USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

"Шәкен" атауы қайдан шықты?

Аттың жалы, түйенің қомында ғұмыр кешкен бабаларымыз басынан өткерген сәттерді ұрпағына тарих қылып қалдырғаны белгілі. Соның әсерінен әрбір қоныс пен қыстау атауының өзіндік дерегі қалыптасқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ауданның солтүстік беткейінде, Қарақұм өңірінде орналасқан Шәкен дәл осындай қызықты шежіресі бар елді мекен саналады. Ел ішіндегі дерекке жүгінсек, ауылдың аталуы Құттық руынан тараған Шәкен деген бай кісінің есімімен тығыз байланысты. Дәл осы жерде атақты байдың қисапсыз малын суаратын, тереңнен өнетін, су көзі ешқашан азай- майтын құдығы болыпты деседі. Ел ағаларының айтуынша, құдық 1951 жылы қазылған-ды. Содан бергі уақытта халықтың игілігіне жарап келеді екен.

Дәулеті асқан Шәкен қыс мезгілінде Сыр бойын қыстаса, күн жылынысымен құдықтың маңын жайлайтынға ұқсайды. Шәкен мен Тәпен ағайынды адамдар болса, Шәкен үлкені. Осынау құт қонған берекелі жерге алғашқыда төңіректегі малшылар қоныстанса, кейін іргелі ауылға айналды. Кейіннен осы жерді қоныстанған жұртшылық байдың құдығын өз қажеттеріне пайдаланыпты. «Шөлден құдық қазған мол сауап арқалайды» деген бар. Шәкеннің атының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының сыры осында жатса керек. Шәкенге қарасты Шилі бөлімшесі ауыл- дан жиырма шақырым қашықтықта орналасқан. Аталуының өзі аңғартып тұрғандай бұл жерде уақытында ши қалың өсіпті. Осында қоныстанған малшылар қауымы киіз үйге ши суырып, тоқып игіліктеріне жаратқан. Ал беріректегі Шөлқұм болса, атына сай шөлді, жал-жал құмда шоғырлан қоныс. Нақты кезеңде Шәкен ауылында №134 орта мектеп, мектеп жанындағы интернат, ауылдық емхана, клуб, кітапхана, жылжымалы пошта бөлімшесі, басқа да халыққа қызмет көрсету орындары жұмыс жасайды. Жуырда ауыл орталығынан көпшіліктің жұмылуымен асар тәсілі арқылы мешіт салынып, пайдалануға берілді. Баршаға имандылық нұрын себетін үй Сыр өңіріне есімі кеңінен мәлім, ел ішіне «Қарамолда» деген атпен танылған емші әрі әулие Әл-Мұхаммед Қалдыбайұлының есімін иеленді.

Дайындаған: Есет ТАБЫНБАЕВ.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады