USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Тірісінде ата-ананың қадірін біл

Қазақ атамыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп ақсақалды ата мен ақ самайлы əжесі бар үйдің берекесі мықты екені айтатын. Мұндай отбасының алынбайтын қамалы жоқ деп түсінетін. Олардың өмір тəжірибесінен қорытқан асыл сөздері мен таза пейілінен шыққан ақ батасы бере- ке əкелетін. Дегенмен, бүгінгі қоғамда ата-ананың қадірін түсінбей жүргендер де жетерлік. Кім де кім болсын өзінің өсірген ұл-қыздарының қызығын көргісі келеді. Келіннің қолынан шəй ішіп, немересімен ойнап-күліп ата-əже атанып отырған қандай жақсы. Алайда, жалғыз анасын сыйдырмай, көше жағалауға мəжбүр ететіндерді де көзіміз көріп жүр.

Раушан апа кешкі уақытта біздің үйге тағы келді. Күнде осылай келіп, теледидар көріп, ата-анаммен емен-жарқын əңгіме айтып кететін əдеті бар. «Өз балаларың өзегіңнен тепсе, жетімнің күйін кешесің» деген рас екен. Ұлдары мен келіні жақтырмаған кейуана қыздың үйіне қалай сыйсын. Əйтеуір жан бағып, тіршілік етуде. Раушан апа үш қыз, үш ұлды дүниеге əкелген. Құдай қосқан жан-жары ертерек дүние салды. Жалғызбасты ана алты баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, əлпештеп өсірді. Ал, бүгінде ұрпақтарының қолынан ыстық тамақ та іше алмай əр үйде бір түнеп жүрген жайы бар. Отбасының жылуы…

Осындай оттай ыстық ұғымда қанша мағына, қанша сезім бар десеңізші. Ол осы жылуды балаларынан сезіне алмағанына іштей күйінеді, жүрегі қан жылайды. Жасы 60- тан асқанда «балаларыма сыймай сергелдеңге түсемін» деген ой Раушан əжейдің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар-ау.

– «Күн батпаймын дегенге кеш қоймайды» дегендей Алла өмір берсе, қартаймайтын ешкім жоқ. Балаларымда осы жасқа келер. Сол кезде түсінер, бəлкім. Бірақ, олардың жылағанын көргім келмейді. Жақсы тəрбие бере алмадым ба деп те өкінемін. Ұлдарымның үйіне басам, «анам келді» деп қуанғандарын көрмеймін, немерелерімнен алшақтатады. Тəп-тəтті балғындардың бетінен сүйіп емірене алмағаным жаныма батады. Қартайғанда көргенім осы болды. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын. Бар уайым жанымды жегідей жеп барады. Өзім айықпас дертке шалдыққанмын. Ота жасау керек дейді дəрігерлер. Емделейін десем, жиған-терген ақшам жоқ, – деп кемсеңдейді шарасыз қария.

Иə, қай-қайсымыз да қартаямыз. Ол – өмір заңы ғой, оны ешкім де аттап өте алмайды. Алайда, төрінен көрі жақын қалған кезеңде өзіңнің бауыр етінен жаралған қайырымсыз ұл мен қатігез қыздың қара ниетін көріп жүрген қарияның жағдайы алаңдатады. Сергелдеңге түскен ол кісіні көргенде қолда бар ата- анамыздың қадірін түсінсек қой деген ой сананы сан мəрте сыздатады. Иə, күні кеше еңбектеген баланың заманында еңкейген қарияға айналары ақиқат. Өнегелі елдің ұрпағы қазынасын күн сайын құрметтейді. «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген сөз бар. Осыны дəстүрге айналдырған еліміздің тарихында əке-шешесін қарттар үйіне, далаға тастау деген əсте жоқ еді. Қазіргі таңда «Қарттар үйі, жетімдер үйі бар, соларға қамқорлық етіп жатырмыз» деп мəз болудамыз. Бұл – біздің мақтанышымыз емес, құлдырауымыздың белгісі. Осыны бүгінгі заманның ұрпақтары түсінуі қажет. Халқымызда: «Ақсақалы сиреген ауылдан ар- иман қашады» деген қанатты сөз бар. Сондықтан кез келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тəрбиелегеніміз жөн болар. Қарттар үйінде қарны тоқ болатын шығар. Алайда, көңілдің тоқтығы мүмкін емес...

Айтолқын АЙТЖАНОВА.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады