USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ойлағаны - ел қамы

Сәлем ал үлкен-кіші, көз көргенім,
Ыстықсың тұңғышымдай кез келгенің.
Ауылда бесік жырмен ауыздандым,
Сол жыр ғой асылым деп өңгергенім.
Жүректі алаулатты, күмбірлетті,
Тәуелсіз Қазақстаным, құдіретті.
Елбасы алып шықты қыл көпірден,
Бірлік пен ынтымаққа бұрдық бетті.

Еліміздің Тұңғыш Президенті дүниеге келген аядай мекен маған да қадірлі – Үшқоңыр ауылы. Елбасы бастан өткерген шежірелі жылдардың айтар сыры да, шертер жыры да көп. Ауылдас замандаспен байланыстыратын тарихтың ғажайып тұстарында ел көзіне іліккен елеулі еңбегіммен елу екі жыл үлес қосқаныма риза-қошпын. Қаскелеңде Нұрекең тамамдаған Абай атындағы алтын ұя интернат-мектебімнен арманның ақ жалына, жарқын болашақ сапарына мен де аттандым, ұстаздықты таңдадым. ...Сіздермен бір бас қосқан сол таң маған, Әу баста мұғалімдік жол таңдағам. Осылай жиын-тоймен, дүрмекпенен, Өмірім өтсе өтсін шолтаңдаған. Бұл бір айтыста айтқаным екен. Шыным, егделікке жеткізген, үлкенім, ақыным дегізген әрбір күнім той болып өткен бақытты адаммын. Қоғамдық өмірге қызу араласып, делегат болып, депутат болып шапқылап жүрген шақтарымда Елбасымен жүзбе-жүз кездесудің ұмытылмас бірнеше сәті түсті. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы көктемінде ақын, әнші, жазушы, еңбек озаты дескен қыз-келіншектердің басын қосып, мейрамымызбен құттықтап, қилы да қиын тарихи кезеңдегі жауапкершілік жайында ой бөлісіп, сый-сияпатпен қайырғаны – ерміз деген отағамыздан да аз көретін жылылық еді көңілімізді асқақтатқан. Және бір кездесіп, жүздескен сәтім – егемен қазақ елінің бір жылдығы аталатын жиынға шақырылғанда жырымды төгіп, құттықтағаным әлі есімде. Ол тұста (1989- 1994 ж.ж.) Алматы облыстық Кеңесінің депутатымын, бірер өлең кітаптарының иесімін, айтыстағы жеңімпаз ақын атымыз мықтап орныққан кез. Жамбыл атамыз інісіндей көрген Қазақстанның халық ақыны Үмбетәліге арнайы музей ашылып, абыройым асқақтаған жылдарым еді. «Жазмыштан – озмыш жоқ» деп халық тегін айтпаған. Жоғары білімді, күйеуге ұзатылған жиырма бір жасар қызым Қарлығаш аяқасты сал дертіне (паралич) душар болды. Германдық дәрігерлер емдемек болып, қол ұшын созды. Газет арқылы ел- жұртқа жүгіндім. Жағдайымды айтып, көмек сұраған жырларым басылды. Ең алдымен Нұрекеңнің бәйбішесі Сара ханым хабарласып, еліміздің қысылшаң кезінің өзінде көмек ұйымдастырды. Ширек ғасыр қоларбаға таңылған сол Қарлығашым бұл күнде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, орыс тілінде жазатын ақын. «Поединок с судьбой» атты жаңа кітабы баспадан шықпақшы. Осы жылғы қарашаның 12-де кембағал тоғыз қыз қатысқан «Ұлы дала ханшайымы» атты байқауда көркімен де, өнерімен де көпшіліктің назарына түсті. Өз өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көрерменнің алғысына бөленді. Екінші орынды иеленді. Қарлығашымның жүрегіне жыр ұялатқан Елбасының, азат Отанымыздың, қазақтың биік рухы ғой.

1996 жылы ұлы Жамбыл бабамыздың 150 жылдық мерей тойына Нұрекеңнің сыныптастары түгел шақырылды. Үй иесі, Жәкеңнің келіні болып қызмет еттім. Тойдан бір күн бұрын жеткен сыныптастар сол кездегі «Беріктас» шаруашылығының директоры, марқұм Мүсімхан Қисықов дайындаған ақшаңқан, әшекейлі киіз үйге түсті. Той керемет өтті. Батыс жақ алтын күннің қызыл шапағына боянған сәтте Нұрекең құрдастары бас қосқан отауға қызы Дариға мен Сара ханымын ертіп келді. Домбыраны серік қып, құтты болсын жырымды шашу еттім. Құрдастар балалық шақтарын, қызықты сәттерін еске түсірді. Нұрекеңнің көңілі алаулап, жастық шағымен қайта қауышқандай, қайта түлегендей күй кешті. Домбырама қолын созып, Арқаның кең тынысты әнін шырқады. Еркін отырып, ән салып, жарасымды әзіл-қалжыңдар айтылды. Ескерткіш ретінде суретке түстік. Нұрекең ұстаған домбыра шаңырағымыздың ерекше жәдігері, төріміздің сәні, бабында тұр. Аңызға айналған кездесудің әсері күні бүгінгідей жадымда. Еліміз көлемінде аталып өтілетін айтулы мерекелердің ешбірінен шет қалмай шақырыламын. 2010 жылы жетпіске толған шағымда Елбасының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым. Президент Нұрекең көкірегіме белгіні тағып, құттықтап болған соң: «Елге сәлем айт! Жұртыма сәлем де», – деді. Толқып кеттім. Сағынышын аңғардым. «Бір ауыз сөз айтсам бола ма?» – деп рұхсат сұрағанымда басын изеді. Мінберге көтеріліп, осы мана ғана Ақорда төрінде құраған «Дәуір ұлы» атты өлеңімді оқыдым. Жер үстін түгел таңғалтқан, Қазағым, ардақ, мақтаным! Ел көшін түзеп, ағартқан Шашыңның сүйдім әр талын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы шаңырағымыздың ағасы, атасы, жанашыры, ақылшысы. Аз уақытта көп іс тындырған дана, дара басшымыз. Әлемдік көптеген қауымдастыққа мүшеміз. Ай мен Күні жарқыраған ірі мемлекеттермен елшілік қатынаста болып, тереземіз тең елге айналдық. Шетел қайраткерлері қатынап, қазақ халқының береке, нәсібін әлемге танытар сөз айтып жатыр. ...Шүкір-ау, ерекшеміз күллі жұрттан, Құралдық қыр гүліндей түрлі ұлттан. Кеудеге жаз орнатып, нұр жайлатып, Күн шықты масайратып күліп бұлттан. Егемен, ынтымақты, тату-тәтті, Халқымыз Елбасына сенім артты. Ел қамын ойлаған ердің үміті де, сүйеніші де – ел-жұрты.

Амандық тілеуші – Надежда лУШНИКОва, ақын,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл ауданының құрметті азаматы.

Ұқсас сілтемелер:
02 Қыркүйек 2016, 16:33
Ұлт жоспары- ұрпақ қамы
22 Тамыз 2016, 13:17
Бала қамы бәрінен биік
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады