USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Өткен жылдар өрнегі

Берекелі Бейнеудегі тұңғыш техникалық және кәсіптік білім беретін білім ордасы Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі ашылғанына 10 жыл толу мерейтойын атап өтті. Мерекелік кешке колледждің алғашқы оқытушылары кеш қонағы ретінде шақырылып, студенттердің құттықтаулары мен ән шашулары жолданып, колледждің 10 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнероликтер, колледж тарихымен байланыстырылған әндер мен ойындар ұйымдастырылды. Кеш барысында әріптестердің қызықты естеліктері, жүрекжарды лебіздері уақытты кейінге сырғытып, жүректерге алғашқы кездегі қызықтар мен қиындықтарға деген сағынышты ұялатты. Колледждің іргелі оқу орны боп қалыптасуына еңбек сіңірген ұстаздар марапатталды. Мерекелік кеш жоғары деңгейде аталып өтті. Халқымызда 7 қазына бар. Соның бірі – қыран бүркіт. Құсбегілердің айтуынша, 10 жасқа толған бүркіт «барқын» деп аталады екен. Барқын бүркіттің нағыз кемеліне келіп, толысқан шағы, нағыз жүгірген аңды алмай қоймайтын кезі болып есептеледі екен. Сол секілді колледж өткізген 10 жылында аяғынан тік тұрып, кемеліне келді, іргетасын нығайтты, қабырғасын қатайтты.

Ал 10 жастағы ұл баланың жасын қазақтар «қозы жасы» деп атайды екен. Бұл – еңбекке баулудың алғашқы басқышы. Бұл жаста бала еңбектің қиындығын көріп, дəмін татады екен. Мінеки, сол секілді біздің колледждегі ауданның маңдайалды оқытушылары 10 жыл ішіндегі түлектерінің мектептер мен балабақшалардағы жақсы маман екендіктерін көріп, марқайып отыр. Колледждің мерейлі тойы қарсаңында оқу ордасының құрылып, қалыптасуына елеулі еңбегін сіңірген, колледжді 10 жыл бойы басқарған Жаңбыров Сұлтан Талпақұлымен жүргізілген сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Құрметті Сұлтан Талпақұлы, сізді ауданымыздағы тұңғыш техникалық және кәсіптік білім беретін колледждің алғашқы директоры ретінде колледждің 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Кейінге шегініс жасап, селолық жерден колледж ашу қажеттілігі неден туындағаны туралы әңгімелеп өтсеңіз. – Сұлтан Талпақұлы: Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қолға алған маңызды шаруаларының бірі шетте жүрген бауырларымызды елге оралтып, жан-жақты қамқорлық жасау болғанын білеміз. Елге ел қосылғанда мектеп, балабақша сияқты білім беру салаларының да, оларда жұмыс жасайтын мамандардың да қажеттілігінің өткір туындайтыны сөзсіз. Осы мәселені шешу бағытында ауданда жыл сайын мектептер мен балабақшалар ел игілігіне пайдалануға беріліп жатты. Бейнеуге көшіп келіп қоныстанған бауырларымыздың балаларының бәрінің бірдей еліміздің ірі қалаларындағы колледждер мен жоғары оқу орындарына барып оқуға мүмкіндіктері бола қойған жоқ. Осы жағдайды ойлаған аудан әкімі Б.Әзірханов облыс әкімінің алдына жағдайды айтып, мәселе қойып, соның нәтижесінде Маңғыстау облысы әкімиятының 2005 жылғы 29 қарашадағы № 344 қаулысымен «Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны өңірді гуманитарлық және экономикалық мамандармен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Бұл аудан, облыс тарихында ерекше шешімдердің бірі еді. Колледжді ұйымдастырып ашуды аудан әкімі білім беру саласының тәжірибелі маманы ретінде маған сеніп тапсырды. Сөйтіп Бейнеу гуманитарлық- экономикалық колледжін ұйымдастыруға кірістім.

Т.Қ.: – Орны жоқ оқу орнын жаңадан ұйымдастыру, қалыптастыру оңай болмаған болар? Алғашқы дәріс беруші оқытушылар құрамы жайлы айтып өтсеңіз.

С.Ж.: – Әрине, колледжді ұйымдастыру оп-оңай шаруа бола қойған жоқ. Себебі ол – білім беру саласының арнайы білім беру бағытында жұмыс жасайтын оқу орны. Оның білім беру стандарттары да, бағдарламалары да, оқулықтары да – өз алдына бөлек. Сөйтіп Алматыдағы №1 педагогикалық колледж, Ақтаудағы Маңғыстау гуманитарлық колледжі, Атырау, Орал қалаларындағы педагогикалық және М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледждеріне барып, ауызба-ауыз сөйлесіп, тиісті кеңестер мен нұсқаулар алып, қажетті құжаттардың үлгі көшірмелерін алып келдім. 2006 жылдың 26 шілдесінде Маңғыстау облысының білім басқармасының номері № 0032304 мемлекеттік лицензиясы алынды. Сонымен 2006- 2007 оқу жылында Бейнеу орта мектебінің бір бөлігінен 3 класс бөлмесін алып, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» және «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандықтары бойынша 100 студент қабылдап, колледж жұмысын бастап кеттік. Әр жыл сайын студенттер саны үнемі өсіп отырды. Алғашқы колледж оқытушылары білім беру саласында орасан зор еңбегі бар жоғарғы санатты ауданның танымал мұғалімдерінен іріктеліп алынды. Олар Т.Ещанов, В.Жолдасбаева, Г.Жұмағалиева, Б.Балұлы, З.Ещан, Б.Алдоңғар, Ж.Омарова, О.Меденов, Ж.Дарменбаева, И.Байшекенов, Н.Қозыбеков, Г. Қанатова, Ф. Отаровалар еді.

Т.Қ.: – Аудан тұрғындарының, соның ішінде ата-аналар мен талапкерлердің Бейнеу гуманитарлық- экономикалық колледжінде оқытылатын мамандықтарға деген сұранысы мен ұмтылысының деңгейі қандай?

С.Т.: – Жылда колледжге құжаттарын тапсыратын талапкерлер саны өте көп. Бұл көрсеткіш төмендеп көрген емес. Тек аудан орталығы мен аудан маңындағы ауылдардан ғана емес, басқа аудандардан, тіпті басқа облыстардан да келіп білім алып жатқан студенттеріміз бар. Әрине, бұл – Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінде оқытылатын мамандықтардың ел тұрғындарының сұранысына ие екендігінің көрінісі. Т.Қ.: – Студенттер колледжде теориялық білім алады, жақсы маман болып қалыптасу үшін білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында ұйымдастырған жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

С.Т.: – Иә, колледжде ауданның тәжірибелі оқытушылары дәріс берді, енді стандартқа сәйкес алдымызда тәжірибеден өту міндеті тұрды. Осы мақсатта аудан орталығындағы білім беретін мектептерімен, мектепке дейінгі білім беру мекемелермен және 4 басқа да қаржы, құқық саласы мекемелерімен әлеуметтік серіктестер ретінде келісімшарттарға қол қойылды. Әлі күнге дейін осы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жүргізіліп келеді. Серіктес мекемелерде студенттер практикадан өтіп, өз мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп машықтанды.

Т.Қ.: – Айтқан әңгімеңізге қарап, ауқымды-ауқымды ең қажетті де маңызды істер тындырылғанын бағамдауға болады екен. Ендігі кезекте колледж түлектерінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы жайлы әңгімелесеңіз.

С.Т.: – Колледжді бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруы жайлы айтар болсам, 2008-2009 оқу жылынан бастап колледж мыңдаған маманды еңбек нарығына қосты. Бейнеу гуманитарлық- экономикалық колледжін бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру бағытында базалық мекемелерге, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бітіруші түлектер туралы мәліметтер беріліп отырады. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Түлек» базалық бағдарламасына бітірушілер туралы мәлімет енгізілген. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Атап айтсақ, колледж түлегі Г. Құлшаева Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика-психология пәнінің мұғалімі мамандығын ойдағыдай бітіріп келіп, өз колледжінде оқытушы болып қызмет жасап жүрсе, Е. Аяпов, Б. Атамуратовтар Бейнеу политехникалық колледжінде жұмыс жасайды. Балабақшалар мен мектептердегі түлектерімізді атамағанда, аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде С.Анысов, Ғ.Қобланов, Л.Аймолдаева, А.Имашова, А.Жәлелов сынды республика көлеміндегі жеңімпаз түлектеріміз шәкірт тәрбиелеп, олар дайындаған спортшылар аудан қанжығасына облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде марапаттар қосып жүргенін мақтанышпен айтуға болады.

Т.Қ.: – Алғашқы ашылған жылдарда орта мектептің кабинеттерінде жұмысын бастаған колледждің бүгінгі таңдағы материалдық базасына тоқталып өтсеңіз.

С.Ж.: – Жылдар өте колледждің материалдық базасы нығайды. 2 оқу корпусы, спорт залы мен қосымша ғимарат колледж студенттеріне қызмет етеді. 108 дербес компьютер, 11 интерактивті тақта, 11 бейнепроектор, 4 телевизор, 32 ноутбугы бар 2 МИК жиынтығы, 6 LED панель, 2 мультимедиялық подиум, 5 компьютер класы, 1 ақпараттық киоск, 2 проекциялық тақта, 1 автоматты жиналмалы проекциялық тақта оқу мүмкіндіктері қамтамасыз етілген. Барлық компьютерлер интернет жүйесіне қосылған. Спорт зал заманауи спорт құралдары, күрес кілемі, бокс рингі, алуан түрлі жаттығу жабдықтары, басқа да құралдармен жеткілікті қамтамасыз етілген. Колледжде волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, бокс, қазақша күрес, үстел теннисі, “Жас сарбаз” тәрізді спорт секциялары ұдайы жұмыс жасайды. Студенттердің облыстық, республикалық, халықаралық спорт жарыстарында біршама жетістіктері бар. «Дене тәрбиесі және спорт пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша білім алған А. Имашева – таэквандодан спорт шебері, қара белбеу иегері болса, А.Жалелов – самбо, қазақша күресінің шебері. Ж.Имашева таэквондодан ҚР спорт шеберлігіне үміткер, қызыл белбеу иегері, С. Мамбетмұратов, А. Жиенбаев- таэквондодан ҚР спорт шеберлігіне үміткерлері, қара белбеу иегерлері. Колледж басшысы ретінде әлемдік озық тәжірибені, заманауи дуальді білім беру технологиясын оқу үрдісіне енгізу мақсатында 2012 жылы Түркия, 2013 жылы Франция, 2014 жылы Германия мен Щвейцария мемлекеттерінде ұйымдастырылған семинарларға қатыстым. Осы технологиямен «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша жұмыс жүргізіліп келеді.

Т.Қ.: – Сөз соңында ұзақ жылдар бойы білім саласына еңбегі сіңген ардагер-ұстаздың тілегін, жасы үлкен аға ретіндегі батасын тыңдағым келеді.

С.Ж.: – Колледждің оқытушылар ұжымын мерейтоймен шын жүректен құттықтап, қажырлы да табысты еңбек тілегім келеді. Биылғы оқу жылынан бастап колледж директорлығы қызметін атқара бастаған тәжірибелі басшы Қ.Жаманбаев мырзаның жұмысына сәттілік тілеймін. Бейнеу гуманитарлық- экономикалық колледжінің келешегі кемел болғай!

Сұхбаттасқан Қадыр Толқын Сұлтанқызы, колледж оқытушысы

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады