USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Байлыққа бола жан-дүниесі батпаққа батқан…

1990 жылы туған. 1996-2007 жылдары Семей қаласының №34 орта мектебін тәмәмдаған. 2008 жылы Семей қаласының жергілікті телеарнасында, сонымен қатар мерзімді басылымдарда еңбек жолын бастаған. 2010-2014 жылдары Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін бітірген. 2011 жылы жарық көрген проза-поэтикалық «Көктемдегі көлеңке» атты кітабының авторы. ХVI Халықаралық шығармашыл жастар «Шабыт 2013» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма номинациясы» бойынша Гран-при иегері. Республикалық «Аңсар-2014» проза байқауының бас жүлдегері.

Сырт қарағанда Нұрайымды қайғы-мұңсыз деп тон пішуіңіз мүмкін. Атасы соғыс ардагері. Әкесі бір кезде түкірігі жерге түспеген, ақ дегенін алғысқа, қара дегенін қарғысқа айналдырған комунистік партияның аудандық бірінші хатшысы болған. Әйел заты болып жаралғаннан бері тағдырында түк те қиыншылық көрмей бақытты ғұмыр кешкен адам дерсіз. Бұрынғы қиын-қыстау күндерде елдің қолы жете бермейтін, елдің қыздары ала алмаған жоғарғы білім иегері. Сарайдай үйдің алтынға оралған Һас ханшайымы. Екі бірдей қызын қияға қондырып, солардан өрбіген жиендерінің желке шашынан құшырлана иіскеп отырған апа. Жасы қырық жетіде. Осыдан жиырма алты жыл бұрын отасқан жұбайы қазір депутат. Жетпейтіні соның көңілі. Сезімі мен сыйластығы азайып, суыған. Көңілі басқа бір сұлуға ауыпты-мыс. Осыны сезгеннен бастап, сумаңдаған тілдерден естігелі бері ішіне қара мысық кіріп алып, іші-бауырын түн демей, күн демей тырмалайтындай. Күніге үйінде жалғыз, алданыш етер дәнеңесі жоқ.
Кейде қыздарына қонаққа барып шыққаны болмаса, жападан жалғыз. Өмір бақи шулы ортада тірлік кешіп, елгезектігімен елдің ортасында етене жақын араласқаннан ба, бәрінен бір күнде алыстап кету, күзді күнгі тобынан ажырап қалған соқыр тырнаның кебі екен. Ол осындай келеңсіз жәйтті күнде сезеді. Таңертең күйеуін жұмысқа шығарып салған соң, жас кездеріндегі фото суреттерге көп үңілетінді шығарды. Естелік болса да, тәттісі сол ғана. Оңтар екеуі бұрын қалай жарасушы еді, құрдас жігіттердің қызығатын, құрбы қыздардың тамсанатын көз құрты еді ғой бұлар. Араларын алыстатқан бір-ақ нәрсе, Оңтарға ұл тауып бере алмады. Нұрайым екінші қызын босанғаннан кейін он жыл аралатып жүкті болған. Дәрігерлердің айтысына қарағанда ұл бала екен. Табиғат аясына тынығуға барғанда табанынан сыз өтіп, жедел жәрдеммен емханаға түсті. Ертесінде түсік тастағанын естіді. Дәрігерлер Нұрайымның енді өмірге бала әкеле алмайтынын қатаң ескертті. Басында бәрі де жақсы болған, Оңтарда бұның жағдайын түсінгендей қамқорситын. «Ұл бала» тақырыбында да жұмған аузын ашпайтын.
Бар жақсылықтың бір-ақ күнде жаманшылыққа айналуы осыдан екі жыл бұрын басталған. Нұрайымның қолынан не келсін тулап-тулап, қыздары бәрі бір жақ болып шулап-шулап қойды. Ел бар, жұрт бар, Оңтардың халық алдындағы атақ-абыройы бар дегендей… Одан ары ешкімде үндей алмаған. «Сызат түсті» деген аты болмаса қазір бөгде біреуге ың-шыңын білдірмей бір шаңырақтың астында бір отбасы болып күн кешіп жатыр. Кейде Нұрайым үшін түгелдей дерлік бұрынғыдай секілді. Бірақ Оңтардың кей күндері жұмыстан үйге кеш оралуы, кей түндері жас тоқалының үйінде қона жататыны. Нұрайымның ойларының күл-паршасын көкке бір-ақ лақтырады.
***
Нұрайымның күйеуі – Оңтар, бағы жанған адам. Бірақ Оңтардың жағдайы Нұрайымға қарағанда шын мәнісінде бұрындары жақсы болған жоқ. Ол сияқты май шелпектің арасында өмірге келе салмады. Әкесі қырық жыл бойына қара құйрық қойдың артынан құрығын сүйреткен қойшы еді. «Оңтар оқысын» деп барын салып бақты. Әке арманы орындалып, ұлының айы оңынан туды. Қармақты алысқа тастамаған екен. Нұрайымның шләпәсін шыр айналдырып бір-екі жылдың ішінде үйлеріне келін қылып түсіріп берді. Содан соң-ақ Оңтардың маңдайдағы жұлдызы жарқырай сала бергені.
Байлық, мансап дегенің алысты шолушы ма еді? Қайын атасындағының бәрі бір күнде Оңтарға жабыса салды. Оқу бітірген жылы өз құралпылары далада іс бітіргенде, бұл жылы кәбинетте отырды шырт-шырт түкіріп. Біраз өрледі енді, атасының арқасында. Содан соң «өліарада» ауыл әкімі болып шыға келді. Онда да сол халықтың қазынасын қызғыштай қорыған болып, қаладан үй салдырып алды да, тайып тұрды. Қалада пысықай жігіттер жерде қалған ба, кәсіпкерліктің басында айналшықтады да, әкімшілікке танауын сұқты. Арты белгілі ғой хатшылық, орынбасарлық, ақыр аяғы халық қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін депутат болып сайланды. Қыздарын шет елде оқытты. Жыл сайын жұбайы Нұрайыммен алыстағы теңіз жағалауларын аңсап тұратын дәрежеге жетті. «Бай байға, сай сайға құядының» керімен, қалталыларға, абыройлы азаматтарға құда болып жарасты. Бұған жетіспегені жиған-терген, әлділерден жымқырған, әлсіздерден қанаған мол мұрасына ие болып қалар еркек кіндіктінің жоқтығы еді. «Қыздарыма қалады» деп сенейін десе, күйеу дегенің жау емес пе, бір түрлі қимайды. Қалайда қанынан жаралған шарана иелік етіп, қара шаңырақтың отын сөндірмейтін біреу керек еді.
Солай да солай күн кешіп жүргенде өзіндей шенеуніктер қос-қостан қатын ұстайтынды шығармасы бар ма? «Іздегенге сұраған» дейтін бе еді. Содан бір кездегі талдырмаш денелі, өзінің жақсы көретін қыздарының анасы, үш бірдей жиендерінің нағашы апасы, өткен күндегі дүркіреп тұрған аудандық бірінші хатшының қызына ынтызар көңілі сап басылды да қалды. Ол өзі ойлайтындай мәңгі арман еткен сұлуын кездестірген екен. Олар екеуі, яғни Оңтар мен оның ашынасы екеуі танысқанда, бәйбішенің бағын ұрлаған қыздың жасы, бар болғаны жиырмада ғана болатын. Өзінің кіші қызымен түйдей құрдас…

***
Оңтардың есін алған елік – Гүлдара, жоғарғы білім үшін жорғалап жүрген қыздардың бірі екен. Сабағын алаңсыз оқыды. Оңтарға жолыққан соң оның жатақханадағы жарым тірлігі көзден бұлбұл ұшты. Жеке пәтерге көшті. Жүгерінің қауызындай бөлмеге бір үйлі жан сығылыспайтын болды. Үш бөлмелі сәнді сарайда бір өзі тұрды. Ішер мен киім мәселесіне бас ауыртпады. Үйіне көп қонақ келмейтін. Апталап қона жататын әкесіндей адам Оңтармен ойнас құрады тек. Сылап, сипап соны күтсе болды. Жылы-жұмсақ осының аузында. Ара-арасында ауылдағы ағайындарына сәлем-сауқат салып тұратын. О заманда, бұ заман тепсе темір үзетін небір жігіттер жанұясын асырай алмай жанын шүберекке түйіп жүргенде, қайдағы бір қалтасы тесік студент қыз Оңтардың арқасында туысқандарына қарайлағыш адам боп шыға келді. Бәрі де Орекеңнің арқасы, табан ақы, маңдай тері. Жоқ, Орекеңнің арқасы емес, сұлулықтың, мыстандықтың арқасы… Иә, дәп соның өзі екен-ау.
Басында қыздың әке-шешесі мен туған-туыстары ашуға мінді. Тәрбиесіз қыздың қылығы қашанда сүйегіңе таңба емес пе?! Мұны, тәртіпке салмақ болған. Бұл болса «мен өз өмірімді өзім білемге» салды да, сазарып алды. Онысын естіген ағайындар одан әрмен ашуланып, айқайға басып еді. Үй-ішінің сөзін құлағына ілмеді. Қашып кетіп, он күндей хабар-ошарсыз жүріп өздерін зар илетті. Олар да жоқтан бар жақсы деді ме, үнсіз қалды. Қазір қыздары туралы әңгіме болған жерден қашады да жүреді…
Гүлдара оқудағы ақырғы жылын бітірерде сабаққа шетелдің шаң жұқпас көлігімен баратын-ды. Әкеліп, алып қайтушы Оңтардың жеке шопыры. Өзі сияқты өрімдей қыздар Сарыарқаның сақылдаған сары аязында бүрсеңдей қағып білім ордасына қарай жүгірсе, бұл джиптан жібі түзу қалпы сызыла түсіп, аяғына киген биік өкшелі етігімен елге биіктен қарайтын да, дәрісханасына тық-тық басып бара жататын.
Биыл Гүлдара оқуын бітірген. Жұмыс іздеп, тамыр танысын салып, артынып-тартынып әуре болмады. Оның үстіне Оңтарда өзінің келісті, келбетті, ынтық қылған жас тоқалын таң атысымен, күн батысымен көріп жүргісі келді ме, өзіне жұмысқа алған. Аты хатшылық, әйтпесе дәрежесі Орекеңмен бірдей. «Мынаны жұмысқа алу керек десе алады, ана біреудің көзін құрту керек десе құрта салады. Оңтар Гүлдараны Нұрайымның сіңлісі істеп жүрген орынға тықты. Бір кездері былқ-сылқ етіп балқытып, қылмыңдай қарап қаныңды тасытқан, «жездеке-ау» деп жұтқыншағы үзілетін қайран балдыз қырық қап қарғысын жаудырып ол кетті. Бұл Гүлдараның осында келгендегі алғашқы бітірген ісі еді.

***
Жақында Оңтар өзінің тоқалына машина сатып әперген. Құдай-ау далада жүрген бәйбіше жоқ қой, күңкіл сөз көбейер деді ме, Нұрайымға да артынша дәл Гүлдараныкіндей етіп машина сыйлады. Маркасы бірдей машиналардың тек мемлекеттік нөмірлері ғана өзгеше демесең, қызылы-қызылына дейін, ағы-ағына дейін бірдей. Енді бұл Орекеңнің екуінде бөле-жармағаны деп түсіну керек. Нұрайымға екінші болып әпергені ол Оңтар үшін екінші адам ғой, ал Гүлдараның жайы айтпаса да түсінікті. Ол Оңтар үшін әлемдегі ең бірінші адам екені даусыз.
Басында Оңтар Гүлдарамен жасырын кездесіп, ұятты істері айналадағы жұртшылыққа жария болмай жүрген. Қазір Оңтар ерке, некесіз тоқалының ырқына көніп ашықтан-ашық жүретін болды. Нұрайым Гүлдараға бұрынғы бақкүндес қатын есебінде қарайды. Бақкүндес емей немене Нұрайымды сорлатқан осы Гүлдара ғой қартайған шағында сүйегіне таңба басқан. Бассыз байы соның артынан еріп кетті де, бұл елдің бір күнде дамыл таппай, өсіп-өніп жататын өсегінің арасында жүр. Ызаланғанда көзіне жас толтырып жылағаннан басқа бұның қолынан не келуші еді…
Гүлдара, қайран қызғалдақ. Оның миына ештеңе кіріп те шықпайды. Ойлағаны ақша, бітіп болмайтын байлық. Жеті атасы басып көрмеген шет елдерді кезу. Бойына біткен ұяңдығы бар-тұғын. Бүгінде ол ұмыт болған. Оңтарды одан әрмен еліктіре түсу үшін, ол не бір сұрқиялықты, сайқалдықты бойына жиған. Оңтардың тоқалы болу оның жазылған тағдыры деп біледі. «Тоқал болған жалғыз мен бе екем, бұрыннан келе жатқан ата-салты, апа-әжелерімізде болған» деп өзіне тоқтау салған ағайынға айтар сөзі даяр.
Гүлдараның осыдан бір ғасыр немесе одан бұрын ғұмыр кешкен апа-әжелерінен өзгешелігі бар. Олар өздерін малға сатып алынған, біреудің мәжбүрлі түрде тоқалы санаса, бұл өз еркімен Оңтардың ерікті тоқалы. Сондықтан да ол әрқашанда дербес… Оңтардың бүкіл жиған-терген байлығын желге ұшырып кетем десе де өз білгені өзінде. Себебі тәуелсіз тоқал ол…
Қайран қызыл қызғалдақ байлыққа бола жан-дүниесі батпаққа батқан…

Қуат ҚИЫҚБАЙ

urker.kazgazeta.kz

Ұқсас сілтемелер:
05 Желтоқсан 2016, 15:54
Жан-жануарлар туралы - 4
05 Желтоқсан 2016, 15:53
Жан-жануарлар туралы - 3
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады