USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Өгей бала

Фото: Түркістан

Үйге үнемі кіші сіңліммен сыныптасы Гүлдана еріп келетін. Оның жəудіреген көздері жасқаншақ еді. Бірақ ойын баласы болғасын мəн бермейтінбіз. Алайда, бір күні əңгімесін құлағым шалып қалды. Кіп- кішкентай қыз үлкендерше сөйлеп, «анаңа ұрыспа» деп сіңліме ақыл айтуда. Сөздері еріксіз ойландырды.

– Сенің өмірің керемет қой. Менің анам өте қатал. Үнемі əкем жоқта ұрып, ұрысады. Үй-жинатып, кір жуғызып қояды. Кейде тамақ бермей, бір бөлмеге қамап тастайды. Сондықтан үйге əкем жұмыстан келгенше барғым келмейді, – деп мұңын шағып отыр.

Бірақ оны елеп, тыңдап отырған біздің қыз жоқ. Өйткені, жы- ламай тамағын ішпейтін бала оның айтқанын қалай ұқсын. Өмір осылай ерте есейтетін жандар арамызда өте көп. Гүлдананың айтқан сөздері қанша күн ойымнан шықпады. Өз-өзіммен іштей арпалысып жүрдім. Кішкентай қызға туған анасы осынша қатігездік жасайтыны несі деген ой қайта-қайта мазалай берді. Бір күні сіңлімнен сұрадым. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» демекші, Гүлдананың өз анасы кетіп қалғанын, бұл екінші анасы екенін айтты. Яғни, əкесінің екінші əйелі. Ол үнемі сабаққа киімдері кір-кір болып, шашы жуылмай, тарал- май келетінін айтуда. Кішкентай қыздың осынша қатал тағдырдың арбауына түсіп, əрбір азаптан жылаған көз жасына кім кінəлі деп ойлайсың.

Отбасы – адам өміріндегі ең басты жəне өте маңызды ортасы, ыстық ұясы. Баланың адам болып қалыптасуына, оның бақытты балалық шағының балдай тəтті өтуіне тікелей жауапты ата-ана. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері өгей əке мен ананың балаға жасаған зұлымдығын көзбен көріп, құлақпен естіпте жүрміз. Дей тұрғанмен барлық өгей ата-аналарға топырақ шашудан аулақпыз. Əрине, арамызда өгейсініп өзектен теппей, өз баласындай бауырына басатындарда жетерлік. Кеше ғана өзіміз бақытты сəтіне куə болған жас жұбайлардың уақыт өтпей-ақ ажырасып кетуі үлкен мəселеге айналып отыр. Бір- бірін ұнатып қосылған жастардың сезімдері осыншалықты тез сууына не себеп болды екен. Осындай сан сұрақтың жауабын іздеп табу қиынның қиыны. Бүгінде отбасын құрған жастар көп, алай- да ажырасып екіге кеткендер саны да олар- дан қалысар емес. Бірақ ортада баланың тағдыры бұлынғыр болатынына екеуі де бас қатырмайды. Бір-бірін түсінбесе ажырасуды жалғыз да дұрыс шешім деп қабылдайды. Қазіргі кезде барлық əлеуметтік желіде жүрегіңді елжірететін кішкентай баланың өгей анасы туралы əкесіне айтқан сөздері көпшілікті толғандыруда. Сегіз жасар баланың анасы қайтыс болады.

Уақыт өте əкесі басқа əйелге қайта үйленеді. Бірде баласынан «Балам, сенің бұрынғы анаң мен қазіргі анаңның қандай айырмашылығы бар?» деп сұрайды. Сонда қыз «Бұрынғы анам өтірікші, қазіргі анам шыншыл» деп жауап береді. Əкесі қайран қалып, егжей- тегжейлі сұрай бастайды. – Бұрын мен анамды ренжітсем, анам маған «Сен мені өкпелете берсең, саған тамақ бермеймін!» дейтін. Мен сонда да оны ренжіте беретінмін.

Ал, ол болса, мені ауылды шарлап іздеп жүріп, тауып əкеліп, тамақ жегізетін. Ал, қазіргі анамды ренжітсем «Егер мені ренжітсең, тамақ бермеймін» дейді. Сөзінде тұрды. Екі күн бойы аш отырмын. Бұрынғы анам «Енді жылама, жыласаң, далаға шығарып жіберемін» десе де жылай беретінмін, ал ол болса мені ұрмай-соқпай бауырына басып «Балам, жылама, қай жерің ауырады, кім тиісті?» деп еркелететін. Қазіргі анам «Жылама, жыласаң ұрам» дейді. Айтқанында тұрады, ұрады. Бұрынғы анам үнемі өз ыдысындағы етті маған беретін де «Сіз неге жемейсіз?» дегенімде, «Балам, мен етті жақсы көрмеймін» дейтін. Қазіргі анама «Менің ыдысымда неге ет жоқ?» десем, «Көп сөйлемей, тамағыңды іш, барлық адам етті жақсы көреді, еттің бəрін сен жесең, біз не жейміз? дейді», – деп жауап қатады. Əке, əсілі бұрынғы анам бəрін өтірік айтқан екен, ол да етті жақсы көретін сияқты ғой, иə? Əке, неге жылап отырсыз?..

Біздің мысалға алып отырған бұл оқиға бергі жағы ғана. Өгейліктің зардабын тартқан қаншама ұл-қыздардың өмірі ойран болуда. Соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқаны қаншама...

Əрине, өз ата-анаңның аялы алақанының жылуын ешкім де бере алмасы анық. Осындай оқиғаларды естігенде адамның қатігез болып бара жатқанына еріксіз қайран қаласың. Сондықтан əрбір ата-ана баласына тірідей жетім күйін кештірмес үшін отбасын берік сақтау қажет. Қандай қиындықты да біріге жеңе білу керек. Өйткені, баланы өмірге əкелгеннен кейін оны жетілдіру, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіру əрбір ата-ананың басты міндеті.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады