USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Мейіржан Әлібекұлы: "Жаһандануға қарсы иммунитет ретінде ұлттық байлығымызды көзір етіп алдым"

Фото: bolashaq.kz

Еліміздегі үздік дикторларды еске түсірсек, әсіресе, жастар қауымының ойына Мейіржан Әлібекұлы түсері сөзсіз. Бүгінгі қазақ көгілдір экранының жарық жұлдызына айналған оның сөз саптасы, сөйлеу мәнері, экран алдындағы еркіндігі, әсіресе, тікелей эфирді жүргізудегі шеберлігі журналист боламын деп талпынған жастарға үлгі. Бар білгенін іште бүгіп қалуды жөн көрмеген Мейіржан Әлібекұлы өткен айда іс- тәжірибесімен бөлісуге Семейге арнайы атбасын бұрған болатын. Семей қалалық Ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, "Қазақстан жастарын қолдау" Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен қолға алынған "Өнегелі тұлға" атты тағылымды жобаның қадірменді қонағы болған еді. Елорда- дан біздің жерге арнайы жастар үшін келген сыйлы мейманымыз танымал тележүргізуші, журна- лист, халықаралық "Шабыт", республикалық "Нұр-сұңқар" байқауларының лауреаты Мейіржан Әлібекұлымен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз

Семей жеріне атбасын алғаш бұрып отыр екенсіз. Рухани астанаға қош келдіңіз!

- Кәсібімнің арқасында жер-жаһанды аралап, көріп жүрсем де Семейге жолым түспепті. Халқына ұлыларды сыйлаған топырақтың аурасы ерекше. Семеймен мақтанамыз. Кейде бір шабыт қысатыны бар. Әуежайдан түскенімде бір шумақ өлең көкейден ытқып шықты. "Білімпаз ғой, еңбекқор ғой ғұрпынан, Құрт, қаймағы үзілмеген ұртынан. Амандастым "Ассалаумағалейкум" деп, Абай туған Семейімнің жұртына".

- Біздің өлке осындай. Сіздің туған жеріңіз, сіз шыққан орта жайында білгіміз келіп отыр. Журналистикаға махаббатыңыз қалай оянды?

- Батыс Қазақстан облысының Орал қаласынан 500 шақырым шалғайда жатқан кішкентай ғана Жәнібек дейтін ауданда дүниеге келгем. Ата мен әженің баласы болдым. Үлкендердің айтуынша, 5-6 сынып оқып жүргенде атамның жанында отырып алып жаңалық тыңдайды екенмін. Журналистикаға деген махаббатым қалай оянды дейсіз бе? Әлі есімде, 1998 жылы Францияда футболдан Әлем чемпионаты өтті. Сол кезде қазіргідей спутниктік каналдар жоқ, антенаны бұрап күйге келтіреміз де теледидарды быжылдатып көреміз. Содан бірде Алматыға қыдырып баратын болдым. Ауылдан алты қадам аттап шықпаған мен үшін бұл үлкен қуаныш болды. Осында футболды басынан аяғына дейін көруге мүмкіндік алдым. Содан бастап спорт журналисі болғым келді. Сыныптастарымды отырғызып қойып, өзімше футболдан репортаж жүргізетінмін. 1995 жылы "Хабар" телеарнасының дүрілдеп тұрған кезі. Алдыңғы буын журналист ағаларыма қарап еліктедім. Сосын атамнан "мен осы кісілердей бола аламын ба? Экранға мен де шыға аламын ба?" деп сұрадым. Атам "неге шыға алмасқа. Олар да сен сияқты ауылдың қарадомалақтары. Ол үшін сен кітаппен, газет- журналдармен дос бол" дегені. Содан бастап, тісіміз батпаса да Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сынды жазушыларымызды оқыдық. Тұрақты тіркестерді, әдемі синоним сөздерді менің кәдеме жарайды-ау дегендерді дәптеріме түртіп алып отыратынмын. Оның бүгінде үлкен септігі тиіп жатыр. 2011 жылы қарашаңырақ ҚазҰУ-іне оқуға түстім. Содан өзім түлеп ұшқан облыстық телеарнаға барып, жұмысқа тұрған күннің ертесінде тікелей эфирді жүргізуім керек болды. Алғашқы тікелей эфирдегі қобалжуымның өзі бір әңгіме (күліп). Екі сағаттық эфир екі ғасырға созылғандай болып еді. Облыстық газеттер, облыстық телеарналар - бұл үлкен мектеп. Онда ысыласың, төселесің. Қазір жастардың ойында бір мәселе "тамыр-таныс, көкең болса болғаны жұмысқа орналасуға болады" деген. Оны жоққа шығармаймын, ол да бар. Ахмет Байтұрсынов кезінде айтып кеткен екен "Білімі көптер емес, малы көптер билеген заман" деп. Ол да бар. Бірақ, білім мен тәжірибені ысырып қоюға болмайды. Ешқандай өзгенің сүйеуінсіз, көмегінсіз өз еңбегімен биікке шығып отырған таныстарым бар. Сондықтан білімге сеніңіздер. Рухани таязданып кеттік. Ғаламтордың шырмауы тағы бар. Ұпағымыз үшін қатты қорқамын. Үш бала тәрбиелеп отырмын. Ауылдың балалары бастарын ұялы телефоннан ала алмай отырғанда, қаланың балаларына не сорым. Рухани азбас үшін кітаппен дос болғанымыз абзал. Кітап - біздің рухани серігіміз.

- Бала Мейіржанның арманы не болды?

- Ауылда кешкілік жатып алып аспанға қарап, жұлдызды санап, иттің ырылымен, шегірткенің шырылымен "тележурналист болсам, репортер болсам, президентпен кездессем, футболдан Әлем чемпионатына барсам" деп қиялдайтынмын. Бұл маған ешқандай орындалмас арман болып көрінетін. Бір білгенім, пенде армандаудан еш қорықпау керек екен. Тағы да айтам, қызметімнің арқасында Елбасымен кездестім, футболдан Әлем чемпионатына бардым. Ол кездегі толқулар, қобалжулар естен кетпес сәттер ғой. Арман- даңыздар, армандай біліңіздер.

- "Журналистердің сөзі сұйылып барады" деген пікірге қосыласыз ба?

- Оны жоққа шығаруға болмайды. "Жел соқпаса шөптің басы қимыл дамайды". Телеарналарда да, басылымдарда да бір кемшілік - тіл тазалығының жоқтығы. Журналистердің сөзі қасаң, қарабайыр сөйлеуге әуестеніп кеттік. Телеарнаны қосып қалсаң "аталмыш, болып табылады, келуде, алуда..." сынды құлақ сасытқан жауыр тіркестер қаптап кетті. Бір бағдарламада "ел" деген бір сөздің сөзін бірнеше мәрте естиміз. Бұл - журналистер қауымының сөздік қорының аздығы, синоним сөздерді аз білетіндігіміз... Біздің тіліміз өте бай. Біз соны халыққа көрсетуіміз керек. Телеарна - тәрбие құралы. Сөз түзейді, ой түзейді. Тележурналистерге артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр. Көгілдір экранды жұлдыздар жаулап алды. Ондағы мақсат рейтингті көтеру. Бірақ, оның бәрі уақытша дүние. Бұл - үлкен қателік. Жұлдыздардың орнына неге сөзі түзу, сауатты, білікті, журналистиканы бітіргендерді алмайды. Жазып берген сценарийдің екі сөзінің басын құрап оқи алмай шатасып отыратын әншілерге рөлді беріп қойдық. Олардың тілі жұтаң әрі нәрсіз. Басшылық телеарнаны әншілер үшін халық көреді дегенді алға тартады. Келісерсіздер, бүгінде халық көрмейді, керсінше, сынап отырады.

- Егер сіз басшы болсаңыз ше?..

- Замана желінің қай жаққа соғарын білмейміз. Ал, егер де мен басшы болсам, алдымен, телеарнаны әншілерден тазартар едім. Мен телеарнаға газет журналистерін тартар едім. Газет журналистикасы, газет телеарнадан әрдайым биік тұрады. Өзім газет журналистерін қатты құрметтеймін. Өйткені, олар телеарна журналистеріндей емес, ізденеді, сөздік қазыналары өте мол. Қазіргі мына жаһандану заманында газетті де оқымайды деген сыңаржақ пікірлерді де құлағымыз шалып қалып жатады. Бұл дұрыс емес.

- Ақпаратқа деген талғамнан ада қалып бара жатқан жоқпыз ба?

- Үлкен кісілерді қойып, жастар ұмытшақтыққа шалдыққан. Бүгін танысқан адамның атын ертең есімізге түсіре алмай дал боламыз. Бұрынғының ата-әжесіне таңғалам, қисса- дастандарды жатқа айтып беріп отырушы еді ғой. Ондай ата-апа қалмады ғой қазір. Барлығы жаңалықты газеттен оқығаннан гөрі ғаламтордан оқи салғанды жөн көреді. Ал, ғаламтордағы жаңалықтар "Баян Есентаеваның соты", "91 тобының шашы" дегендей ұсақ-түйек, мардымсыз, дәмсіз, мағынасыз жаңалықтарға толы. Керексіз ақпараттарды оқи бергеннен кейін санамыз да керектіні сақтаудан қалады. Телеарнаны қосып қалсақ та "өлтіріп кетіпті, зорлап кетіпті, түрмеге қамалыпты, пара алыпты" деп журналист қуанышты хабарды жеткізіп отырғандай сүйіншілей айтады ғой, шіркін. Тағы сол, рейтинг жинаймыз деп қатыгездікті күніге насихаттап келеміз. Былайша айтқанда, қылмыстың схемасын сызып береміз. Ірі планмен өлікті, қанды көрсету де белең алды. Бұрын бұлдырлатып көрсететін еді. "Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" десе де, көрерменді ойлағанымыз абзал. Біреудің жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін, енді бірде аяғы ауыр әйел көріп, одан секем алуы мүмкін... Тек жақсы жаңалықтарды ғана қараңыздар деп айтпаймыз, ақпаратқа талғаммен қарап, сұрыптап тыңдаңыздар.

- Көгілдір экрандағы Мейіржанды халық біледі. Ал, үйде қандай отағасысыз?

- Гүлназ есімді жұбайым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Бала тәрбиесіне үлкен мән беремін. Бағана айтқанымдай, жаһандану жайлаған заманда баланың тәрбиесіне бей- жай қарауға еш құқымыз жоқ. Баланың тағдыры - ұлттың тағдыры. Балаларды қойып, үлкендер кітап оқымай кетті. Осы жаһандануға қарсы иммунитет ретінде ұлттық байлығымызды көзір қылып алдым. Ұлдарым тек Қобыланды батыр, Едіге батырдың ғана мултьфилмдерін көреді. Басында мәжбүрлі түрде көрсеттім, кейіннен сол мултьфильмдерді жақсы көріп кетті. Өрмекші адам, Бетмэн дегендерді білмейді. Тілдері шыға бастағаннан қазақша тақпақтарды жаттаттым. "Аю отыр партада..." емес, Қасым Аманжоловтың "Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені? Мен қазақтың баласы!" дегенді жаттаттым. Астанадағы балабақшаларда дені дұрыс тақпақ жаттатпайды екен. Балам балабақшаға барып ана тақпақты айтып жүргенде оны өзге ұлттың бір баласы жаттап алыпты. Міне, насихат! Балалардың миы таза кез. Үйреткеніңді тез қабылдайды. Әр отбасында осындай әдісті қолдансақ қой, шіркін. Ұлттығымызды насихаттайтын ұтымды тәсіл. Басты миссиям - балаларымды ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

- Диктор ретінде сіздің сөз саптасыңыз ерекше. Ол сценаристердің сөзі ме, әлде?..

- Журналистканы енді ғана бітірген, қолына табақтай дипломын жаңа алған жас маман атанбай жатып жұмысқа келісімен бірден телеэкранға шығып жұлдыз болғысы келеді. Яғни, дайын асқа тік қасық болып, "бірден жаңалық жүргізсем" дейді. Сонда біз оларға "сен алдымен қолыңа микрофонды алып, түсірілімдерге бар, сұхбат алып кел, стендапты қалай жазуды үйрен" дегенімізде кімнің қандай мұрат тұтқаны білініп қалады. "Мен микрофон ұстағым келмейді" деп намыстанады. Әсіресе, қыздар. Сол кезде ұрсып тастаймын. Бізде Ұлттық арнада тек қана тележурналистер отырады. Мәтінді өңдей алады, түзейді, күзейді, тізгіншінің сөзін де өзіміз жазамыз.

- Тікелей эфир сіз үшін...?

- Телеарналарда бағдарламалардың көбі жазылып алынады. Ал, жаңалық, саяси маңызды хабарлар тікелей эфирде жүргізіледі. Онда да тосын жайттарға тап болып, одан көрерменге білдірмей сытылып кетуді ойлап отырасың. Кейде, қарапайым сөздерге тілің бұралып қалып, оқи алмай қалып жатасың. Тікелей эфир деген - драйв қой. Осы тікелей эфир үшін журналистер жанкештілікке де барып жатады. Бірде студияда әріптесім Гүлназ Әлімгерей аяғы қан болып отыр. Сөйтсем тікелей эфирге асығып жүргенде баспалдақтан құлап жара- қаттанып қалған екен. Тікелей - эфир мен үшін өмір.

- Бүгінгі қазақ журналистері қандай болу керек?

- Біздің журналистерге бірлік керек. Әлеуметтік желілерде бір- бірімізді жерден алып, жерге салып, аяқтан шалып отырамыз. Бұл әдетті қоя да алмаймыз-ау деймін. Абай атамыз айтып кеткен көреламаушылық, аяқтан шалушылық, бақталастық дегендерден әлі арыла алмай келеміз. Ақпараттық саясат оғын атқылап жатқан кезде бізге бірігу керек.

- Біздің жерден қандай әсермен қайтып барасыз?

- Алғашында Семей жастары кездесуге шақырып жатыр дегенде іркіліп қалдым. Дегенмен де, мысы басады ғой. Семейлік группаластарымның тіліне, сөзіне қарап таңданатынмын. Солар арқылы Семейді таныдым. Түскі ас ішкен кафеде Абайдың кітабы төрде тұр екен. Соны көріп көңілім көтеріліп, бір марқайып қалдым. Семейдің әр үйінің төрінде ұлыларымыздың кітабы тұрғандығына сенімдімін. Рухани орданың жастары да жанып тұр. Мені сұрақтың астына алып, түтіп жеп қоя жаздады (күліп). Білімге құштарлықтары қуантты.

- Сұхбатыңызға рахмет! Халыққа айтар жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан Айжан ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады