USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Өлеңге табынған ақын

Тынышбай Рақым Жиырмаға тарта өлең жинағының авторы. Олардың ішінде «Он сегіз - гүл дәурен» дейтін алғашқы жинағы, «Қаратауым - ақ отауым», «Жиырма бес - жыр дәурен», «Тоғыз перне - тоқсан күй», «Көкірегім -күй сандық», «Қобызым - абызым», «Өнербаян», «Алтайдан сәлем», «Дүлдүл көңіл», «Күй сандық» секілді жыр жинақтары бар.

Тәуелсіздік – бақыты ғой елімнің,

Тәуелсіздік – шаттығы ғой жерімнің.

Қолға қонған бақ құсындай аялаған,

Бағы ғой теңдесі жоқ бұл елімнің,-демекші Тәуелсіздіктің арқасында қолдағы барымызды бағалап, болашағымызды бағамдай алдық. Соның айғағындай жексенбі күні аудандық мәдениет үйінде өткен ақынымызды іздеген,

Тынышбай Рақымды еске алу кеші.

Тынышбай Рақым-жай ақын емес. Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ сияқты әні мен сөзін қатар ұсынған ақындардың, сал-серілердің өзі де, ізі де. Міне, осындай біртуар ақын Тынышбай Рақымның 70 жылдығына арналған «Өлеңге ғана табынған ақын» атты еске алу кеші аудан орталығындағы мәдениет үйінде өтті.

Кеш өтетін орын әсем безендірілген. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашылары келген қонақтарды зор қошеметпен қарсы алды.

Кешке ақын рухына бас иіп Алматыдан жұбайы, ұл-қыздары, көршілес аудандардағы туыстары келіп қатысты.

Сондай-ақ, «Көкірегім-күй сандық» атты кітап көрмелері ұйымдастырылып, кеш қонақтарын аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Луиза Рақымбаева ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптарымен, шығармаларымен, әндерімен таныстырып өтті. Кеш қонақтары «Бесігіміз – бейбіт күн», «Он сегіз-гүл дәурен», «Қаратауым-ақ отауым», «Жиырма бес-жыр дәурен», «Тоғыз перне-тоқсан күй», «Қобызым-абызым», «Көне мақам-жаңа саз» атты он беске тарта лирикалық жыр жинақтары мен «Алтайдан сәлем» атты ән-өлеңдері кітаптарымен таныс болды.

Аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев көрмедегі ақын кітаптарын ақынның жары Қарашашпен бірге тамашалады. Өз кезегінде Қарашаш апайымыз аудан басшысына ақынның жарық көрген ән жинағын тарту етті.

Сарысуым өлкем менің саялы,

Сенің лебің алақандай аялы.

Жаным аңсап жеткенімде шалғайдан,

Сайын далаң кең құшағын жаяды,-деп жырлап өткен ақынға арналған «Өлеңге ғана табынған ақын» атты кеш шымылдығы Тынышбай Рақым туралы деректі фильмді көруден басталды.

Өзбекстан өңірінен Жамбыл облысы, Сарысу ауданына отбасымен көшіп келген бала Тынышбайдың, балалық шағы мен бозбала кезі осы Сарысу өңірінде өтті. Өзі айтқандай:

«Осы өңірден басталған қара соқпағы, талай белге, талай белеске жетеледі.» Арманы-алыс, мұраты-биік, өлең-ән сапарында, туған жері Сарысуға деген, жүрегіндегі перзенттік сағынышының отын,соңғы демі біткенше сөндірмей өтті.

Міне, содан болар Тынышбай Рақымның әр өлеңінен өзі өскен жерлер-Бүркіттіге, Ақтоғайға, Жайылмаға, Жаңатас, Көк-Жонға деген ыстық ықылас, сүйіспеншілік тау самалындай есіп тұрады. Т.Рақым-ның сөзіне жазылған әндерді аудандық мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері Роза Өтембаева, Ғалымжан Тезекбаев, Жадыра Дәукенова, Нығметжан Халықов, Мейіржан Омаров тамылжыта шырқап, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы мың бұрала би билеп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Ал, «Сарысу халық театры» мүшелері сахналастырған «Өлеңге ғана табынған Ақын» атты қойылымы кешке қатысушыларды ақынның балалық, бозбалалық, студенттік кезеңдеріне саяхат жасатты.

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Динара Асанова сөз сөйлеп, ақынның жұбайына сыйлықтар тарту етті.

Өз кезегінде сөз кезегін алған ақынның жары Қарашаш Ахметқызы:

- Тынышбай Рақым махаббаттың жыршысы. Жаңатастың кішкентай қаратасына дейін жырлаған ақын. Оның айғағы туған жерге деген жырлары. Мәңгі өлмейтін жырлары жасай берсін, тыңдай беріңіздер.

Осындай дүбірлі кешті ұйым-дастырған аудан әкіміне, аудан әкімдігі аппаратына, аудандық мәдениет үйі және аудандық орталық кітапхана қызмет-керлеріне, ағайын-туғандарға басымды иіп, алғысымды білдіремін,-деп жүрекжарды лебізін жеткізді.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасына еңбегі сінген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, Астанадан арнайы келген,Тынышбай Рақымның құрдасы, қаламгер досы, ақын, драматург-Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Серік Тұрғынбеков ақын жайлы естеліктерін, бірге өткізген қызықты оқиғаларын әңгімелей келе өзінің қаламынан туған «Күміс қайың» жырын көрермен назарына ұсынды. Ал, Жамбыл облыстық «Балалық шақ-детство» газетінің бас редакторы Есмаханова Гүлнар ақын туралы естеліктер айта келіп, ақынның есімін облыс орталығындағы бір мектепке берсек және жыл сайын республикалық «Тынышбай оқулары» байқауы өткізіліп тұрса деген ұсынысын жеткізді. Ақынның қарындасы Жаңылған Рақым ақынның «Тағдыр» атты өлеңін көпшілікке тарту етті.

Бүкіл болмысы, жаратылысымен қазақтың перзенті, қазақтың мақтанышы бола білген Тынышбай Рақымның 70 жылдығы дүркіреп өтті.

Ақын рухына арналып, ас берілді.

Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,

«Сарысу»

Ұқсас сілтемелер:
06 Желтоқсан 2016, 12:11
Ақын Абаштың айтқандары
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады