USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Шежірелі қарттарым аман жүрсін

«Алпыс жастан асқаннан ақыл сұра» деген халық. Ақсақал - елдің басшысы, жол бастаушысы, көл-дария, ақылшысы. Солай болған, солай бола береді де.

Қазақ халқы ежелден қарияларына байыппен қарап, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, айтқан уәждерін екі етпей орындап, ерекше құрметі мен қамқорлығын таныта білді. Құдайға шүкір ол жақсы үрдіс, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бүгінгі ұрпаққа дейін жалғасып келеді.

Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының бірегейі саналатын Зеленобор селолық округіне қарасты Мәдениет ауылына қазыналы қариялар мен ақ жаулықты аналардың дастархан басында жиналған дәстүрлі кездесу сәтінің куәгері болдық. Зеленобор селолық округінің әкімі Маржан Жолдаспаева, Веденов округінің Қарабұлақ ауылындағы кездесуден соң мәдениеттік ардагерлерге де уақыт тауып келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Малгелді Жұмағұлов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанат Қожағұлов ақ жарма ақ тілектерін білдіріп, ардагерлерге деген өздерінің құрметтерін білдірді.

Ауыл шаруашылығы саласында кезінде инженер-механик, бригадир, учетчик, механизатор, көлік жүргізуші, диқаншы, қарапайым еңбек адамы, малшы, т.б. әртүрлі жұмысшы мамандықтарды кәсіби шеберлікпен атқарып, қазіргі таңда ұзақ жылғы еңбектің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлері, «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері - ақ жаулықты аналарымыз мерекелі бай дастарханның мейірманды қонақтары болды.

Дастархан мәзірін жайып, елдің үлкендерінің батасын алуға ниет білдірген ауылдың бетке ұстар жас азаматтарының бірі, қазіргі таңда Көкшетау қаласының тұрғыны, кәсіпкер Жаслан Қосымов. Жасланның ата-анасы Сайлау Шәріпұлы мен Гүлшира Кенжеболатқызы шаңырақ құрғандарына биылғы жылы 40 жыл толып отырған еліміздің қадірлі отбасы. Саналы ғұмырының бақытты жылдарын мемлекеттік қызметке арнап, Гүлшира Кенжеболатқызы Зеленобор селолық округіне қарасты, кезінде Мәдениет селолық округінің хатшысы қызметінен бастап, күні бүгінге дейін ауылдың тыныс-тіршілігіне жақын араласып түрлі саяси науқандарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, мемлекеттік қызметшіге жүктелетін ауыр міндетті жауапкершілікпен орындады. Уақытқа ешкім араша бола алмайды, енді міне Гүлшираның өзі аудандағы зейнеткерлердің санын бір адамға арттырып, еңбек демалысына шығуға шешім қабылдады. Уақытпен санаспай, түрлі мінезді шенеуніктер жыл санап ауысып жататын әкім-қаралармен тіл табысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қалтқысыз қызмет атқарған ер адамдармен иық тірестіре жүріп еңбектенген Гүлшира Кенжеболатқызына ауыл тұрғындары, аға буын өкілдері - қарияларымыз дән риза. Ықыласты ниеті мен Қосымовтар отбасына деген риясыз таза көңілдерін өздерінің айтқан тілек сөздері мен берген баталарында айтып, тоқталып өтті.

Қандай да болмасын ұйымдастырылған игілікті іс-шара мәдениет пен өнер тарландарының қатысуынсыз сәні келмейді, оны бұқара халық жақсы түсінеді. Аудан орталығынан егде адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығына өз жұмыс жоспарын бекітіп, арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп келген аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары кездесу сәтінің ажарын одан сайын түрлендіре түсті. Мекеме басшысы Айсұлу Жамантықованың жетекшілігіндегі «Асыл әжелер» ансамблі, Талдықорған қаласында өткен Тұманбай Молдағалиев әндері республикалық байқауының жеңімпазы, жезтаңдай әнші Гүлнұр Аймахан, мәдениет үйінің қызметкері Нұржан Әуелбеков ән мен жырдан шашу шашып, ауыл тұрғындарының қошеметіне бөленді. Өнерді өмірлеріне қуат еткен халқымыздың ғасырлардан мұра болып жеткен төл мәдениетін ел арасында насихаттап, кемел келешегіміз - жастарға үлгі болып жүрген «Асыл әжелер» ансамблі орындаған әуезді әндерге ауыл қариялары бірге қосыла отырып, қонақтарға өздері де әуелете ән шырқап, әдемі үндестік орнатып, кешіміздің тартымды өтуіне үлкен әсер қалдырды. Өнер айдынында қалықтап, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ауыл-ауылдарды аралап жүрген «Асыл әжелер» тобымен қонақтар естелік суретке түсіп, жастық кезеңдерін естеріне алып, бір марқайып қалды.

Білім ордасының білікті басшысы Е.Ысмайылов атындағы Мәдениет орта мектебінің директоры Дина Қамидоллақызы жиналған көпшілікті аталмыш мерекелерімен құттықтап, мектептің күнделікті таусылмайтын тыныс-тіршілігіне түсіністікпен қарап, қашанда қол созуға дайын тұратын ауылдың шежірелі абыз ақсақалы Дулат ата, Сайлау ағаларымызға ризашылығын білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Есте қаларлықтай өткен тәрбиелік мәні зор демалыс кеші, мәдениеттік ардагерлердің біраз уақытқа дейін жүрегін жаулап алғандай қуанышты әсер қалдырды.

Болат Сабырұлы,

«НұрОтан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады