USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Марғасқа жазушы, дарынды драматург

Рахымжан, дархан дарыным,

Атыраудай ерке арыным.

Бірге өскен асау жылдарда,

Рухының күшін таныдым, - деп Мұхтар Шаханов бастап, Шыңғыс Айтматов қостап: «Рахымжан – интеллектуалды қазақ прозасының XXI ғасырдағы озық ойлы өкілі» десе, Дулат Исабеков: «Рахымжанның шығармаларында қаншама кейіпкер болса – соншама қайталанбас ғажайып образ бар» деп баға берді. Абыз Әбдіжәміл Нұрпейісов те «Рахымжанның әр жазғаны жүрекке шабар шындық» деген екен. Бұл пікірді әрісі академик Зейнолла Қабдолов, берісі Смағұл Елубаев сынды мықтылар қуаттап, қостағандар қаншама.

Міне, ұлт зиялыларының ақ батасына бөленіп, 60 деген асқартауға аман жетіп, қазақ тілді оқырманды ғана емес, шетелдіктерді де мойындатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Айтматов» академиясының академигі, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев таяуда жастық шағы өткен Ақ Жайығына арнайы соғып, көз көрген игі-жақсыларға сәлем беріп кетті.

23 қараша күні облыс әкімі Алтай Көлгінов танымал тұлғаны арнайы қабылдап, иығына шапан жауып, қаламгерге зор қошемет көрсетсе, ертесіне өзі білім алған бұрынғы Орал пединституты, қазіргі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Қазіргі әдебиеттану, тілтану мәселелері және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев шығармашылығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны жоғары деңгейде өткізді. Аталмыш университет ректоры, академик Асхат Иманғалиев «Дарынды жазушы Отарбайдың Рахымжанына осыдан 10 жыл бұрын Атырау университетінде ректор болып тұрғанымда «Құрметті профессор» тәжін өз қолыммен кигізіп едім, енді, міне, алпысында «БҚМУ-дың Құрметті профессоры» атанып, жанымда тұр. Сен жетпіске жеткенде осы жақсылық үшінші бір университтетте жалғасын тапқай» деді зал толы қауымға ду қол соқтырып. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, Жайық жұртшылығы атынан Алғыс хат табыс еткен ғылыми шара бірсарынды баяндамадан гөрі, жылы шырайлы естелікке, тұшымды әңгімеге толы болды.

«Текті сөздің киесі» атты бейнебаян төрден жарқырай көрініп, жазушының бұған дейін жүріп өткен жолдарынан сыр шертілді. Қолына қалам ұстап, табиғатынан киелі өнерге жаратылған жайсаң ұл о баста талай марғасқалармен жүздесіп, орталарын толтырыпты. «Баталы ұл арымас» деген, талай дуалы ауыздан жылы сөз естіп, үміт арқалаған Рахымжан Отарбаевтың мерейлі жасқа том-том кітаптарын арқалай жетуі заңдылық іспетті. Бұл жөнінде бірінші болып мінберге көтерілген «Ақ Жайықтың – Ақ Шағаласы» Ақұштап Бақтыгереева да жақсы айтты. – Жазушы ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен ерекшеленеді. Ғасырлар қойнауынан Бейбарыс сұлтанды, Мұстафа Шоқайды, Шыңғыс ханды, Жәңгір ханды суырып алып, драматургия тілімен сөйлету ерлікке тән. Бала боп кеткен жеріне дана боп қызмет ету, балам деген ұлтқа данасы боп қызмет ету – тағдырдың сыйы. Бүгінгі таңда, жалпы адамзатқа не керек? Бірнеше мамандық керек жастарға. Бірақ, барлық мамандықтың басында бірінші тұратын нәрсе – ұлттық тәрбие мен ананың бесіктен сыйлаған, атаның қалдырған ұлы сөздері. Әдебиеттен басталған тәрбие барлық мамандықты игереді, – деген ақын апамыз жазушымен жүздесу, жазушыны көру үлкен құбылыс екенін, бүгінгі күннен жастардың көкірегінде көп сәуле қалатынын жеткізді. – Туған жер үмітін арқалап, ұлттың алдындағы үлкен борышты өтеп жүрсің, айналайын! – деді бұдан соң кеш иесіне қарата: – Сенің тойың Түркияда, Батыста, Шығыста, Оңтүстікте, Астанада! Сен Қырғызда да сүйіктісің! Сен Қытайда да сөйлеп жатсың! Сенің мәртебеңе ұшқан ұяң мен біздер қатты қуанамыз. Самғай бер, қанатың талмасын, қаламың қолыңнан түспесін, – деді Ақұштап ақын.

Қашан да шәкірттерімен мақтанатын ардагер-ұстаз Меруерт Жолдықайырованың осы кеште қуанышында шек болмады. Бұған себеп – Рахымжан Отарбаевқа куратор болуы. 1973 жылы Гурьев облысының Теңіз аудандық орта мектебін бітіріп келген бозбала Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті, яғни, филология факультетіне оқуға түсіп, студент болады. – Сол жылғы түскен топқа кафедра мені куратор етіп тағайындады. Топта 21 қыз бала, 4 ер бала болды. Төрт жігіттің үлкені Шайхолла, мінекей, қасымда тұр деп, Меруерт апай өзімен сахнаға ере шыққан бөкейордалық азамат Шайхолла Елемесовті, қаратөбелік Моряк Фазылғалиевті, атақты Сәкен мектебінің мұғалімі Көшербай Төкестайды көрсетті. Ал төртіншісі төрде отырған сыйлы қонақ Рахымжан Отарбаев болып шықты. Әрқайсысына студент кездегідей «5» деген баға берген Меруерт апай: – Осы төртеуі куратордың оң қолы. Студенттердің ұйымшыл болуына, жақсы оқуына, бір-біріне қамқоршы болуына жанын салды. Ал Рахымжан өлең, мақала жазатын. Көп оқитын, киноға көп баратын. Оны ұстаздары көп мақтайтын. Осындай қасиеттерімен есімде қалды. Мұғалімдер Рахымжанның кей сабақтарда өлеңмен жауап беретініне таң қалушы еді. Жаратқан адамға үш жастық шақ сыйлайды екен. Біріншісі – өз жастық шағың. Екіншісі – шын махаббатқа жолыққаның. Үшіншісі – 100 жасқа толғаның. Екеуінен өттің. Енді үшіншісінен де аман-сау өт, – деп тоқсаннан асқан кейуана бір кездегі шәкіртіне, бүгінгі танымал тұлғаға алақанын жайып батасын берді.

Бұдан соң сөз алған танымал жазушы Мереке Құлкенов мерейтой иесінің «Із» деген әңгімесін айтып, көпшілікті ұйытты. – «Із» – Жұмекен Нәжімеденовтің жалғыз тұяғына арналған әңгіме. Жалғыз ұлы соғысқа кетіп бара жатқанда әкесі сорға апарып, аяғының ізін салдырып, қазанмен үстін жауып қояды. Рахымжан айтып тұрған бұл деректі оқиға еш жерде жоқ. Жұмекеннің де кітаптарынан іздеп таппадым. Сонда түсіндім. Ол жазушының көркем шындығы екен. Осы әңгіме жұрттың бәрінің аузында жүрді. Өмір шындығы ешқашан әдеби көркем шындық бола алмайды. Ал әдеби көркем шындық ол өмірдің шындығына айналып кетеді. Жазушының құдіреті осында! Кішкентай бір детальды өзінің көкірегінен, қиялынан шығарып, өмірдің шындығын жасап отыр. Әкенің балаға деген бұдан артық қандай махаббаты болуы мүмкін? Рахымжанның сол кішкентай әңгімесі классикалық әңгімелердің қатарына қосылды. Ол қазақ әдебиетіне бүкіл қаламгерлер секілді журналистика арқылы келді. «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде редактор Шерхан Мұртаза тапсырма берді. Қызылордаға барып, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген циклды мақалалар жазды. Қаламының құдіретін сол кезде байқадым. Қазақ публицистикасының үлкен тұлғасы болып көріне бастады, – деп жазушының жазу стиліне, сөзге сәуле мен бояу түсіретін керемет ерекшелігіне тоқталды.

Республикалық конференцияның модераторы, профессор Абат Қыдыршаев, ғылым кандидаты Рита Сұлтанғалиева Отарбаев шығармаларын терең зерттеп, баяндамаларына арқау етті. Сонау Сырым ауданының Бұлан орта мектебінен әдебиетке құштар бір топ шәкірттерін алып Ләйлі Науайқызы келді. Отарбаев әңгімелерін жаттап алған бұландық және оралдық оқушылар әр образдан үзінді оқыды. Үш топтан тұратын секциялық жұмыстар жүзеге асты. Мұның бәрі Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Талантты тірісінде бағалап», абыройын асқақтату.

– Рахымжан Атырау өңірінің тумасы емес, қазақтың маңдайына біткен дарынды драматург. Қазақтың Рахымжаны. Біздің университеттің түлегі, – деп тілегін бастады БҚМУ ректоры, академик, профессор Асхат Иманғалиев. – Кураторы Меруерт апайдың студентін қалай мақтайтынын біле тұра, кеше мен Рахымжанның сынақ кітапшасын тауып алдым. Тілеужанов, Әбуханов, Ақмурзин, Жолдықайырова баға қойған қолдарын көрдім. Шын мәнісінде Рахымжан өте жақсы оқыған екен. Рахымжанның классикалық туындылары қара еңбегінің арқасында келді. Бағасын алып жатыр. Анкара қаласында екі кітабының тұсауы кесілді, – деп Асхат Сәлімұлы жазушының бір кездері Ұлттық кітапхананың бас директоры қызметін абыроймен атқарғанын, астаналықтардың мойындайтынын, қандайма құрметке лайық екенін айтып, университеттің 2016 жылғы ғылыми кеңесінің шешімімен Рахымжан Отарбаевты «БҚМУ-дың Құрметті профессоры» етіп қабылдап, куәлік билетін табыс етті.

Көңілді жарып шыққан ізгі тілектер одан әрі жалғасып, ақын досы Аманкелді Шахин: – Рахымжанды жас күнімізде текті, талантты ақын болады деп күткенбіз. «Оң қол», «Әке сөзі» деген өлеңдерін сүйсініп оқушы ек. Даусы да ерекше еді. Радиода диктор болды. Облыстық газетте жұмыс істеді. Шығармалары тегеурінді ол Шыңғыс ханның көзінен жас шығарды. Жәңгір ханды жаңа ұлттық тұрғыдан, оң көзқараспен танытты. Бейбарыс Сұлтанды арамызға әкелді, – деп үзеңгілесіне арнаған өлеңін оқыды.

ТҮЙІН: Сонымен екі күн бойы қаламгерін қадірлеген Ақ Жайық Отарбайдың Рахымжанына қара бастың амандығы мен тіл-көзден ада болуын тіледі. Білім нұрын сепкен байырғы ордасына жазушы да жиын соңында ағынан жарылып ризашылығын, көкейдегі ойын бүкпесіз айтты. Әсіресе, алдыңғы қатарда отырған кураторы Меруерт Жолдықайыроваға жылы шыраймен еркелей даусын созып: – Алпыс, алпыс десе не шаруаларың бар деуші едім. Кейін мойындап, өзім айтатын болдым алпыс деп. Үйренбеген жасымыз ғой, осалдығыңды, кемшілігіңді айтып тұрғандай сезінуші ек. Енді, міне, жаңа ғана сіз сөйледіңіз, апа! Ұстазым менің тоқсанның төріндегі! Енді өзімді жас сезініп тұрмын. Сіздің қасыңызда менің жасым ойнақтаған лақтай екен ғой, – деп зал ішін ду күлдіртті. Сосын: – Дүниенің біраз жерін араладық. Біраз тілде кітаптар шықты. Пьесамыз қойылды. Анау Каирда «Бейбарысты» қойған. Олармен де кездескен сәт болды. Мереке аға куә, Қытайша төте жазумен кітабым шықты 2007 жылы. Үлкен кездесулер өтті. Анкарада «Ақ көбелектер» деген 18 әңгімеден тұратын екі әңгімелер жинағым. «Бас» деген романымды түрік тілінде Түркия елі шығарып, зәулім-зәулім сарайларда тұсауын кесті. Мен қазақтан сөз сұрамайтын адаммын. Әшекей сөзге жоқпын. Толқымаймын. Талай халықтың алдына шыққам. Бірақ екі мәрте шығып тұрмын осы араға Асхат Сәлімұлының шақыруымен. Мен осы жерге келгенде қатты толқимын. Неге? Мен 17 жасқа толмай осында ендім. Ұстазымның алдында әлі баламын. Сол бала көңілмен толқимын. Мына зал зәулім дәрісхана болып көрінетін. Осы зал, осы көрермен, осы сахна мен үшін қасиетті, қымбат. Неге десеңіз, менің балалық шағымды, арманмен алысып жүрген шағымды көз алдыма алып келеді. Сол үшін де сіздерге рахмет. Сол үшін де сіздерге тағзым дегім келеді. Кешеден бері мені облыс әкімі бастаған азаматтар қарсы алып жатыр. Осы кездесудің бәрін ұйымдастырып отырған ұжымның басшысы, академик Асхат Сәлімұлы сізге мың сан рахмет, – деді жазушы қыр мұрнына қарай толқындай төгілген «тентек» бұйра шаштарын күректей қолымен шалқайта қайырып қойып. Сөз саптауы бөлек, өзін еркін ұстайтын қаламгермен көзбе-көз кездес-кен үлкен-кіші оқырман кештен рухани ләззат алып, «Жәңгір хан» қойылымын көру үшін қазақ драма театрына бет алды.

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА,

Суретке түсірген

Рафхат ХАЛЕЛОВ

Мереке ҚҰЛКЕНОВ жазушы-баспагер:

– Рахымжанның көп жазушыдан артықшылығы, «бір жазушы пойызға мінді» деп жазуы мүмкін. Рахымжан «пойызға өрмелеп шығып бара жатыр» дейді. Қазір драматургияға еңбек сіңіріп жүр. Драмаға керегі – тіл. Тілі жоқ драматургия – драматургия емес. Халықтың алдына шыққан адам актер бейнесіне кірген кезде айтатын ойы, сөзі дұрыс болуы керек. Ол сөз адамның жанына, жүрегіне жетуі керек. Тағы бір артықшылығы – өте еңбекқор. Қай кезде уақыт тауып жазып жүр деп таң қаласың. Драматургияға қоса, қазір роман жазу үстінде. Рахымжан әлем оқырмандары мойындаған шын талант иесі.

Шайхолла ЕЛЕМЕСОВ, студенттік досы:

– 17 жасқа тола қоймаған Рахымжан арамыздағы кенжеміз болатын. Дарынды адамның жас күнінде бір белгісі болмауы мүмкін емес. Кейін ойласақ, белгілері болған екен. Күзгі семестрді ертерек тапсырып ауылына кетті. Сабағы ілгері болатын. Ол кезде жетінші ноябрь жан-жақты тойланатын. Осы мейрамға ауылда атшабыс болып, Рахымжан ат қосыпты. Бәйгеден аты бірінші келіпті. «Атым бабында екен. Айналымында ортадан жоғары ұзақтау болды. Бірінші орын алды» деп айтып келді. Тұлпарды тұяғынан тану – үлкен ғанибет. Жазушылық талаптың белгісі осы болса керек.

4-курста жас ақын-жазушылардың жиынына қатысты. Қай қалада екенін білмеймін. Сонда Ілияс Есенберлинмен бір бөлмеде болғанын, кішкентай ақ шашты шалдың кім баласың деп сұрағанын, содан бірге отырып әңгіме айтқанын бізге айтып берді. Сол кездер Рахымжанның осындай дәрежеге көтерілуіне бастау болды ма деп ойлаймыз. Елге танымал Рахымжанның кітаптарын қызығып оқып жүреміз.

Ұқсас сілтемелер:
25 Қараша 2016, 15:15
Қаламы жүйрік жазушы
08 Қараша 2016, 14:24
Дарынды Дана
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады