USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Болмысы биік ақын

Ұйымдастырылып жүрген сан түрлі шығармашылық кештер мен кездесулерден көрерменнің алар рухани лəззаты да сан түрлі. Бірінде бірсыдырғы ұзын-сонар сөздерден жалығып, уақыт санап асықсаң, бірінде кейіпкермен болған əсерлі əңгімені құштарлана ұйып тыңдаған сайын тыңдай түскің келеді.

Сондай ерекше басқосу Əбділда Тəжібаев атындағы облыстық əмбебап ғылыми кітапханасында өткен Қазақстан Жазушылар жəне Журналистер одағының мүшесі, ақын облыстық «Ақтөбе» газетінің редакторы Бауыржан Бабажанұлының шығармашылығына арналған поэзия кешінде болды. Ерекшелігі сол, рухани мол азық беретін жиын алдын ала жазылған сценарийсіз еркін форматта өтіп, оқырмандармен қызу диалог өрбіді. Кеш тізгінін белгілі ақын, «Қоғам ТВ» телеарнасының құрылтайшысы Шаһизада Əбдікəрімов ұстап, шығармашыл жандардың өзара əзіл əңгімелері мен тағылымды тəрбиеге толы тəлімдері көпшіліктің көңілінен шықты. Кештің шымылдығын ақтөбелік ақын Бауыржан жыр жампозы Төлеген Айбергеновтың «Қазақ» атты өлеңімен ашып, əрі қарай өзінің жүрек түкпірінен жарып шыққан бір топ төл туындыларын жырсүйер Сыр жұртшылығымен бөлісті.

– Маған бұл сахнада өздеріңізбен екінші мəрте қауышу бақыты бұйырыпты. Алғаш рет шығармашылық жолдағы орны бөлек бауырым – Əділ Ботпановтың «Өмірзая» кітабының тұсаукесерінде келген едім. Жыр елі ерекше ықыласпен қарсы алды. Менімен жүздескелі, пікірлескелі келген оқырман қарасының қалыңдығына, оның ішінде көзіқарақты жастарға риза болып отырмын, – деді ақын үлкен толқыныспен. Расында, кеш нағыз шығармашылық бағытта өрбіді. Əзіл де айтылды, өлең де оқылды, қымбат естеліктер де сөз болды.

Сондай-ақ, жиын барысында кеш қонағы Ақтөбе облысының мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Қанат Айтбаев сөз сөйлеп, екі өңір арасындағы шығармашылық байланыстың артқандығын қуанышпен жеткізді. Алмалы Алматыда студенттік шақтың қызығы мен шыжығын бірге өткерген Тұрар Сыздықов, Нұрлан Бөкенов, Мұрат Жетпісбаев сын- ды достары ақынның қымбат əрі қызықты естеліктерін оқырманмен бөліссе, «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Оңғарбаев оның шығармашылығына тоқталды. Кеш соңында қала əкімі Нұрлыбек Нəлібаевтың атынан кеш қонағына алғыс хат табыс етіліп, жиналған көпшілікке ақынның бір топ жинағы тарту етілді. Айта кетейік, аталмыш шара өңірімізде өтіп жатқан Ақтөбе күндері ая- сында ұйымдастырылды.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

Ұқсас сілтемелер:
06 Желтоқсан 2016, 12:11
Ақын Абаштың айтқандары
03 Желтоқсан 2016, 09:46
Еңсесі биік ел болдық
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады