USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Жас босанған анаға қалжа берген

Ұлтымыздың өзіндік мəн- мағынасы терең салт-дəстүрлері бар. Ғасыр қойнауынан бүгінгі күнге дейін желісі үзілмей жеткен ырымдардың бірі жас босанған əйелге қалжа жегізу. Бұдан ертеректе заманның тапшылық кезеңінде де тұрмысы төмен отбасыларда өзі өмірге перзент əкелген əйелге қалжа беруді өздерінің басты міндеті санаған.

Тіпті, қолы жомарт бай кісілер жарлы-жақыбайлардың отбасындағы жас босанған келіндерге қалжа жасап беруді əдетке айналдырған. Себебі, ел арасында бұл өте сауапты да, абыройлы көмек саналған. Зейнеп Ахметова апамыздың пікіріне сүйенсек, жас төл, біріншіден, дүниеге келген нəрестенің құрметіне, екіншіден, босанған əйелге қалжа есебінде арнайы сойылатын болған. Күнделікті келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қайта қалпына келтіріп отырған. Бұл ағза үшін өте пайдалы. Бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге күші жетпесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Əй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тағы бір қызықты жағдай, оны кей өңірлерде қыздың төркіні де əкеп жатады. Бірақ, біздің ойымызша, ең дұрысы ол нəрестенің əкесінің міндеті. Қалай десек те, босанған анаға осы жас еттің сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, жоғалтқан күш-қуатын қайта жинауға жəрдемдесуіміз керек. Енелер кезінде қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпа беріп терлетіп отыратын. Өзіміздің тəжірибеміз көрсеткендей, қалжаланып, күтілген əйелдің сүті де тойымды, əрі жеткілікті болады. Тоқ бала балпиып, тойған қозыдай жақсы ұйықтайды. Сəби тыныш болған соң анасының ұйқысы да жақсарады. Ана сүтінің құрамында нəрестені аурудан қорғайтын дəруменнің алуан түрі бар.

Ел аузында ондайды «індіні жарыған» дейді. Оның мағынасы кеңпейіл, өмірде тапшылық көрмеген дегенді білдіреді. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары бекіп, үй тірлігіне ерте араласып кетеді. Анамыздан естуіміз бойынша, қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіту керек. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген жөн. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым. Өзіміздің тəжірибемізден байқағандай, 40 күнге дейін жас босанған ананың тісі əлсіз болады, күтінбесе, түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан шілденің өзінде жел кіргізбей, ауызды орамалмен жауып, салқындап қалған асты жемей, осы кезеңде суға түспей, орамалды бастан тастамауға кеңес берер едім. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінің астарында салт- дəстүрімізді ұлықтайтын терең пəлсапалық мəн-мағына жатыр. Себебі, өзге ұлт өкілдері осы денсаулыққа аса пайдалы саналатын қарапайым қағидаға мəн бермейді. Бұл да болса ұлтымыздың ұлы дала мəдениетінің артықшылығы деп қабылдаған жөн болар. Сондықтан ұрпағымыздың келешегін ойласақ жас босанған аналарымызды мезгілінде қалжалатуға көңіл бөлгеніміз дұрыс деп ойлаймын.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Айгүл
Осы басылым Ахметованың еңбегін осымен екінші рет ұрлап басып отыр. Ұят-ай! Ең болмаса, дұрыстап пайдаланса ғой. Қалжаға жас төл соймайды!!!

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады