USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

«Жастар дауысы-2016» мәресіне жетті

Жылда аудан орталығында дәстүрлі аталып өтетін «Жастар дауысы» фестивалі биылғы жылы да өз мәресіне жетті. Қала бойынша түрлі мамандықтармен дәріс беретін колледждер қабырғасында білім алып жатқан үш мыңға тарта студент жастар бар болса, солардың арасында өзінің мамандығымен қатар өнерге, өлеңге де бейімі бар жастардың бар екенін әркім біле бермейді.

Аудандық Мәдениет үйінің залында дәл осы күні ине шаншар орын болмады. Өздерінің достарының шашбауын көтеріп, оқып жатқан колледждердің намысын қолдан жібермейміз деп келген қошеметшіл студенттердің де қарасы мол болды.

Бурабай ауданының әкімі Төлеген Тәшмағамбетовке алғашқы сөз кезегі беріліп, аудан басшысы тәуелсіз ел жастарының бүгінгі жетістігін, оның ішінде аудандағы белсенді жастардың ғылым, өнер жолындағы өрелігі жайлы ауқымды ойымен бөлісіп, бап пен бақ қатар сыналатын айтулы додаға қатысып отырған жастарға шығармашылық табыс тілеп, тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығымен және де ҚР Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Байқау шарттары бойынша жанды дауыспен ән айтумен қатар актерлік шеберлікті шыңдап, сахнада бүгінгі еліміздің жетістігін насихаттау, экономикалық өсіп-өрлеудегі сатылық жағын көрсету сияқты талаптар қойылған. Иә, бұл талаптарды мүлтіксіз орындаған Щучинск қаласының Жоғары колледж студенттері. Күні кешегі қазақ тарихында ерлігімен ел есінде қалған отансүйгіш жастардың ұлт азаттығы үшін күрескен бейнесін және де тоқсан бірінші жылы дәуір құсындай армандатып сан ғасырлар бойы бабаларымыздың көкірегін шерге, аналарымыздың жанарын жасқа толтырған егемендікті алған тұстағы шат-шадыман қуанышты көріністі, одан қала берді Сарыарқаның сәні мен әніне айналған Астананың айшықты ажарын көркемдеген, алдымыздағы мұқым әлем көз тігетін ЭСПО-2017 келе жатқандығы жайлы жоғары колледж студенттерінің керемет, тартымды көрінісі көптің көкейіне ой салғандай әсер берді. Себебі жанды дауыспен ән шырқаған студенттердің бойынан алғырлық, көздерінде болашаққа деген сенімнің ұшпа ұшқынын аңғарғандай болдық.

Ән орындау, би билеуден педагогикалық колледждің студенттері алдына жан салмады. Осы шараға ерекше ықылас қойып әзірлегендіктері байқалып тұр. Мың бұралған бишілердің үстіндегі көк байрақ туымыз түстес әдемі үлбіреген көйлектері азат елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін айқындап көрсете білгендей. Қатаркөл ауыл шаруашылық колледжінің студенттері бабына келтіріп ән шырқап, бойларындағы құдай берген талантты мейілінше ортаға салып, танымды қойылымдар арқылы думандатып сахнаның көркін қыздыра түсті.

Экология және орман шаруашылығы колледжі студенттері мен туризм және сервис индустриясы коллежінің студеттері өздерінің оқып, білім алып жатқан мамандықтарының бүгінгі заманға аса қажетті екенін насихаттап, көріністер қойып, көпшілік көңілінен шығуға тырысып бақты.

«Жастар дауысы-2016» байқауын қорытындылап әділқазылар алқасы атынан аудандық мәслихаттың хатшысы Өтелбай Бейсенов сахнаға көтерілді. Барлық қатысушы студенттердің бойындағы өнерлерін жеке-жеке талдап сараптай келе, осындай студенттерге дәріс беріп, бағыт сілтеп, жол салып жүрген өнер өлкесіне қанат қағуға мүмкіндік туғызған оқытушылар қауымына ризашылығын жеткізе келе, «Жастар дауысы-2016» байқауының бас жүлдесіне Щучинск қаласының педагогикалық колледжі студенттерін лайық деп танып, бағалы сыйлық пен марапат қағазын табыстады. Байқауға қатысушы барлық командалар да сый-кәдеден құр алақан қалмады.

Дегенмен де сайыстың аты сайыс. Біреулердің бабы келіп бағы жанады, біреудің бағы жанып аты озады,-демекші өнер сайысы сонысымен қызықты. Аудан жастары үшін өнерлерін шыңдап бақ сынайтын байқаулар жетерлік. Бұл әрине алдағы күндердің еншісінде.

Өнер айдынында жеңісті күндерде жолыққанша, ағайын!

Ж. Оспанов

Ұқсас сілтемелер:
08 Желтоқсан 2016, 15:56
«Мерген сарбаз – 2016»
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады