USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Үржарлықтар 20 тонна қарбыз әкелді

Облыс орталығында «Туған ел – алтын бесігім» акциясының аясында Үржар ауданының күндері өтті. Өнерпаздары Металлургтер мәдениет сарайында әннен шашу шашса, шаруалары «Фреш маркет» фермерлік гастрономының ауласында қолжетімді бағамен өз өнімдерін халыққа ұсынды.

Үржарлық өнерпаздар облыс тұрғындарына тарту ретінде "Тәуелсіздігім - мәңгілік" атты жаңа бағдарламамен келіпті.

Әншілердің әуелеткен әндері көбінде патриоттық бағытта орындалды. Гала-концертте Үржар аудандық мәдениет үйінің "Көңіл толқыны" халық аспаптар оркестрі, "Барқытбел", "Аққу сазы" қазақ фольклорлық ансамбльдері өз өнерлерімен көрермен көңілінен орын тапқаны сөзсіз. Биыл ғана құрылған "Дарабоз" этнографиялық тобы мен "Інжу-маржан" фольклорлық ән-би ансамблінің тұсаукесерлері де осы күнге сай келіпті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы, желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы, Семей полигонының жабылуының 25 жылдығы концерттік бағдарламадан тыс қалған жоқ.

Концерттің бағдарламасын жасап шыққан Қазақстанның Мәдениет қайраткері Жанат Заманбекқызы өнерпаздардың үлкен дайындықпен келгенін айтты. Рас, аз ғана уақыттың ішінде Үржардың бай мәдени мұрасы мен әнші-бишілердің өнерлері бірден көрінді.

Ертесінде өскемендіктер үржарлықтардың ұсынған өнімдерін алуға асықты. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аралап шығып, атқарылып жатқан шаруаға оң бағасын берді. «Фреш маркет» фермерлік гастрономының ауласында өтіп жатқан жәрмеңкеден Өскемен жұрты ғана емес, қала қонақтары да қалмауға тырысады. Ауылдан жеткен жас ет, көкөніс, сүт өнімдері әркімнің сұранысына ие. Оның үстіне бағасы да анағұрлым арзан. Ет 950-1000 теңгеден сатылса, бал 900 теңгеден қойылды. Жәрмеңкеге жалпы 1 тонна жылқы еті, 8 тонна сиыр, 2,5 тонна қой еті әкелінді. Сонымен қатар, 8 тонна картоп, 5 тонна орамжапырақ, 4 тонна сәбіз, 2 тонна балық жеткізілді. Ал 20 тонна қарбыз түске дейін біреуі қалмай өтіп кетті.

Мерей Қайнарұлы

didar-gazeti.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады