USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Шариғатта ер кісіге алтын бұйымды тағуға тыйым салынған

Фото: m.ncrim.ru

Жақында танысымыздың үйіне құрдастары қонаққа келді. Бүгінде олар – елуді еңсеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кісілер. Алды немере сүйіп отыр. Олардың ішінде қызы көп екі-үш кісі бар. Солардың бірі биыл қыз ұзатты. Той жасау өзара бəсекеге айналған мына заманда бəрінің де айтатыны осының жыры. Яғни, оның қалай өткенін, жөн-жоралғыға не əкелгенін талқылау. Отырыстың негізгі мақсаты да осы.

Біткен іске қашанда сыншы көп. Бұл тойды бірі мақтаса, енді бірінің көңілінен шықпаған. Əрине, бəрінің талғамы, таңдауы бір еместігі бесенеден белгілі. Тойдың қалай өткені, құда жақтан қанша адам келгені бəрі- бəрі той егелері келмей тұрғанда айтылды. Олар келісімен əңгіме ауаны басқа арнаға бұрылды. Осылайша қарша жауған сұрақтарға əлгі үйдің əйелі мақтанып құдағиының таққанын жарқыратып көрсетуде. Əрине, кəдесіз қыз болмасы анық. Құда түсіп, қолдан алғаннан кейін жігіт жақтың құр алақан келмейтіні белгілі. Ендігі кезек – қыз ұзатып құда атанған Олжан ағаға келді. Үндемей отырған ол бұл жүзіктің бірінші қызынан таққан алтынынан жіңішке екенін айтып, реніш білдірді. Құрдастардың қалжыңы қалған ба? Осы тұста біреуі «Ұнамаса маған бер, қолыңдағы алтының жетеді ғой» демесі бар ма? «Жоқ, саған неге береді? Маған беру керек» деген дауыс келесі бөлмеден де естілді.

Сонымен не керек, сол жерде ер кісілер алтын жүзікке таласты. Арасында дінге берік, бес уақыт намазын оқып жүрген бір құрдасы бар еді. Ол айтысып-тартысып жатқан жолдастарына дін жолында ер кісіге алтын тағу харам екенін түсіндіргісі келгенімен, ешкімнің де құлақ асар түрі жоқ. Əрине, қазақ зергерлік бұйымдарға өте бай халық. Алтынмен апталып, күмістен көмкерілген бұйымдар кім-кімнің де көзінің жауын алады. Сондай-ақ, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, қазір ер кісілерің көбісі бұл дүниеге құмартып отыр.

Дегенмен, бəріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Десе де, соңғы жылдары ортадағы алыс-берісте алтын емес күміс таққаны үшін қаншама келіспеушіліктер туындауда. Екі жақ бір-бірін көрместей күйге жетуде. Сонымен қатар, азаматтарымыз мойындарына алқаны, қолдарына сағатты, саусақтарына сақинаны қос-қостап алтыннан таққанды сəнге айналдырған. Мəселен, бүгінде жас жұбайлардың неке жүзігі де алтыннан жасалып отыр. – Шариғатымызда ер кісілерге алтын бұйымдарды тағу тыйым салынған.

Бұл тыйым Құранда айтылмағанмен, Пай- ғам барымыздың хадистері арқылы бекітілген. Хазреті Алиден р.ғ. риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с. оң қолына жібек, сол қолына алтынды алып: «Бұл екі нəрсе үмметімнің ерлеріне тыйым салынған» деген. (Əбу Дауд, Насаи, Ибн Мəжаһ). Сондай-ақ, басқа хадисте Пайғамбар с.ғ.с.: «Жібек киімдерді кию жəне алтын бұйымдарды тағы үмметімнің ерлеріне тыйым салынып, əйелдеріне рұқсат етілген» делінген (əт-Тирмизи). Ислам ғұламаларының ортақ ұстанымы бойынша ер кісілерге алтын тағу харам, яғни, күнə болып табылады, – дейді дін мəселелерін зерттеу орталығының оңалту жəне діни бірлестіктермен жұмыс жасау бөлімінің аға маманы Сержан Андарбаев. Соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер алтынның ер кісінің денсаулағына кері əсерін тигізетінін растауда.

Ал, ең қызығы, аталмыш бұйымдардың əйелдерге еш зияны жоқ көрінеді. Сонымен қатар, алтынның керісінше, орта жасқа таяп қалған əйелдерге тигізер пайдасы зор екен.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады