USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Серік өмірлік серігін тапты

Қазақ отбасысы тағы бір шаңыраққа артты. «Вокзалда қауышқан қыз» əнімен жалпақ жұртқа танылған жаңақорғандық жас əнші Серік Ибрагимов қолына ақ құсын қондырып, туған жерінде ұлан-асыр той жасады.

Алматылық Айнамкөз есімді аруды өзіне өмірлік серік еткен əнші əуелі ата-баба салтының жолымен ауылдағы қарашаңырақта келіннің бетін ашты. Аталмыш жоралғыны жүргізу Сыр елінің тағы бір талантты ұлы Төреғали Төрəліге бұйырып, ақын жігіт айтыстағы мақамымен көпшіліктен көрімдігін сұрады. Бұл тойдың басқалардан өзгерек болғаны сол, сахнаның төрінде келіндік парызымен иіліп сəлем берген Айнамкөзге Төреғали сахнада беті ашылған түгіскендік алғашқы келін екенін əзілмен жеткізе білді. Беташар соңы əдемі əн мен ду-думанға ұласқан тойға түгіскендік жұртшылық түгел жиналды. Содан соң облыс орталығындағы белді мейрамханалардың бірі – «Ордада» барша туған-туыс, дос-жаранның басын қосып, барлығы 550 адамға арналып ақ дастарқан жайыл ды. Қазақ өнер сахнасына жаңа леппен келген жас əншінің өміріндегі жаңа белесімен құттықтап, қолдауға өнердегі достары мен аға-апалары келіп, халқымыздың қазыналы тойы на ортақтасты.

Олардың қатарында Майра Ілиясова, Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Асхат Тарғын, Ерке Есмахан, Бүркіт, «Меломен» жігіттері мен өзге де бір топ əншілер қауымы бар. Ал, белгілі себептермен қуанышқа куə бола алмаған басқа да өнер жұлдыздары əнші мен оның өнердегі əкесі, продюссер Алтынбек Рахметовты ғаламтор желісі арқылы құттықтады. Сонымен қатар, Серік Ибрагимов өзінің сүйген жарына арнап шығарған «Мейлі» су жаңа əнінің тұсауын кесіп, ортада махаббат вальсіне түсті. Ал, қуанышын бөлісуге келген барша тойшыл қауымға тойбастар ретінде əнші өзінің жақында ғана жарық көрген үнтаспасын естелік етіп ұсынған. Қызылорданы ғана емес, бүкіл ғаламтор бетін шарлаған бұл ерекше дүбірлі той былайғы жұрттың да назарынан тыс қала алмады. Əншінің өнердегі дос тары той үстінен тікелей репортаж жасап, жанкүйерлерімен үздіксіз бөлісіп отыруды да ұмытпады. Əнші атанғанына көп уақыт бола қоймаса да, өзінің тұрақты тыңдарманын қалыптастырып үлгерген Серікке өнерін бағалаушы жандар ақ тілектерін шын көңілден ақтарып жатты. Енде- ше, біз де қол ұстасып үлкен өмірге бірге қадам басқан екі жасқа баянды бақыт тілейміз.

Б.ЖАРЫЛҚАП.

Ұқсас сілтемелер:
07 Желтоқсан 2016, 14:01
Екі адам қаза тапты
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады