USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Тұғыры мықты тәуелсіз елдің тұңғыш президенті

Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан - өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» - деп ойлансақ, бұл - туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі. Қазақ елі тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қазақ елінің соңғы жиырма бес жыл тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды.

Ұлы даланың тағдыр-тарихын барлық дем тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын сол ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін ер, көзсіз батыр, тап-таза ар - намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер, елін басқарып, қос батырдың ісін істей алатындай ерекше тұлғаны тап басып таңдап, тағдырын қолына бергенінде жаза басып жаңылған жоқ еді. Нұрсұлтан Әбішұлы — жер бетіне сөзін өткізіп отырған бүгінгі заманның көрнекті саясаткері, Қазақстанның тәуелсіз мемле- кетін құрудың басында тұрған, осы жолдағы не қилы тар жол, тайғақ кешуді халқымен бірге өтіп, қиыншылықтарын бөліскен, бүгінде әлем мойындап отырған жаңа мемлекетті қалыптастырған, оған жаңа Астана жасап, жаңа қала тұрғызған, қазіргі елді индустрияландырудың жаңа жобасын өмірге келтіріп, болашаққа бағыттап бара жатқан ұлы тұлға, төрт құбыланы түгендеп, кемел ойлы, кемеңгер ата-бабаларымыздың жолымен жүрген, қасиет дарыған қайраткер.

Тарихтың тағдыр-талайы шешуші сәтінде мемлекет басына келіп, шексіз ұлтжандылықпен рух биіктігін көрсетіп, елін өрлеу мен гүлдену жолына түсіріп, іркілмей бастап келе жатқан ізгі жан туралы жылы лебіздерді көптеп келтіруге болады. Соның бірі 2015 жылы қазақ халқына жариялаған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары. «100 нақты қадам» елімізге «2050-Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Жоспарлардың негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды. Президент боламын деген кісі ақылы мен қайратын, жігерін, ірі саясаткер талантымен, ел басқару ісіндегі мол тәжірибесімен ұшта- стыра отырып, елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін еңбек етуі шарт. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шарттардан мүдірмей өтті, ол елдің, мемлекеттің ақыл-ойын байытуға, абыройын асыруға, ар - ожданын ардақтауға қызмет етті және қызмет етіп келеді.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Еліміздің экономикасын көтеріп, халқымыздың әл-ауқа- тын арттыру, саяси реформалар жүргізіп, басқарудың тиімді тетік- терін қалыптастыру бағыттарында да қомақты шаруалар атқарылды. Республикамыз қазірге дейін бірқатар халықаралық ауқымды шараларға бастамашы болып үлгерді. Әлемдік, өңірлік деңгейдегі құрылымдарды өмірге әкелудің көш басында жүрді. Ел ішіндегі этносаралық татулық пен дінаралық келісім үдерістері өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеге көтерілді.

Дүниежүзілік, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы күш-жігеріміз де халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Жер шарының көптеген мемлекеттерімен тек достық, ынтымақтастық тұрғысында қарым-қатынас орнаттық. Кеңес өкіметінің құлаған сарайын күреп тастап, ата-бабамыздың ақбоз үйін тіге қою оңай болған жоқ. Елбасы егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап, жатса-тұрса ойлайтыны да, айтатыны да көпұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалу болды. Халықты аштыққа, жалаңаштыққа ұрындырмай, қиын өткелден алып шығуының бірден-бір жолы — шетелдердің қаржысын Қазақстанның экономикасын өркендетуге жұмсау, өзіміздің теңгемізді тұрақтандыру, дамыған елдермен байланыс жасап, жер бетінде Қазақстан атты мемлекеттің барын таныту болды. Өтпелі кезең қиыншылықты болғанмен, мемлекеттің алдындағы өзекті мәселелерде Елбасы бірден-бір баянды бағыт ұстанды. Мемлекеттің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығын қалыптастыруда бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Жаңа басқару жүйесі, оның басқарушы, бақылаушы және атқарушы органдары мен институттары құрылды. Қазақ елінің территориялық тұтастығының, біртұтас мемлекеттігінің заңды негізі қаланды. Ел егемендігін алысымен, БҰҰ- ға мүше етіп енгізді. Қазақстан осы күннен бастап және жер жүзіндегі жүзден астам ел таныған Егемен ел болды. Президентіміздің ел тәуелсізді- гінен кейін ең бір батыл, шешімі - астананы Ақмолаға көшіруі.

Қайда жүрсе де, кіндік кесіп, кір жуған туған жерін ойлаған азамат оның ертеңгі өмірін де қамдап ойлайды. Астананы Алатаудың бауырынан Арқаға ауыстыру оңайға түскен жоқ. Арқа төсіне қоныс аударған Елордаға бақ пен дәулет тілеген Елбасы: «Бұл болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақтар көреді»,- деген болатын. Бүгінде әр қазақтың жүрегінде отансүйгіштік деген ұлы сезім ұлғая түсті, көңілге қонып, тамыры терең «Бәйтеректей» шартарапқа құлаш жайды. Қазақ халқының санасына Астана бірлігіміз бен тіршілігіміздің айшықты белгісі - символы болып қалыптасты. «Астана - тәуелсіздік тақ-тұғыры, Бар Қазақ арман жолын басқарады» - десек, шын мәнінде, Астана ұлтымыздың, мемлекетіміздің мызғымас тақ-тұғырына айналды. Әр мемлекеттің астанасы — оны биіктерге бастайтын баспалдағы, беделі мен берекесінің діңгегі.

Астана әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен. Астананың символы – «Бәйтерек» монументін бүгінде көптеген мемлекеттердің азаматтары біледі. Президенттің айтуынша, бұл құрылыстың мәні үш негізгі философиялық құрылымды білдіреді: жер, өмір және аспан. Сарыарқа төрінен ұлттығымызға ұлы шаңырақ көтеру – Тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігі, көрегендігі. Біздің Президентімізді дүниежүзі таниды және оны өз бауырындай, досындай, ақылшысындай, тіпті өздерінің басшысындай көретінін мақтан тұтамын. Елбасы Ұлытау өңірінде әрқашан ұмытпай, еліміздің киесі және кіндігі қасиетті Ұлытауға келіп тағзым етуді де естен шығармайды. Елбасы өмірі мен қызметі елі мен жері, оның болашақ дамуына арналған. Елбасының денсаулығы, мықты болып тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік болғай!

Е.КЕНЖЕҒАЛИ, Ұлытау ауданы прокуратурасының іс жүргізушісі.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады