USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Көне сөздер қолданыстан шығуда

Фото: www.cablook.com

Қазақ – қашанда айтар сөзін бағамдап, мың ойланып мəміле жасаған халық. Содан болар, ел арасында сөзге шешен, тілге жүйрік адамдар көп болған. Ойындағысын мың құбылтып жеткізіп, теңеу арқылы астарлаған. «Сөз – ойдың дыбыс түріндегі бейнесі» дейді білетіндер. Қай жерде қалай көсілуі қажеттігін білген бабаларымыздың көркем ойдың иесі болғанына дау жоқ.

Қазақ бір құбылыстың бірнеше өзгерісіне жеке атау берген. Əсіресе, ұлы даланың ұландары атанған көшпелілердің табиғат пен төрт түлікке қатысты қолданыстарынан осыны анық аңғаруға болады. Дегенмен, өмір сүру қағидалары өзгерген соң көптеген сөздердің мағынасы біздер үшін күңгірт тартты. Оларды біріміз түсінсек, біріміз мəн бермейміз. Ал, кейбірінің түбін білмесек те, жатталып қалған қалпымен қолдана береміз. Негізі кейінгі буын түсіне бермейтін тіркестер көбіне халық əндерінде ұшырасады.

Ел арасында кең танылған «Ақ дариға» өлеңінде «Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі, Айтайын мен бір сөзді күлдіргелі» деген жолдар бар. Осындағы бүлдіргелі сөзінің мағынасы атқа мінбеген, қамшыдан алыстаған біраз қазақ үшін көмескі көрінетіні рас. Темір тұлпарға үйренген бүгінгі ұрпақ əлгі сөзден бір нəрсе бүлдірейін деп жатыр деген мағына түсінетіні анық. Бүлдірге деп қазақ қамшының сабынан білекке ілінетін бауды атаған. Ел арасында осыған орайлас «бүлінген елден бүлдірге алма» деген мақал қалған. Сонымен бірге, кейде таң қалғанда «мəссаған, безгелдек» деп келетін тіркесті де ұшырастырамыз. Бірінші сөздің көңіл- күйді білдіретіні түсінікті. Ал, екіншісінен нені ұғуға болады? Сөйтсек, безгелдек дегеніміз құстың атауы болып шықты. Дуадақтың бір түрі осылай аталады екен. Өзі жылдам қозғалады, екпінді, түзу сызық жасап шарықтайды.

Адамның ішкі сезімін осы құстың қимылымен ұқсатқандықтан, таңырқағанда ауыздан еріксіз шығатын сөз екен. Бір сөзбен эмоционалды реңкке боялған атау болып отыр. Қазақ қасиет тұтатын ұғымдардың бірі – бата. «Батасыз ел арымас» деп жақсы тілектің жан азығы болатынын да айтып кеткен. Бата бүгінде қазақтың өз сөзіне айналғанымен түбі араб сөзі дейді мамандар. Құранның кілті, қасиетті кітаптың ең алғашқы сүресі фатихадан тамыр тартқан. Тек кейін дыбыстық өзгерістерге ұшырап, қазіргі қалпына түскен. «Фатиха» – «фатеке» – «бата» болып айналған. Бата – адал ниеттің, ақ көңілдің, шын жанашырлықтың белгісі. Құранда сөз басы фатиха сүресі болғандай, əрбір істі жақсы ниетпен бастап, ақ жол тілеу де осы батадан басталады. Дінмен енген тағы бір сөз – момын. Бұл арабтың мұсылман мағынасын білдіретін мүмін сөзінің өзгеріске ұшыраған сипаты.

Қазақ жуас адамды момын, биязы деп жатады. Ал, шын мұсылманның ешкімге зияны болмайтыны, тақуалықпен күн кешетіні осыған саяды. Кейбір жерлердегі диалектілердің де шығу төркіні қызықты. Мысалы, бір ұғымға қолданылатын, бірақ, айтылуы əртүрлі бөкебай, шарқат деген сөздер бар. Енді осының түбіне көз салып көрейік. Бұрын тілдік заңдылықтар сақталып тұрғанда даламызға келген кез келген атау қазақылығынан айырылмағанын осыдан аңғаруға болады. Бөкебай орыстың «пуховый» сөзінің түрленген кескіні. Ал, шарқат парсы тілінен енген. Оның түпкі мəнінде «шар» төртбұрыш, «қат» жақ дегенді білдірген. Яғни төртбұрышты жамылғы. Сондай-ақ, кішкентай балаларды тыйып тастағанда айтылатын жүгермек сөзі көне түркіден қалған мұра екен. Бұрын бұл жігіт мағынасында қолданылған. Бұл сөздердің кейбірі қазір қолданылса, кейбірі жадымыздан өшіп барады. Əрине, оған өмір сүру салтымыздағы өзгерістер əсер етуде. Алайда, көне сөздерімізді жауапкершілігін арта алатын жаңа ұғымдарға телісек, сөздік қорымыз одан əрі молая түсері анық.

М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады