USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Рухани келісім - бейбітшілік кепілі

Аудандық газеттің үстіміздегі жылғы №78 нөмерінде «Рухани келісім күніне» орай шығармалар байқауы ұйымдастырылатыны туралы хабарландыру жарияланғаны белгілі. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «IZET» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен өткізілетін байқау шарты бойынша қатысушы талапкерлер «Рухани келісім бейбітшілік кепілі» тақырыбында шығарма жазуға тиіс болатын. Дәстүрге айналған аталмыш байқау жақында қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Биылғы жылғы байқауға кент орталығы мен ауылдық округтерден жалпы саны 15 талапкер қатысуға ниет білдірген. Ел Тәуелсіздігін нығайтуда рухани келісімнің алар орны туралы қалам тербеген қатысушылардың еңбектеріне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғанбай Болғанбайұлы және аудандық мешіттің бас имамы Асхат Асқарұлы баға берді. Нәтижесінде, Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектеп оқушысы Динара Тұрарова жүлделі І орынды жеңіп алды. Ол өз шығармасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың егемен елді ширек ғасырдың ішінде бейбітшілік пен ынтымақтың ордасына айналдырғаны туралы нақты мысалдар келтіріпті.

Ал ІІ орынды аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің тілшісі Ақтөре Ибрагимұлы еншілесе, ІІІ орын №131 орта мектеп мұғалімі Айткүл Есмағанбетоваға бұйырды. Сонымен бірге, №37 орта мектеп оқушысы Назым Серікбаева, аудандық агралы-техникалық колледж мұғалімі Гүлстан Исмаилова және №137 орта мектеп оқушысы Ақторғын Талапбековалар белсенді қатысқаны үшін «Алғыс хаттарға» ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау шарасының соңында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» маманы С.Сыздықова сөз сөйлеп, осы тектес байқаулар алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын атап өтті.

«ТТ»-ақпарат

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады