USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Маңдай термен келген табыстың киесі ұрмасын

Фото: onlinegamblinggamessites.co.uk

Көптен көріспеген құрдасымды кездейсоқ жолықтырған едім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі әңгімеміз бүгінгі жасап жүрген тіршілігімізге қарай ойысты. Танысым өзінің «олимпке» ақша тігіп, мол олжаға кенеліп жүргенін маған мақтанышпен жеткізді. «Олимп» деп отырғанымыз соңғы уақытта шыққан құмар ойынның бір түрі екенін, үлкен кісілер жағы онша біле бермеуі мүмкін. Ендеше мән-мағынасына тоқтала кетсем. Үлкен қалалардағы букмекерлік кеңселердің жанынан жасыл, қызыл жолақты билбордтардағы спорттық суреттерді кезіктіріп жүрген шығарсыздар. Сол осынау құмар ойынға жасалынған жарнама деп ұғыныңыз. Ондай дүниелердің біздің ауданымызға жеткеніне де біршама уақытқа аяқ басты. Есін білген баладан, жігіт ағасына дейін соның айналасында десек артық айтқандық емес. Бұл бұрыннан қалыптасқан бәс тігудің сәл өзгерген яғни заманға бейімделген түрі дегенге саяды.

Мәселен, ит таласын тамашалап отырып «қазақы төбеттен немістің сары овчаркасы басым түседі немесе аламанда күреңтөбел тұлпарды бозқасқа ат шаң қаптырады» деген алдын ала жасаған болжамыңыз сыңайлы. Ал қазіргі таңда осындай ойындардың ішіндегі ең танымалы да, жастардың көп бәс тігетіні де әлемдегі бірінші ойын саналатын футбол болып тұр. Аяқдопшылардың ойынын қарап отырып «мына футболшы осы ойын барысында мынандай уақытта қарсылас командаға гол салады» деген жорамалыңыз дөп шықса «қанжығам майланды» дей беріңіз. Бұл жүзіктің көзінен өтетіндей кейбір пысақайлар айтатын «елу берсең жүз аласың, кемпір берсең қыз аласың» деген әжуәлі сөз тіркесін еске түсіреді.

Алайда «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген де барын ұмытпаған жөн. Әлқисса. Сонымен әр ойында қай команданың ұтып, кімнің қай уақытта жеңіске жететінін алдын ала біліп отыратын білгіштер де кездесіп жатады. Жуырда мен сондай білгіштің бірімен ойда жоқта таныстым. Туысымның үйіне қонаққа барғанбыз. Сол шаңырақтағы ағайым ұялы телефонына көз жүгіртіп отырып: «Бүгін футболдан екі танымал команданың арасында жарыс өтеді. Соған байланысты маған Атыраудың бір мықты бәсқұмарынан болжам келіп отыр.

Осы ойынға бес мың теңге салсаң 95 мыңдық ұтысқа ие болады екенсің. Ол үшін алдымен оның берген банкомат нөміріне екі жарым мың теңге салуымыз керек», – дегенді айтты. Кім жетісіп жүр дейсіз? Ойланып қалғаным жалған емес. Алайда санамның түкпірінен «олай болмаса ше?» деген күмәнді сауал жалт берді. Ұзақ ойландым. Ақыры алғашқы салатын ақшаны екеуміз бөліп шығарамыз деген мәмілеге келдік. Бірақ маған сол қаржыны табудың ыңғайы келмеді. Бойымды «Әттеген-ай, орайы түсіп бәс тігіп жібергенімде аяқ астынан мол олжаға кенеліп қалар ма едім?» деген өкініш те биледі. Ертеңіне кешегі туысым хабарласып: «Кеше бәс тікпегеніміз жақсы болды.

Бір танысым «болжамшының» банкомат нөміріне мол аламын деген сеніммен қомақты ақша салған екен, болжамы қиыс кетіп, қаржысы желге ұшыпты. Не істерін білмей күңіреніп отыр», – деп сөзін бітірді. Мен үнсіз қалдым. Болжам жасап, ұтысқа кенеліп жүргендер де жоқ емес. Десе де ілуде біреу ғана. Әлемде букмекерлік кеңселер арқылы табысқа кенеліп отырған жандар тіпті елдер де бар екен. Дегенмен маңдай терің сіңбей келген дүниенің қайыры аз боларын ұмытпайық. Құмар ойынның кесірінен жиған-тергенінен айрылудың соңы ұрлыққа, қылмысқа ұрындырған жандар қаншама. Қарызға белуарынан батып өмірден түңілгендер ше. Қызбалықпен көрінгенге жем болып, жалақысын тұтастай тігіп жіберген өрімдей жастарымыздың қылығын қалай түсінуге болады. Табан астынан пайда табам деп жүргенде маңдай термен келген табыстың киесі ұрмасын. Ойланайықшы...

Есет ТАБЫНБАЕВ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады