USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Құлазыған бейбақты қурай екен жұбатқан…

«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ғасырлар бойы тартпаған азабы бар ма еді, сыбызғының мұңлы дауысы, зарлы үні үшін де осы аспаппен халқымыз мұңдас болған секілденеді. Көнекөз көптеген күйшілерден естігенімде сыбызғының алғаш туындаған тарихы былай екен: Әлділер әлсізді басынған зар заманда, ерте-ертеде бір қарау бай болыпты. Сол қарау бай қаптаған қалың малын панасыз екі жетім балаға бақтырыпты.

Екі баланы елсіз, шөбі шүйгін, суы мол бір иен тауға алып барып малымен тастап, өзі сыртынан бақылап жүреді екен. Екі бала малдан көз жазса байдың заһары қатты, күндіз жалаңаяқ, жалаңаш қалың қойдың екі шетінде тыздақтаса, түнде боран мен бөріден қорқып кірпік ілмей күзетеді. Бір тоқтысын қасқыр тартып кетсе де байдан таяқ жейтін бейбақтар амалсыздан осылайша бейнет шегіп жүре беріпті. Екеуі есейіңкірей келе кішірегі күндіз қой жаяды екен де, ересектеуі лашығын жөндеп, отын-суын дайындап, тамақ істеп, екеуінің киім-кешегін жамап-жасқап, түнде қой күзетеді. Күндердің бір күні кішісі қойын шалқар төске беттете қаптатып, тастың үстіне отыра кетеді. Отырғанда не істейді, тағдыр тәлкегімен дүниеден аттанып кеткен әкесі мен шешесін сағынады, өз үйі-өлең төсегі, қара күркесін сағынып сәби көкірегін шер кернейді. Оның сырласы жел ғана. Осылайша ойға шомып отырғанда ызылдаған бөтен бір дауыс естіледі. Дауыс қырат жақтан шыққанын аңғарады. Құстың я аңның дауысына ұқсамайды, ұры-қары бірдеңе болар деп зыр жүгіре қойдың шетін қайырып, басқа жаққа бұрып кетеді. Бір емес-ау бірнеше күн бұл маңға малын жуытпаса да және бірде әлгі жайылымға қайта алып келіп құлақ салса ызылдаған дауыс тағы да әнге басады. Қасқыр емес, ұры емес. Мықтаса қарау байдың қатты таяғындай шығар тәуекел, не болса да әуселесін көрейін деп бала тыңдай-тыңдай әлгі дауыстың «иесіне» қарай бірте-бірте жақындайды. Ызылдақты сонда ғана көреді. Ол не дейсіз бе? Иә, ол аң мен құс та, ұры қарақшы да емес, басындағы бүрі мен жапырағын мал жеп кеткен сары қурай болып шыға келеді. Бала таң қалады, жаны бар ма, жоқ. Аузы, мұрыны бар ма, жоқ. Дегенмен жел үдеген сайын дауысы қаттырақ шығады, жел басылыңқырағанда бәсеңдейді. Бірақ адамның еңірегеніндей, өксігеніндей аянышты үн шығарады екен. Дауысты тыңдай отырып жетімнің шері қозғалып, өзі де еңіреп алады. Мына қурай жансыз болса да балаға үн қосып екеуі қатарласа аңырайды. Жападан жалғыз қой жайғанда ермек ғана емес-ау, өзіне мұңдас серік тапқанына қуанады байғұс бала. Осыдан былай іші қуыс, басы шолтиған сары қурайдың қасына күнде келіп ән қоса мұңдасуды әдетке айналдырады. «Домбыра-шаттыққа, сыбызғы-мұңлыққа» деп кариялар бекер айтпаған ғой. Бірақ қураған қурай түгіл тау екеш заңғар таудың өзі мүжіліп тозбас па, әлгі әндеткіш сары қурайды бір күні мал сындырып, жегенін жеп, ұзындау бір бөлігін орнына тастап кеткенін көрген бала қатты өкінеді. Жан жолдасынан айырылып жапа шеккендей қапалана отырып, сынған қурайды қолына алса қурай тағы да ызылдаған секілденеді. Сөйтсе бұл қурайдың қуыс жағы желдің өтіне қарағанда үн шығаратынын енді біледі. Қолға алып, кейде белге қыстыра жүріп, желге үрлетіп дыбысын тыңдаумен болады. Сөйте келе үп деген жел жоқ тымық күндерде ерінге төсеп адам үрлесе де дыбыс шығарады екен, бала қатты қуанады. Тіпті ауызбен үрлеп нендей бір ойды осы дыбыспен жеткізуге болады екен. Бала қауып-қауып, аузын желге толтыра қатты-қатты үрлегенде тіптен керемет дыбыстарды неше түрлі нақышпен шығарады. Қырық құбылған сол мұңлы дауысқа елтіп, онымен үн қоса өзі де еңіреп есі кеткен бала байғұс сол күні күннің батып, түннің болғанын да аңғармай қалыпты. Әйтеуір өз еркімен қосқа бет алған қойының соңынан ере беріпті, ере беріпті. Бұл аспапты бастапқы «сызылғы» деп атаған екен. Талай заман өткенде біздің қазақ түндікті «түңілік» деп сөз ләміне қарай сәл бұрып атайтыны секілді сызылғыны «сыбызғы» атандырған. Сыбызғының күйін тыңдай отырып бастан кешкен қасіреттерін еске алып егілетін бұрынғы ақсақалдар. Сыбызғыны қой жайған қойшыдан туған өнер дейтіні осы аңызға дөп келеді.

Құсман Мақмырзаұлы Яхия тегі

Қытай Халық Республикасы

urker.kazgazeta.kz

Ұқсас сілтемелер:
02 Желтоқсан 2016, 18:23
ҰҚСАЙДЫ ЕКЕН ЖҮРЕККЕ...
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады