USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Жер баптап, жемісін көрген

Еңбек ауылы Қыдыр дарып, бақ қонған құтты мекен. Қасиетті өлкенің топырағын ғалым М.Байділдаевтан бастап, қоғам қайраткерлері мен ел ағалары, ақындар түлеп ұшқан. Бүгінде ауыл халқы берекелі өмір кешуде. Шаруасын дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтары ауылдың әлеуметтік дамуына дем беріп, ырысын арттырып отыр. Үлкеннен өнеге алып өскен жастар да ең алдымен туған өлкенің дамуына «теңіздің тамшысындай өз үлесімізді қоссақ» деген ниетте. Осындай білімі мен күш-жігері бір арнаға тоғысқан жалынды жастың бірі – Алтынбек Исабаев. Еңбек ауылының тумасы Алтынбек қазіргі таңда «Атамекен» шаруа қожалығында бас агроном қызметін атқарады. Ол Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің «Агротехникалық» факультетінің агрономия мамандығы бойынша өз біліктілігін алған.

–Алтынбек жігітке мамандық таңдау – өмірлік маңызы бар қадамның бірі екендігі белгілі. Сіз ауыл шаруашылығы саласына қалай келдіңіз?

–Мен осы салаға аңдаусызда келдім десем болады. Бала кезімнен мектепте білім алып жүргенде тіс дәрігері болуды армандаушы едім. Біз ҰБТ тапсырар алдында мектептегі білім берген ұстаздарым, ата-анамыз болашағымызға алаңдаушылықтарын білдірді. Дегенмен, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей ұстаздардың айтқан ақылына да құлақ астық. Мамандық таңдау өмірдегі ең маңызды сатылардың бірі болғандықтан, жеті өлшеп бір кесуге тура келді. Әлі есімде М.Байділдаев атындағы №232 орта мектеп директоры Ақшонтаева Шынар апайым осы агроном мамандығын таңдауыма кеңес берді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы ең бір жауапты мамандықта білім алып, тәжірбиемді осы салаға арнап жүргеніме еш өкінбеймін.

–Өз мамандығыңыздың қызығы мен қиыншылығы жайлы айтсаңыз!

–Әрине, әр мамандықтың қиындығы мен қызықшылығы қатар жүреді. Бірден істі дөңгелетіп алып кету оңай шаруа емес. Қай жұмыста уақыт пен тәжірбиені ұштастыра білу маңызды. «Егінші жылда арманда» демекші біз жылда Жер-Анадан мол несібе күтеміз. Ерте көктемнен бастап жерді күтіп баптауға, су режимін қалыпты сақтауға көңіл бөлініп, агротехникалық шаралары мерзімімен орындалуына қызмет жасаймыз. Күріш «бала» секілді, күтіп баптағанды жақсы көреді. Биыл шаруа қожалық 1447 гектарға егіс егіп, оның 1200 гектарынан өнімді дер кезінде жинауға мүмкіндік алды. Ауа райына байланысты сағат 11-ден бастап, кешкі сағат 7-ге дейін астықтың жиналу жұмыстары жүреді. Себебі, таңғы уақытта шық түсетіндіктен, күріш ылғалдылығын біраз уақыт сақтап қалады. Бұл жұмыстың бәрі жылда қамбаны астыққа толтыруға септігін тигізеді. Бүгінде «Атамекен» шаруа қожалығында 100-ге жуық жұмысшы несібесін қара жерден еңбек арқылы көріп отыр. Сондықтан өнімді еселеп алу үшін барша еңбек адамдары мен агроном талмай еңбек етуі тиіс. Жерді күтіп баптаудан бөлек, 6 ай бойы егіннің қатар, гербицидтерін есептеп, тыңайтқыштарды өз мөлшерімен беру де агрономның басты міндетіне саналады. Сондықтан өз жұмысымызға жауапкершілікпен қарауымыз қажет.

–Өмірлік ұстазыңыз ретінде кімді айта аласыз!

–«Өмірдің өзі ұлы ұстаз» деген нақыл сөз бекер айтылмаса керек. Осы жұмысқа алғаш қадам басқан жылдары мені шаруа қожалықтағы әрбір еңбеккердің бел жазбай қызмет еткені сүйсіндірді. Әсіресе 30 жыл маңдай терін төккен бас агроном Рысбек Жұбатқанов әкеміздің жанында 1 жылдай іс-тәжірбиесін көріп, шаруа адамының ақыл-парасатынан көп өнеге алдым десем болады. Ал өмірлік ұстазым ретінде «Атамекен» шаруа қожалығының төрағасы Шәкизатхан Искаков ағамызды ерекше қадір тұтамын. Ауылдың ардақты азаматы өзінің қажыр-қайратын осы ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруына атсалысып жүргендіктен, ағамыздың өмірі жастарға өнеге болып есептеледі.

–Жалпы жастардың басым көпшілігі еңбек жолын ауылдан бастауға жүрексінеді. Жоғарғы білімді мамандардың ауылға табан тіремеуіне не себеп деп ойлайсыз?!

–Менімен бірге жоғарғы оқу орнында 30-ға жуық студент оқыды. Біразы өз мамандықтарымен қызмет атқармаса да, жұмыс тапшылығынан әр түрлі салаларға кетіп жатты. Қазіргі таңда көп жастар Астана, Алматы сынды ірі қалаларда қызметке орналасқанды қалайды. «Ауылда жұмыс көзі жоқ», «ауылға барғанда не бітіреміз» деп ойлайды. Әрине барлық адам жоғары білім алғанымен, дайын білікті маман ретінде жұмысқа орнығып кете алмайды. Сәл сабырлық сақтап, қиындықтарға шыдамдылық таныста «алынбайтын қамал жоқ» деп ойлаймын.

–Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде ел дамуына қандай үлесіңізді қосудасыз?

–Әрине, «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» деген мақал бар емес пе! Елдің әрбір азаматы ел дамуына өз шама-шарқы келгенше үлес қосса біздің тигізген пайдамыз сол деп ойлаймын. Мен өз мамандығымнан еш уақытта шаршаған емеспін. Егіс науқаны кезінде 6 ай сарылып уайымда жүрер болсақ, қысқы маусымда тағы қызу жұмыстар атқаруға тура келеді. Астық болған жерде елдің берекесі мол болады. Үлкеннің өнегесін алып, өмірлік тәжірбиесінен бір жақсы қасиет алар болсақ әрбір жастан келешек тұлға қалыптасады. Өз тәрбиеміз бен білім күшімізді ауылдың көркеюіне жұмсасақ «Тәуелсіздікке тарту» деген сол болар.

–Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен, Жайна ШЕРНИЯЗОВА.

Ұқсас сілтемелер:
01 Желтоқсан 2016, 14:58
Ел мен ер және жер
01 Желтоқсан 2016, 12:52
Көппен көрген ұлы той
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады