USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жұлдызды күндердің бірі

Түпқарағандық жастар еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысуда. Дүйсенбі күні Түпқараған гуманитарлық колледжінің студенттері осындай шаралардың бірі – флешмоб ұйымдастырды.

Түпқараған гуманитарлық колледжінде 123 студент білім алуда. Бәрі дерлік ынталы, белсенді жастар. Спортпен, шығармашылықпен айналысатындары баршылық. Сондықтан аудандық жастардың ресурстық орталығының «25 жылдыққа флешмоб ұйымдастырайық! » деген ұсынысын қуана қабылдады. Флешмобқа 100 студент қатысты. - Біз бүгін спорт формасын киіп, көңілді би биледік. Осылайша, біз өзіміздің тәуелсіз елдің бақытты ұландары екенімізді, белсенді, білімді жастар екенімізді көрсеттік, -дейді олар. - Ұлттық мерекемізге арнап «Тәуелсіздігіміздің 25 негізі – 25 жұлдызды күн» атты шаралар легі өтіп жатыр. Бұлардың арасында осындай флешмобтар, қызықты кездесулер, спорттық сайыстар, танымдық-көпшілік шаралар бар, – деді жастар ресурстық орталығының маманы Айдана Мұратова – Бұған студенттер, оқушылар, жұмысшы жастар мен мемлекеттік қызметкерлер өте белсенділікпен қатысуда. Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арыстанбек Рахман осы флешмобқа арнайы келіп, қатысқан екен. Ол түпқарағандық жастардың ынта-ықыласына, белсенділігіне тәнті екенін айтты. - Өте пайдалы, мағыналы, тағлымды шаралар жоспарланған екен. Оларға жастар тарапынан біраз ұсыныстар түсіпті. Бұл да түпқарағандықтардың әрбір осындай шараға зор ықыласпен, шығармашылықпен қарайтынын көрсетеді, -деді ол. Жастар ұйымдастырған тағлымды шаралар ауданның барлық елді мекендерінде өтіп жатыр.

Анар РАХИМБЕКОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады