USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы дала ұлағаттары

Тәуелсіздіктің тал бесігі

...Шынында да, 1991 жыл кәрі тарихтың құрсаулы дөңгелегін кері айналдырғандай болды. «Ешқашан құламайды» деп дәріптеліп келген компартия да, көп елдің көңілін аулап келген коммунизмнің тәтті елесі де осы жылы сыр берді. Тәуелсіздіктің толғағы тар шеңберде ширығып жатқан талай елдің тынышын кетіріп, мазасын алды. Біз де үзеңгіге аяқ артқандай едік. Сананы кернеген сұрапыл құштарлық пен алапат арман алғы күнге асықтырды. Қанатын қомдаған қырандай томағамызды сыпыруға әзір отырдық. Сол кездегі алаң көңілді Алматы сан ғасырды бастан кешіп, ақылман абыздық кезеңдерді сәтті өткеріп, қазыналы қариядай ойға шомып отырған дана қалаға ұқсайтын. «Алмалы» дәуірін артқа тастап, Жібек жолының бойындағы ұлы қиырларға созылған ұзақ көштерге теңін артып, Қытай мен Үндістанға асқан кіре жолдар мен күре даңғылдардың шулы шежіресін кейінгі ғасырларға жалғады; Орынбордан озған, Ақмешіттен асқан астаналық эстафетаны асқарлы Алатаудың баурайына қонақтатқан қала - бұл. Ән мен жырға арқау болған әз Алматының маңдайына ғасырлап күткен қуаныш - Тәуелсіздікті жариялау бақыты бұйырды. Иә, Алматы - тәуелсіздіктің тал бесігі. Желтоқсанда бұлқынған жас қайраттың намысын жаныған жер де осы шаһар. Бұл қалада кеңестік кезеңнің қатпар-қатпар тарихы түзілді. Бұл қалада азаттыққа ұмтылған арыстардың ақырғы жолдары аяқталды. Бұл қалада дала психологиясының қалалық болмысқа айналуының ұзақ үрдісі жүрді. Сауатсыздықпен күрескен жылдардың сызбалары да осы жерде дүниеге келді. Ғылым-білім, әдебиет пен өнер, руханият пен мәдениет алма ағаштарымен астаса бүр жарды. Ал, ең бастысы, Алматы ұлттық сананы қалыптастырудың рухани орталығы, ұлағатты ұстаханасы болды. Қазақ халқының өнері мен мәдениетінің дәстүрлі дала философиясының шынайы көрінісі болып қана қоймай, ұлттың даму үдерісіндегі үлгі мен мектепке айналды. Осының бәріне куә - ару Алматы...

Саясат салтанаты

...Біз - халықтық саясаттың мәртебелі мектебінен шыққан елміз. Осы елде туып-өскен ұрпақпыз. Бабаның даңқын бұлдап, бұра тартқан жеріміз жоқ. Ұлы даланың ұлағатын ұлттық тарихымыз деп бағалай отырып, жаңа тарихтың тарауларын жазып жатырмыз. Бұл орайдағы берік ұстаным - ұлттық ынтымақты ту ету. Саясаткер болу әу бастағы арманым емес еді. Тіпті, бала кезімде мұның нендей нәрсе екенін де ойлап көрмеппін. Тек, әйтеуір әкем мен анамның күнделікті қарапайым өмірі мен ауылдастарымның қоңыр тұрмыс-тіршілігі мені осы жолға - беймәлім сапарға бастап алып келіпті. Ауыл ақсақалдарының әрбірі сыралғы саясаткер, сырбаз мәмілегер екенін жылдар өткенде, талай елдер мен мемлекеттердің төрінде елім туралы толғанғанда терең сезіне түскендей болдым. Солақай саясаттың тұсында мансап мінберіне кездейсоқ көтерілген кесірлер мен зордан зобалаң көрген халқымызды кемсіткендер бізді күні кеше ғана пайда болған бұратана халық, бұралқы ел санады. Біз жоқтан бар болған халық емеспіз. Қазақ хандығы - бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері. Бұлар - біздің ұлы тарихымыздың көне сілемдері. Ежелгі іздің сүрлеулері бізді жаңа заманның мінберінен сөз айтуға жеткізді. Демек, саясаттың ең басты ұстанымы - бірлік. Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады де- ген сөздің де сорабын дөп басып айтқан халқымыз. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің қорғаны. Бірлік бар жерде - тірлік бар. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Ата тарихымыздың тұжырымдарын есте ұстап, шежіре болып айтылар ұлттық ұлағатты, тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруіміз қажет. Жас ұрпақ жүрегіне сонда жол табамыз, сонда ғана болашағына бағдар бере аламыз...

Туған тілдің тұғыры

...Бір қызық парадокс: біз өз мемлекетімізде Конституцияда жазылған заңдық күші бар бапты басшылыққа алмай, қыздырманың қызыл тіліне еріп, шапқылай береміз. Іс басында, әсіресе халықтың көз алдындағы жауап- ты қызметте отырған қазақтардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құмар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі ұлттық намыстың аздығы, ерсі әрекетке еліктегіштік, ұлт дәстүріне енжарлық. Осы жағдайды саралай келе, он бес жылда аю да мемлекеттік тілді үйреніп алатын уақыт болды деп айтқаным бар. Бұл сөзді қазақ тілді басылымдар қанатты сөздің қатарына қосып, біраз ұшқындатты. Бірақ бұл қанатты сөзден гөрі тіл тағдырына алаңдаудың, намысты қайраудың бір жолы еді. Бұл ыңғайдағы тығырықтағы тірліктің иіні түзелер деген үміт сөзі болатын. Әрине, бұдан жиырма бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, бұл бағытта көп нәрсе алға жылжыды. Ұтқанымыз да, ұққанымыз да баршылық. Өкінішке қарай, ұмытқанымыз да жетіп жатыр. Ұтылмайтын жерде ұтылып, тұтылмайтын жерде тұтылып жататынымыз да жоқ емес...

Дін мен дәстүр

...Қазір исламдағы екінің бірі білмей айтып жүрген мәселе: жиһад туралы мәселе. Жиһад – ислам дінінде айтылатын ұғым екені рас. Бірақ мұның аясын тек қана лаңкестікпен шектейтін болсақ, қатты қателесеміз. Оның қазақша ұғымы белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін күш-қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту, мақсат үшін күресу деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді қазір қару алып соғысу, өзін құрбандыққа шалу мағынасында қолданып жүр. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде кездеседі. Соның төртеуінде ғана «соғыс» ұғымында қолданылған. Көп адам өзін мұсылман санағанмен, Құранның жалпы мән-мазмұнымен де толықтай таныс емес.

Сондықтан шолақ түсінік шала ұғымды туғызады. Терроризм – әлемдік дерт. Бұл зауалға қарсы адамзат баласы, барлық мемлекеттер мақсатты түрде күш біріктіріп, қарсы тұрмаса, жағдай жыл өткен сайын, тіпті ай өткен сайын ушығып, дүние өрт құшағына ай- нала береді. Қайғының бұлтын жамылып, қарақан басыңның қамымен бүркеніп ғұмыр кешетін бейтарап саясат енді орынды амал, орайлы іс-әрекет бола алмайды. Әлемдік тажалға бара-бар қарсылық, дін тілімен айтқанда, зұлымдыққа қарсы зайырлы жиһад қажет...

Қиырдан келсе қандастар

...Әлемнің әр қиырында өмір сүріп жатқан бауырларымызды атажұртқа оралту бағытында көптен ойымда жүрген арманымды орындаған сәтімді менің өз өмірімдегі ең бақытты кезеңім деп есептеймін. Бұл бір жүрекжарды қуаныш, сезімге толы салтанат, азаматтық парыздың салмағын сезінудің шынайы көрінісі болды. Осындай ерекше сәттер оңаша қалған кезде кейде өлең болып оралып, қолыңа қалам алғызады. Тыңдай білу заманыңның тынысын, Төрге оздыру қазағымды – Ұлы сын. Мойындатсаң мұратыңды жаһанға, Сонда ғана… Пенде емес, Ұлысың! Сонда ғана Ұлықтайды ұлысың! Елімізде дүние жүзі қазақтарының бес құрылтайы өтті.

Олардың кейінгілері жаңа елорда төрінде – Астанада өтті. Осы кезеңнің өзі жаңа елордаға қоныс аудару тұсындағы тарихи оқиғаларға куә болу, көзайым болу тұрғысында ел тарихындағы елеулі күндер, ерекше сәттер болды. Дүние жүзі қазақтарының басын қосу науқандық іс-шара емес, мемлекеттік саясаттың мерейлі де мәртебелі көрінісі болып, халықаралық қауымдастықтан, әлемдік өркениеттен өз бағаларын алды. Әлемде өз қандастарын атажұртқа жинап, мемлекеттік тұрғыдан арнайы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жатсынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүние жүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан...

Өнердің өрісі кең ...

Кеңестік қиранды құрылымнан мұра болып тек қана кетеуі кеткен экономика, кенеуі кепкен тұрмыстық проблемалар ғана қалған жоқ. Сағы сынған сана, жүнжіген рух қалды. Бір кезде мәдениет мәйегі атанған үлкенді-кішілі құрылымдар мен ұжымдар рухани күйзелісті бастан кешіп, сананы тұрмыс билеген кезеңде, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларының біразы жабылып та қалды. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатса да, ұлттық өнерге, халықтық руханиятқа қол создық. Өнер – ұлттың рухани келбеті. Мемлекеттің мәртебесі мен мерейінің шынайы көрінісі. Өнерлі халықтың өркені де баянды.

«Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бертінде пайда болғанмен, оның арғы болмысы тарихи бастаулардан тіл тартып, халқымыздың қазынасын, мәуелі мәдениетіміздің қайнарын қапысыз танытады. Әуесқойлық пен кәсіби өнердің аражігін байқап қарасақ, ол халқымыздың сан ғасырлық сүзгісінен өткен байлығын біріктіріп, оны жаңа заманға сай жаңғыртудың тың нәтижесін аңғартады...

Отбасы – отан тірегі

...Жаман халық жоқ, жаман әдет бар. Жаман әдет жұқпалы. Ол жүрекке түсетін жегі құрт. Оңы мен солын танып үлгермеген, ерсі нәрселерге еліктеуге бейім тұратын аңғал жастарды адасудан сақтандырудың шараларын мемлекет біржақты шеше алмайды. Бұл – жұрт болып жұмылып, халық болып қолдап, бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесінде жүзеге асатын мәселе. Тәрбие – тал бесіктен басталып, адамның өмір бойы үйренетін, тәлімімен сіңіретін адами қасиеттерінің халықтық мектебі. Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Бұл – Ұлы Даланың ұлағатты педагогикасы мен дана бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіне мейлінше мән бергенінің айнасы...

Жаңғырып келер жас толқын

...Тәуелсіздік алған тұста, әсіресе, 1993-1994 жылдары елдегі қаражат тапшылығына байланысты аса күрделі кезеңді бастан кешу ге тура келді. Нарық қатынасының қиындығы оның заңдылықтарына әлі бейімделе қоймаған халыққа ауыр тиді. Ол кезде көптеген ата- аналар үшін баласын шет елде оқыту іске аспайтын арман болып көрінетін. Қаржы тапшылығы жомарт елдің де қолын байлады. Дегенмен, тәуелсіз мемлекетімізге озық ойлы, білікті мамандар қажет екенін ескере келе, сол тұста біз тәуекел деп, жастарымызды алыс шет елдерге оқытуға бел байладық. Ол үшін арнайы халықаралық бағдарлама қабылдау қажет болды. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген әдемі сөз бар ғой. Жанымдағы серіктерім айтқанымды ұғынып, тапсырмам бойынша жаңа, тарихи бағдарламаның ережесі мен қағидаттарын түзіп шықты. Осылайша, 1993 жылдың күзінде, нақтырақ айтқанда, 5 қараша күні арнайы Жарлыққа қол қойып, «Болашақ» бағдарламасының тұсауын кестік. Сөйтіп, жастарымызды шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін түбегейлі шешетін халықаралық іс-шара өмірге келді... Еңсесі биік елорда ...ХХ ғасырдың аяқталар тұсында тарихымызда алғаш рет елдің ұлттық мәңгілік мүдделерін басшылыққа ала отырып, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қай жерде орналасатыны туралы шешім қабылдауымыздың аса зор саяси және өте маңызды әлеуметтік мәні болды.

Қорыта айтқанда, жаңа Астана өмірге келді. Тарих табалдырығынан аттады, қаз тұрды, қадам басты, жиырма бірінші ғасырмен амандасты. Оның ұзақ даму жолында әлі де сан тарау белестер бар. «Мәңгілік Ел» атты жалпыұлттық бағдарламаны жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етіп жатқан тәуелсіз Қазақстанның бүгіні қандай нұрлы болса, ертеңі одан да салтанатты болатынына күмән жоқ. Әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттер арасындағы алар ор- нымыз, шығар төріміз уақыт өткен сайын биіктеп келеді. Жұлдызымыз жоғарылай түсуде. Бұл жұлдыз – бақыт жұлдызы. Халықтың маңдайындағы жұлдыз. Сондықтан, ол жарқырап жана береді. Халқымыздың маңдайындағы жұлдыздың нұрына бөленген жас ұрпақ – жаңа толқын біздің бұл істерімізге алғысын айтатын болады...

Қарияларымыз – қазынамыз ...

Ұлы Даламыздың ұлық тари- хында жаның жадырайтын жақсы қасиеттер ұшан-теңіз. Соның бірі – дала демократиясы. Оның басты ұраны – әділдік, бірлік және ұлттық тұтастық. Атақты билердің, айбынды ақындардың аксиомаға айналған афоризмдеріне ой жіберіп қарасаң, олардағы халықтық қасиет, ұлттық ұлағат айқын көрінеді. Сондай кезде ақылман абыздың ой тереңдігіне тәнті болып, дала философиясының ұлы сарынын сезінесің. Өзегі – ақыл, өнегесі – нақыл жұртыңның асыл сөздері ұрпақтар санасына жетіп жатса, бұдан артық қазына бола ма? Ортақ абырой – Отан қуаты. Әлемдік өркениеттен өз орнын тапқан қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы келер ұрпаққа мәңгілік міндет, халықтық қасиет болып қала береді. Бұл жолдағы ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қосар үлесі ел дамуына ерекше серпін береді деп сенеміз. Қарияларымыз – қазынамыз бар, демек тұғырымыз биік, туымыз жоғары болатынына күмән жоқ. Тұлпар мініп, ту ұстаған қазаққа Алланың ақ нұры жауа берсін!...

Мұраты бірдің – қуаты бір

. Бұл кітап не үшін жазылды?

Оның маңызды себептері бар. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңін мемлекет дамуының игілікті нәтижелерімен қарсы алдық. Әлемдік өркениеттен егемен ел қатарында өз орнымызды таптық. Өзгелермен бойымыз да, ойымыз да теңесті. Халықаралық қоғамдастықтың белді әрі белсенді мүшесі ретінде мәртебелі мінберлерден сөз ұстап, көзқарасымызды кеңінен танытуға қол жеткіздік. Мұның бәрі тарих үшін қас-қағым сәт саналатын ширек ғасырда жүзеге асырылды. Қарудың күшімен емес, ақыл- парасаттың, сарабдал саясаттың қуатымен әлем назарын өзімізге бұрдық. Тәуелсіз мемлекет атанып, шекарамызды шегендедік. Төл теңгемізді төрге шығарып, аумақтық тұтастығымызды төрткүл дүниеге мойындаттық. Мемлекеттік рәміздерімізді жұмыр жердің қай түкпірінде де асқақтатып келеміз. Уақыт бізбен санасты. Заман бізге мойнын бұрды. Ел есейді, елмен бірге мен де үлкен өмір мектебінен өттім. Қандай қиын кезеңде де халқымыздың бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қойған ұлттық дәстүрін нық ұстай отырып, көп ұлтты Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен өзара түсіністігін, сыйластығы мен төзімділігін мемлекет дамуының темірқазығы етіп қалыптастырдық. Жаппай қырып- жоятын ядролық алапат қарудан өз еркімізбен бас тарта отырып, халықаралық қоғамдастықтан, іргелі мемлекеттерден бейбітшілігімізге кепілдік алдық. Бұл қадам да ынтымақшыл халқымыздың тарапынан өз кезінде қолдау тапты. Мұнда да мұратымыз бір, мақсатымыз ортақ болды. Мұның бәрі еліміздің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлап, дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі таңда 5 институттық реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындауға кірісіп кеттік. Біз үшін бұл да сындарлы кезеңнің тағы бір сынағы болмақ.

Міне, осы тұста сөз бен істің бірлігі қашанда ел дамуының нақты көрсеткішіне айналады. Біз егемен ел болу жөніндегі ата-бабаларымыздың асыл арманын жүзеге асырдық. Еліміздің өзі таңдаған дара жолы бар, ол – бейбітшілікті сүйетін, қауіпсіздікті қорғайтын Қазақстан Жолы. Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылын жаңа қазақстандық арманды жүзеге асырудың айқын жетістіктерімен қарсы алып отырмыз. Ел экономикасының серпіні мен әлеуметтік әлеуеті әлемдік дағдарыстың сын-тегеуріндеріне берік шыдас беріп келеді.

Ең бастысы, халқымыздың көңілінде рухани-психологиялық дағдарыс жоқ. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалпыұлттық бағдарламасы жаңа қуатпен жүзеге асуда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ата-бабамыз қанымен, жанымен қорғаған ұлы далада Мәңгілік Ел қалыптастырудың барлық шарттары мен мүмкіндіктері жасалды. Мемлекеттік ұстаным тұғырын бекітті. Менің тілдік қорымда ең жиі қолданылатын үш ұғым бар. Ол – Тыныштық. Татулық. Бірлік. Әрі олай болуының да сыры бар. Оларды маған дейін де мыңдаған адам айтқан. Бәрі де тарих тағылымынан туып, ежелгі бабаларымыздан екшеліп жеткен сара сөздер. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Тынысы бірдің – ырысы бір» дейтін аталы, баталы сөзді де айтып кеткен солар. Біз ұлы бабаларымыздан қалған асыл сөзге де, жөн-жосыққа да, дәстүрге де әрқашан адал болуымыз керек. Біз Ұлы Дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз. Мұратымыз – Мәңгілік Ел! Тәуелсіз мемлекетіміз Еуразияның осынау алып кеңістігінде мәңгілік өмір сүретін болады. Мәртебесі биіктеп, өсе берсін, өркендей берсін Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!.

("Егемен Қазақстан" газетінен ықшамдалып алынды).

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады