USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

"Шеберліктің шыңына жете білсең, мамандықтың бәрі жақсы"

Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің атымен аталатын Назарбаев университеті еліміздегі үлкен беделді оқу орны. Елбасының қолдауымен құрылған университет Қазақстанда білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің дамуына мүмкіндік беретін бірден бір білім шаңырағы. Өзіндік білім стандарттарымен талапшыл жастарға сапалы білім беріп отырған университетте əлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атақты профессорлар дəріс береді. Заманауи білім, тəрбие беруге негізделген университетке 2016- 2017 оқу жылында 4517 талапкер тіркеліпті. Олардың ішінде біздің Жамбыл облысының түлектері де бар. Солардың бірі, облысымыздың үздік те дарынды балаларының қатарындағы талай білім сайыстарының жеңімпазы, облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының түлегі Ұлықбек Əділбековпен сұхбаттасудың сəті түсті.

– Ұлықбек, бүгінде еліміздің Тұңғыш Президентінің атымен аталатын университетте білім алу бақыты бұйырыпты саған. Осы оқу орнының студенті атанғанда қандай сезімде болдың?

– Маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін сезіндім. Елбасының атымен аталғандықтан Назарбаев университетінен білім алып шыққан əрбір жас азамат елінің көркеюіне үлкен үлес қосуға, аянбай еңбектенуге міндетті. Өзім де сол үдеден шығуға барынша еңбектенудемін. Қазір осы университеттің «Компьютер ғылымы» факультетінің ІІІ курс студентімін. Назарбаев университеті талапкер жастарға білім мен тəрбиенің озық үлгісін меңгеруге үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Бұл оқу орнында студенттер оқыған саласы бойынша Қазақстанның ішінде жəне шет елдерде тəжірибеден өтеді.

– Еліміздің беделді жоғары оқу орнына қандай сындардан өтіп түстің?

– Мен Тараз қаласындағы облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатында оқып жүргенімде бірнеше білім олимпиадаларына қатысқанмын. Солардың бірі – Халықаралық олимпиадаға информатика пəні бойынша қатысып, жеңімпаз атандым. Сондықтан, Назарбаев университетіне қабылданар алдындағы емтихандарсыз түстім. Оқушы кезімдегі алған жеңістеріме қарап, университет мені бірден І курсқа қабылдады. Əрине, барлық талапкерлер тапсыруға тиісті ағылшын тілі деңгейін анықтауға арналған IELTS тест сынағынан өттім. Халықаралық олимпиададан жүлделі оралғанда, шəкіртақы төлеп, жақсы жағдай жасайтындарын айтып, оқуға шақырған бірқатар университеттерден бас тарттым. Менің таңдауым Назарбаев университеті болды.

– Өзің өмірде кімді үлгі тұтасың?

– Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақылды да парасатты болмысын əрбір ісінде, сөздерінде көрсетіп жүрген тұлға. Көрегенділігімен нақты мақсаттар қойып, сол арқылы жүйелі жұмыс жүргізуге міндеттері айқын бағдарламаларды қабылдауы – оның жүргізіп отырған саясатының сарабдалдығын аңғартады. Елін сүйген Елбасын үлгі етемін.

– Неліктен информатика мамандығын таңдадың?

– Бұл өмірде ештеңе де бір орнында тұрмайды. Жылжыған уақытпен бірге заман да, қоғамның ұстанымдары, бет-бейнесі де өзгеріп отырады. Бүгінгі заманның үлкен жаңалығы – ақпараттық техниканың дамуы. Қазіргі уақытта барлық іс электронды түрде жүзеге асырылатын болып өзгеріп отырғанын бəріміз күнделікті өмірде көріп жүрміз. Тіпті, түрлі қызметтер ішінде «бармақ басты, көз қысты» əрекеттерді болдырмау үшін электронды үкімет те қолданысқа енгізілді. Қазір де компьютерсіз жүзеге асырылатын іс кемде-кем. Елбасымыз кезекті Жолдауының бірінде «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бəрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман» – деген болатын. Сондықтан, жаңа заманның көшіне ілесу үшін де заманауи техниканы жетік меңгергенді жөн көрдім.

– Сөз саптауыңнан өзіңе жоғары талап қоятын қасиетті байқап отырмыз. «Болар бала алысқа қарайды» – дейді халық. Бала Ұлықбек қандай еді?

– Иə, мені талапшылдыққа туған ағам Дінмұхамед жетеледі. Екеуміз тете өстік. Бір балабақшаға бардық. Дəмет апамның айтуынша, ағам салмақты, ұқыпты бала болыпты. Ал, мен ұшқалақтау болған екенмін. Ойнап келген соң апам маған «Димашты қарашы, үсті-басы тап-таза. Сен неге кір болып келдің?» – деп ұрсады екен. Ағам да Тараз қаласындағы облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатын үздік бітіріп, осы Назарбаев университетінде оқыды. Дінмұхамед əрі ағам, əрі досым. – Келер күндерге көздеген қандай жоспарларың бар? – Біздің биік мақсаттарымызға ұмтылуға мол мүмкіндік жасап отырған еліміздің сенімін ақтап, ұлтымыздың игілігіне еңбегімді сіңірсем деймін.

– Əңгімеңе рахмет.

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады