USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Ақ гүлім

Сансыз жылдарды артқа тастаса да, халық талғамынан ойып орын алған туындылар қашанда ел құлағында жаңғырып тұрары сөзсіз. Себебі, жүректен шыққан əн əрдайым жүректе мəңгі орнығып, тыңдаушының шын бағасымен ерекше есте қалады. Осындай қазақ əн өнеріндегі өресі биік туындылардың басымына жуығы Сыр топырағында дүниеге келгендігін біреу білсе, біреуіне беймəлім.

Халықтың сондай айта жүретін өміршең əндерінің бірі – «Ақ гүлім». Қазақтың əн қорына енгеніне отыз жеті жылдан астам уақыт өтсе де, бұл əнді əр тыңдаған сайын жаңа естіп тұрғандай бей- жай күй кешпеуің əсте мүмкін емес. Денең тоқ ұрғандай толқып, алабұртқан көңілді махаббат оты шарпығандай əсем күй кешесің. Жігіттің сүйген жанына деген іңкəр сезімін қара сөздің құдіретімен жеткізген ақын тыңдаушыны осындай əсерде қалдырады. Əрине, бұл – ақынның сөзсіз шеберлігі. Сегіз нотаның ырғағына салып, оған жан бітіріп, одан əрі құбылта білген композитордың да талассыз талантын жоққа шығаруға болмас. Сондықтан да болар, жаңақорғандық қос талант – Бексұлтан Байкенжеев пен Адырбек Сопыбековтың бірлескен шығармашылық жұмысының арқасында дүниеге келген «Ақ гүлімді» бүгінде жатқа айтпайтын қазақ жоқ.

Ал, сіз тек Сыр жұртшылығының ғана емес, жүрегі өнер деп соғатын барша əн сүйер қауымның сүйікті əніне айналған «Ақ гүлімнің» шығу тарихынан хабардарсыз ба? Жа- сыратыны жоқ, оны əніне елтіп қосыла шырқап жүргенімізбен қашан, қалай туған дүние екендігі көбіміз үшін беймəлім. Шынымен де, ақын жүректі өзіне ынтық еткен бір сұлу жанның болғаны анық па, əлде өмірін өлеңмен тербеген ақын жігіттің музасын жырға қосқан жəй ғана кезекті туындысы ма? Осындай оймен біз де əннің сөзін жазған жыр елінің мақтанышы, ақын Адырбек Сопыбековпен арнайы тілдесіп, аталмыш тақырып жөнінде сыр тартып көрген едік. Біз хабарласқанда Адырбек ақсақал еліміздің бас қаласында сапарлатып жүр екен. Ол сымсыз телефон арқылы өлең тарихын баяндап беруден бас тартпады. Қысқасы, сексенді алқымдаған ақсақал əңгімеге келгенде сараңдық танытпай, кеше ғана жазып біткен өлеңдей бізге бəрін əдемі тізбектеп айтып берген еді.

– Өздеріңіз білесіздер, əйелдер мерекесі БҰҰ-ның тікелей қолдауымен 1979 жылдан бастап тойланатын болып шешілді. Осыған байланысты жер-жерде республикалық конференциялар ұйымдастыру көзделді. Ол кезде мен Жаңақорған аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрдім.

Ал, Бексұлтан Байкенжеев аудандық музыка мектебінің директоры болатын. Бірде аталмыш бағыттағы жасалған жиында əйелдер қауымына арнап өлең жазу Бексұлтан екеумізге міндеттелді. Сөйтіп, біріміз сөз, екіншіміз əнін таба алмай ойланып- толғанып біраз жүрдік. Жалпы, нəзікжандылар қауымына əн шығару деген өте қиын дүние екенін ақындар жағы жақсы біледі. Өйткені, ондағы сұлулықты 3 шумақ пен 1 қайырмаға сыйғызу мүмкін емес, – дейді ақын бізбен əңгімесінде. Расында, ұзын сонар қисса-дастан, поэмаларға өзек болған бұл көркемдікті екі-үш ауыз сөзге сыйғызуға да ұтқыр тіл мен орамды ойдың аса қажеттігі əмбеге аян. Сөйтіп, араға бір апта салып қайта кездескен ақын мен композитор бір-біріне іштен шыққан төл туын дыларын ұсынғанда көп көңіліндегі кіршіксіз сезімді дөп басатын сəтті дүние боларын іштей сезген-ді. Сенi iздеймiн алаңдап дүрсiлдейдi бұл жүрек Сенi ойладым сағынып күндiз-түнi елжiреп Қырық қыздың iшiнде барамысың көш бастап Мен Төлеген болғанда Өзiң болдың Қыз Жiбек, ақ гүлiм...

Міне, біз айтып жүрген əннің алғашқы шумағы осылай өрілген еді. – Əдетте, əн жазу үдерісінде бірінші музыка жазылып, соған орай ақынға сөз жазу тапсырылатын немесе керісінше. Бұл жолы бізде олай болмады. Екеуміз екі жақта жүріп, жазған дүниемізді қатар көрсеттік. Бір қызығы, «Сабақты ине сəтімен» деп музыка мен сөзі алдын ала ойласқандай бір-бірімен жымдаса кетті. Сонда Бексұлтан екеуміздің бұл өлеңнің тек парақ бетінде ғана қалмай, халықтың жүрегінде де қалатын қымбат əн боларына үкілі үмітпен қараған едік. Кейін дайын болған əн нотаға түсіп, қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің залында біраз уақыт ілініп тұрды. Сол университетте əйелдер тақырыбына байланысты ұйымдастырылған облыстық конференцияда əннің алғаш тұсауы кесіліп, тыңдарманға жол тартқан еді, – дейді Адырбек Сопыбеков.

Ал, əннің неліктен «Ақ гүлім» аталу себебін сұрағанымызда, ақсақал қылықты қыздар үшін «ақ» пен «гүлден» артық таптырмас теңеу жоқ екенін жеткізген еді. Бір жағынан, ақынның айтуынша, Бексұлтан Байкенжеевтің анасының аты «Ақнұр» болған- дықтан, ком позитордың өз өлең деріне көбіне «ақ» сөзінің тіркесіп жүретіні заңдылыққа айналыпты. Белгілі «Ақбаян», «Ақ Шолпан» əндерінің атауы да осы мəселеге тікелей қатысты көрінеді. Осылайша қос хас таланттың жүрегінен шыққан əсем əннің бағын белгілі эстра- да жұлдыздарының бірі – «Нұр Мұқасан» тобы ашып, жыр сүйер қауымның жүрегіне одан əрі берік орнықтыра түсті. Жастана жаттап, қосыла айтатын тəтті əуенге айналды.

– Дүниеден озар шағындағы бір жылдай уақыт бұрын Бексұлтанмен кездескенімде ол маған «Сағынып жүрші» деген əніне сөз жазып беруге қолқа салды. Мен де дос сөзін аяқ асты етпей, өзінің қалағанындай жазып бердім. Əн дүниеге келген соң, Бексұлтан бақилық болды. Композитордың 65 жылдығына арналған республикалық еске алу кеші де осы əннің атымен аталды. Қазір оны белгілі əнші Саят Медеуов нақышына келтіре орындап жүр, – дейді ақын. Қазіргі таңда жүректі ақынның əнге сөзі жазылған 20-дан астам өлеңі бар. Кезінде Əсет Бейсеуов, Шəмші Қалдаяқовтармен дастарқан- дəмдес болған ақынның талай- талай керемет дүниелері ел аузында шырқалып, қазақтың əн өнеріндегі алтын көмбесінен ойып тұрып орын алғаны мəлім.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады