USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Өзгенің қаңсығын қолжетімді етіп алуымыздың себебі неде?

Жұмыстан қайтарда жолай дүкенге соқтым. Арасында шөлдеп, сусынға «жеріктігім» артады. Қаз-қатар тізілген тоңазытқыштардың ішінде түрлі қаптамада сусындар толып тұр. Қайсысын таңдарыңды білмейсің. Әр сусынға көз салып, қарап тұрғанымда бір топ мектеп оқушысы келіп, қаптамасында «Энерджи», «Диззи», «Горилла» деген жазуы бар қаңылтыр ыдыстағы сусындарды қажетінше алды. «Тәте, мынаны алыңыз, өкінбейсіз. Шаршағаныңыз басылып, ұйқыңыз ашылып, сергек жүресіз» деп, мені де үгіттеп қойды. Өзім бұрын пайдаланбаған соң бұл таңсық сусынның тарихын білуді маңызды деп есептедім.

Энергетикалық сусындар – адамзаттың бертінде ойлап тапқан өнертабысы. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді екен. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студент­терге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекорд­тарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізу­шілер мен түнгі клуб қыдырмаларына нағыз құтқарушы болды. Бір сөзбен айтқан­да, шаршаса да өзін сергек сезінуі керек адамдарға арналған­.

Энергетикалық сусындардың зияны жайлы­ айтып та, естіп те жүрміз. Десек те, дүкендерде «құтқарғыш» сусынның қолжетімділігі денсаулыққа алаңдамауға болатын­дай әсер береді. Осы түйткілдің төңірегін тексеріп көрейік. Энергетикалық сусындар көңіл күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Әркім, әсіресе жастар өз қажеттіліктеріне орай энергетикалық сусын таба алады. Бұл сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі дәрумендер мен көмір­сулардан құралған. Кофеинге негізделген сусын­дар түнде жұмыс істеп, сабақ оқитын студенттер мен қызметкерлерге арналған, ал дәруменді-көмірсулы сусындарды бос уақытын спортзалда өткізгісі келетін белсенді адамдарға пайдалануға болады. Айта кетейік, аталмыш шөл басқыштың әсері күнделікті қолданатын кофеден де жоғары. Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталса, ал энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағат­қа дейін. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді, бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жедел­детеді.

Хош. Энергетикалық сусындарды белгіленген мөлшерлемеге сай тұтыну қатаң талап­ етіледі. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін дейді мамандар.

– Бірі білсе, бірі білмейді, бұл сусын Франция, Дания, Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылад­ы. Осы тұста айта кеткен жөн, энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Сондай-ақ, жүйке аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды. Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді. Сусында­ ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздыруш­ысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдал­анамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп­ болуы мүмкін. Фитнес жанкүйерлері кофеинн­ің несеп айдағыш қасиеті жайлы жақсы білуі тиіс. Яғни, жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады, – дейді қалалық №6 емхана дәрігері Н.Жалғасбаева.

Түйін. Байқағанымыздай, артықшылықтарынан кемшіліктері көп. Десек те, өзгенің қаңсығын қолжетімді етіп алуымыздың себебі неде? Бұл әдеттен әсте құтылмайтын шығармыз. Пайдалы сусындар толып тұрғанда, ағзаға зиянын таңдап ішетіндей сауатсызданып кеткеніміз бе? Министрліктегі мамандар не қарап отыр? Санасы ғана емес, ағзасы да улансын дегені ме, әлде...

Құралай ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас сілтемелер:
26 Қараша 2016, 17:24
Беру салтының сыры неде?
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады