олай болатын себебі, кімде тағдыр жоқ. Тағдыр елдің бəрінде бар. Тағдырсыз адам жоқ. Тағдырсыз ел де, халық та жоқ. Мəселе сол тағдырды жазуда, оның жаратылысын, ғажабын, ғаламатын, азабы мен тозағын өрнектей білуде. Менің өлеңдерім сондай болды. Əлі сол бағытта келе жатырмын деп ойлаймын. Біз тоқсаныншы жылдары шын мəнінде əдебиетке келдік. Əлбетте алдымыздағы қалам ұстаған ағаларымызға қарыздармыз. Сол ағалардың салған жолымен дүркіреп, жанартаудай жарылған кезіміз тоқсаныншы жылдары болды. Сол уақытта еліміз Тəуелсіздік алды. Ішімізде жасырынып жатқан алай-дүлей кезеңдердің бəрі де сыртқа атылды, ақтарылды.

– Уақыт ағымы, дəуір жаңалығы дейтін дүниелер де ақын жанынан тыс бола алмайды. Сіздер əдебиетке өліара уақытта келіп, алдағы күнге үлкен үміт артып өлең жаздыңыздар. Сол үміттеріңізді ақталды деуге бола ма?

– Əлбетте, ақталды деп айтуға болады. Қай жаққа бара жатқаны белгісіз біздің қоғам да есін жинады. Қоғамның қандай қуынышы болса да бірге көріп келе жатырмыз. Бірге көре береміз деп ойлаймын. Біздің мемлекет шын мəнінде де кəдімгі қарашаңырақтағы кенже бала сияқты өз орнынан мықтап тұрып, өз қолы өзінің аузына жетіп, маңайынан алыстап кеткен бауырларын қайта бауырына тартқан мемлекет. Біз осындай мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Тəуелсіздік алған ширек ғасыр уақыт ішінде біздің мемлекетті əлем түгел танып болды деп айтуға болады. Əрине, кемшіліксіз қоғам да, мемлекет те болмайды. Кемшілік болуы мүмкін. Ал бірақ, біз қай кезде де бірлікте болуымыз керек. Болатын ел бір-бірінің арқасынан қағып, бір-бірін əлпештеп отыруы керек деп ойлаймын. Осы мəнмен айтатын болсақ, біз шын мəнінде де бақытты елміз. Өлгені тірілген, өшкені жанған елде өмір сүріп келеміз. Осы реттен алғанда əдебиетке өліара кезеңде келген біздің үмітіміз ақталды. Жақсы күннің болатынына сендік. Солай болды да.

– Ел, жер тағдыры туралы көптеген ақындар толғанған. Сіздің бұл жөнінде азаматтық пікіріңіз қандай?

– Мен 16-17 жасымда «Еділ жұрт» деген өлең жаздым. Баяғы Қазтуған жырауға еліктеп жазған дүнием еді. «Еділ қалды артымда, еңіреу- еңіреу ел қалды. Жусанына шық тұнып, меңіреу- меңіреу бел қалды» – деп келетін ұзақ өлең. Одан кейін де Төле би бабамыз туралы «Қарлығаш» дейтін жыр жаздым. Ол өлеңде жат қолында қалған жерлеріміз туралы айтылады. Сол өлеңді оқып берейін: Қозғалды қауым жазира даланы тастап, Жазира дала жасыды жамалы асқақ. Шырылдап көкте титтей құс қанаты талып, Қаралы жұртты барады Тəшкенге бастап. Сол құсты басқа ел көрді ме, көрмеді білем Ұғымға сыймас өмірдің өрнегін өрген. Абылай қалды келені қайырып жалғыз, Түсіне еніп тағдырдың кермегі кілең. Шанақта боздап қозғайды көне күй нені, Жүргенде кеше есікте, елемей елі. Құлдық пен жаудан құтқарып бауырына басып, Ұшпаққа осы жеткізген Төле би еді. Судан да сұйық би сөзі назы жоқ болса, Кіреді шырай айдынға қазы кеп қонса. «Төле би өлген күн емес, бүгінгі күнің, Əділет өлген күн» депті Қазыбек сонда. Аспанға оқып жырымды жалғанға наза, Қобыздай сарнап жүрекке толғанда аза. Қарлығаш бастап барыпты Тəшкенге елді, Төле би бабам дем бітіп болғанда қаза Сол құсты басқа ел көрді ме, көрмеді білем, Ұғымға сыймас өмірдің өрнегін өрген. Айналып кетті Төле би қарлығаш құсқа, Төрелігімен алашты тербеген терең. Жаныңды сенің жаралы сеземін, елім, Заманның мынау тарылған кезеңін көрдің. Басына еркін бара алмай бабамның бүгін, Өртеніп ішім, өксиді өзегім менің. Сөзімді менің неғылсын тобасы төмен, Тарихын жазған түркілер обасыменен. Өлсе де біздің бабалар болашақ үшін Белгілеп кеткен мекенін моласыменен. Ақын ек асау о бастан теңеуі өктем, Ақиқат жылап тұр əне кенеуі кеткен. Қарлығаш құстан сұрасаң айтады бəрін… Қазақтың жері, дариға-ай, кең еді неткен! Ел мен жердің тағдыры ақындарды қай кезде де мазалаған, мазалай да береді. Бұл – біздің басты тарихымыз, тағдырымыз.

– Сіздің кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Көшбасшы» поэмаңыз туралы əр түрлі көзқарас пайда болды. Бірақ, ақындығыңызға күмəн келтірген ешкімді көрген жоқпыз. Жалпы, ақын ретінде Елбасы еңбегін қалай бағалайсыз?

– Қалай болғанда да ақын өзінің кезеңін, дəуірін жырлауға, қоғамда орын алып жатқан жақсы нышандар жөнінде айтуға тиіс деп ойлаймын. Мұндай бақыт санаулы ақындардың маңдайына жазылған. Соның бірі өзім болғаныма қуанамын. «Көшбасшы» дастанында тек қана Елбасы туралы жазылған жоқ. Тəуелсіз еліміздің жеткен жетістігі туралы жазылған тараулар бар. Алайда, менің қара басымды аса ұната бермейтін кейбір адамдар желеулетіп, жалаулатып басқа бір арнаға бұрып жіберді. Мен елімнің жетістігін жазамын, жаза беремін. Елбасы туралы да басым жерге жеткенше жазылады. Сан ғасырлар бойы армандаған азаттықты тұңғыш рет алғанда, еліміз осындай биік дəрежеге жеткенде, елдің жетістігін жазбасақ, енді нені жазамыз деп ойлаймын. Мен «Көшбасшы» дастанында Елбасының еңбегін біршама жеткізіп айта алдым деп білемін. Енді бізден де өтіп, жеріне жеткізіп жазатын қаламгер келіп жатса, нұр үстіне нұр. Өйткені, Елбасының еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Тыныш, бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Ең бастысы, болашаққа деген сенім бар. Елбасы «Мəңгілік Ел» тұжырымдамасын жасады. Ежелгі Көк Түріктер заманында ел басқарған тұлғалардың ерліктерін біздің бабаларымыз тасқа қашап жазған. Бұл аманат еді. Сол аманатқа біз бүгін бір табан жақындадық. Елбасының ерлігі де біздің көз алдымызда тұр, жүрегімізде тұр. Ұлт үшін нақты шешімдер қабылдаған, сондай саяси сауатты Елбасыны біз қалай бағаласақ та, артық болмайды. Біз Елбасын алақанға салып, құрметтеуге тиістіміз. Өйткені, бұл кісінің еңбегі ерен. Елбасына ұзақ ғұмыр тілеймін.

– Сіз Нұрсұлтан Əбішұлымен талай рет кездестіңіз. Жалпы, əдебиет тарихында ел басқарып отырған тұлғалармен кездесу ежелден бар үрдіс. Бұқар жырау, Гете, Пушкин, Гюго сияқты ұлы ақындардың тағдыры осыған дəлел. Елбасымен тұңғыш рет қашан кездестіңіз?

– Елбасымен кездесу бақыты маған бірнеше рет бұйырды. Бірнеше өнер адамдарымен де, жеке де кездескен күндер болды. Елдің көзінше Елбасына деген елдің махаббатын жыр тілімен жеткіздім. Тілегімді білдірдім. Алғаш рет Елбасымен 1998 жылы кездестім. Сол жылы Президент стипендиясын алғанбыз. Содан бері түрлі мемлекеттік жиындарда, мəдени іс- шараларда Елбасын көру бақытына ие болып келе жатырмын.

– Ақын сол мемлекеттің азаматы болған соң, елінің жетістігіне қуана білуі де керек. Бірақ, сол əсерін өлең қылып өрсе, халық ақынды дұрыс қабылдамайды. Неге деп ойлайсыз?

– Кез келген қоғамның, мемлекеттің бір мүшесі оның бір бөлшегі болып саналады. Ел не көрсе, ол да соны көреді. Азамат адам елінің жеткен жетістігіне қай кезде де қуана білуі керек. Елінің етегінен тартпай, ел болудың қамын ойлауы қажет. Өзің өмір сүріп отырған жер сенің Отаның, сенің мемлекетің. Ертеңгі ұл-қызыңның, болашақ ұрпағыңның қуанышы. Неге біз соған қуанбаймыз?! Өкінішке қарай, біздің арамызда етектен тартатын адамдардың бар екені өтірік емес. Оны күн сайын көріп те жүрміз. Ал енді, елінің жеткен жетістігін жыр тіліне көшіріп, жырлап жатқан ақындарға ондай адамдар шүйлігіп жатады. Бұл жерде халықта кінə жоқ. Кезінде маған да сын айтылды. Мен мұның бəрін зерттедім. Сонда қаймана халықтың ешқайсысы да менің етегімнен тартқан жоқ. Ешкім топырақ шашқан жоқ. Соның бəрі де өлеңнің айналасында жүрген адамдар екен. Шын мəнінде, тоқсан тоғыз пайыз осындай адамдар. Қысқаша айтқанда, көреалмаушылық деген нəрсе бар ғой. Сөйтіп, олар ой-өресінің қандай екенін көрсетіп қояды. Оны дəлелдеудің қажеті жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдардың бəрі де мұны көріп отыр.

– Бүгінде Тəуелсіз ел ретінде руханиятымыздың жеткен биігі қандай?

– Біз бүгін үлкен биіктерге жеттік. Мұның бəрін ауыз толтырып айтуға болады. Еркін ойлай алатын ел ретінде қалыптастық. Барлық пікірлер де еркін түрде халықтың көз алдында айтылады. Бұл да үлкен жетістік. «Біз қол-аяғы, тілі бұғауда, байлауда келген ел едік. Сол бұғаудың бəрін сындырдық» – дейді Елбасы. Еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін де əдебиетімізде талай-талай ірі дүниелер өмірге келді. Руханиятымыздың жеткен жетістігі жайында көп нəрселерді айтуға болады.

– Əр оқиғаның өзіндік əсері болады. Ал, Елбасымен кездескеннен кейінгі алғашқы əсеріңіз қандай болды?

– Елбасымен кездесу алдындағы əсерді айтайын. Бұл жағдайда адам еріксіз толқиды. Алып, қасиетті, тамыры тереңде жатқан бір мемлекеттің басшысы ғой. Кездесу алдында Алладан аузыма абыройлы сөз салуын сұрадым. Кейде кейбір кісілер Елбасының да қарапайым қазақтың баласы екенін, сол үшін еркін сөйлесу керектігін айтады. Шын мəнінде де сондай. Елбасы елдің алдында атыңды атап, өлең оқығанда сондай бір жылы шыраймен, ризашылықпен қарап отырады. «Маралтай» деп атымды атап, мерейімді өсірді. Елдің алдындағы мұндай абыройдан басқа не керек?! Елбасының алдында өлең оқыдым, ол кісі өлеңіме жоғары бағасын берді. Жанартаудай жалын атқан дабылы, Қазақ елін бүкіл əлем таныды. Жүз жыл қырғын, мың жыл сүргін болса да, Шайқалған жоқ Рухымның тамыры. Тұрды Уақыт қабақ түйіп тұлданып, Сонда-дағы мойыған жоқ бұл халық. Үмітпенен, арманменен қарады Шығар күнге нұрланып... Қара нөсер құйып тұрды сабалап... Өткенімді жатты біреу қаралап. «Тағдыры жоқ», – деді біреу табалап, «Тарихы жоқ», – деді біреу обал-ақ! Атқа қондым тұлпарымды тағалап, Үретін ит үре берер абалап. Бабалардың көрем асыл бейнесін, Сары далаға көз жіберсем саралап. Əлдекімдер жүрегімді жаралап, Əлдекімдер өктемсініп қарамақ. Ұлы-Ұлы ұлдары бар Түркінің, Тағдырымды көрсететін даралап. Ер Еділдей ел билеген нарларым, Көк Түркінің көрсем деген таңдарын... Керей менен Жəнібектің арманын, О,Тəңірім, ақиқатқа жалғадың. Ғаламдағы жан жылытар жəннатым, Келбетімен көздің жауын алатын. Беу, бұл Дала – аманатым аяулы, Мирас болып ұрпағыма қалатын. Бабалардың үмітінің нұрымын, Көк байрақпен мəңгі бірге ғұмырым. Ұмытпайды тарих қайсар, ержүрек Ұлы Дала ұлдарының дүбірін. Еркіндіктің ерке таңын қарсы алып, Еркіндікпен қайта оралды қанша құт. Бүкіл əлем көз қадайды қызығып, Ару қалам Астанама тамсанып. Қазағым деп лүпілдейді жүрегім, Садағаңмын, айналайын, Ұлы елім! Күндіз-түні Күлтегіндей көз ілмей, Мəңгі Елімнің мəңгілігін тіледім!!! Мұндай сəттерде шабытың шырқау шегіне жетіп, керемет əсер сыйлайды.

– Елбасының ел Тəуелсіздігін қалыптастыруда еңбегі ерен. Дегенмен, сіз үшін басты еңбегі қандай?

– Елбасының еңбегінің бəрі де ерен. Елді ел қылу үшін тер төкті. Шекарамызды бекіту, атом қаруынан бас тарту сияқты еңбегінің бəрі де ел үшін жасалды. Елімізде қаншама ұлттар мекен етеді. Соның бəрін де бейбітшілікте, татулықта ұстау үлкен еңбек. Бəріне сара жол көрсете білуі қайталанбас өнеге. Одан кейін əлемдегі алпауыт мемлекеттердің арасындағы кейбір мəселелерді майдан қыл суырғандай етіп шешуі, реттеуі, ел мен елдің арасындағы бірлік пен тірлікті орнына қоюы, əлем алдында «Мəңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеруі, көнеден келе жатқан дүниелерді қайтадан тірілтуі қазақты мəңгілік ел болуға бастайтын жол деп білемін. Сондықтан, Елбасының басты еңбегінің бəрі де қазақ үшін, ұлт үшін жасалып келеді.

– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Хамит ЕСАМАН

Ұқсас сілтемелер:
23 Желтоқсан 2014, 11:09
МАРАЛТАЙ АҚЫН АУЫЛДА БОЛДЫ
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады